Жамбыл вагон пайдалану депосының Тараз стансасындағы техникалық қызмет көрсету пунктінің шебері Ермек Қилыбаевтың теміржолшы болғанына 42 жыл. Оның соңғы 34 жылын үздіксіз Жамбыл вагон пайдалану депосында өткізіп келеді. Әкесі де теміржолшы, Арыс вагон депосында 39 жыл вагон қараушы болып еңбек еткен. Бүгінде өз саласының майталманына айналған маман бір кездері әкелі-балалы екеуі бір ауысымға түсіп қатар жұмыс істеген жылдарын еске алады. – Мен Арыс қаласының тумасымын. Әкем Боранбекұлы сондағы вагон депосында өмірін өткізген теміржолшы. Жасы қазір 86-да. Ортамызда бәйтерегіміз болып, немерелерінің қызығын қызықтап отыр. 1978 жылы мектеп бітірген жылы мен сол Арыс депосына слесарь болып орналастым. Әкем саланың бүкіл жұмысын қасына ертіп жүріп үйретіп, вагон қараушы болып ауыстым. Сонда ғой, кейде әкелі-балалы болып бір ауысымға түсетінбіз. Ондайда әкем менің әр ісіме сын көзбен қарап, сыртымнан бағып жүретінін байқайтынмын да жұмысқа барымды салатынмын. 1981 жылы Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң жұмысымды қайта жалғастырдым. Сонда әкем: «Егер қиналсаң басқа саланы таңдарсың. Қазір екі қолға бір жұмыс қайдан болса да табылады ғой» дегенде, «Жоқ, мен де вагоншы боламын, үйреніп кеттім, өзіме ұнайды осында жұмыс істеген» деп қалып қойдым. Отбасындағы бес ұлдың үшеуі – теміржолшымыз. Інім Еркін Арыс қаласындағы локомотив пайдалану депосында машинист болса, кенжеміз Береке әкем еңбек еткен вагон пайдалану депосына қарасты Қазығұрт станциясында еңбек етеді. Мен Таразға 1988 жылы қоныс аударып, содан бері Жамбыл вагон пайдалану депосында еңбек етіп келемін, яғни қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосынды өзгерген жоқ, – деп қалжыңдады Ермек Боранбекұлы. Арыс-Тараз-Шу аралығындағы 500 шақырымға жуық жолда вагондардың еш кедергісіз, ақаусыз һәм қауіпсіз жеткізілуіне жауапты – осы тараздық вагон қараушылар. Бұл тұрғыда техникалық қызмет көрсету пунктінің вагоншылары шетінен тәжірибелі, нағыз еңбекте піскен мамандар. Олар үшін айына екі рет өткізілетін техникалық сағатта біліктіліктерін көтеру, жаңа әдіс-тәсілдерді талдау, тың бастамаларды өндіріске енгізу мүмкіндіктерін қарау – өте маңызды. Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастырып, еңбекті қорғау мен өндірістік қауіпсіздіктің алдын алуда барлық нұсқаулықтарды басшылыққа алып жұмыс істеуге дағдыланған. Сондықтан да өндірістегі бақытсыз жағдай, оқыс оқиға дегеннен дін аман. – Әріптестерім де, өз басым да жұмыстың жауапкершілігін түсінеміз. Өңірден өтетін транзиттік, контейнерлік вагондардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ақаулығын анықтау, дұрыс диагноз қою – біздің біліктілігімізге сын екенін жақсы түсінесіз. Сондықтан жауапкершілікпен қатар қалт еткенді құр жібермейтін қырағылық та дағдымызға айналған, – дейді Ермек Қилыбаев. 2017 жылы қауіпті ақауды анықтаған Ермек Қилыбаев «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2020 жылы сала министрлігінің Құрмет грамотасын алды. Қарапайым теміржолшының ақ-адал еңбегі лайықты бағаланып жатса, нұр үстіне нұр емей, не?!
Ерман ӘБДИЕВ, Тараз