Көкшетауда осыдан алты жыл бұрын қазығы қағылған мектептің құрылысы әлі аяқталмады. Бюжеттен миллиардтан астам қаражат бөлінген нысанның мердігерлерінің бірі құрылысты аяқтамай орта жолда тастап кетсе, бірі оны созбалаққа салып келеді. Жылдар бойы балаларын оқыту үшін ондаған шақырым қашықтыққа сүйреген жергілікті тұрғындар да бұл мектептен күдерін үзгендей. 410 орындық үш қабатты мектептің құрылысын 2016 жылдың күзінде «НИКС Инжиринг Групп ИВ» мердігер компаниясы бастаған. Сол сәтте жергілікті билік пен мердігер компания мектепті 2017 жылы-ақ пайдалануға беруді уәде етіпті. Алайда олар 6 жылдан бері сол уәдесінің үдесінен шыға алмай келеді. Жобаға бұл нысанда 324 орындық мектеп пен 86 орынды балабақша орналасуы керек болған. Республикалық және облыстық бюджет қаражатына қарастырылған нысанға 2016 жылы 975 миллион теңге бөлініпті. Оның 50 миллион теңгесі ғана мердігердің қолына тиген. Сонда да болса конкурсты жеңіп алған кәсіпорын өз қаражаты есебінен 2016 жылдың соңында ғимараттың іргетасын қалаған. Алайда құрылыс іргетасы сол жылы-ақ жобаның қателігінен опырыла құлап қалыпты. Жылдар бойы мектептің пайдалануға берілуін күткен тұрғындар құрылысқа жауапты талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргенде, балаларының кейбірі студент болып кеткенін айтады. ОҚУШЫЛАР СТУДЕНТ АТАНЫП ҮЛГЕРДІ
«Мектеп құрылысының аяқталуын күте-күте халықтың жүйкесі әбден тозды. Бастамашыл топ жергілікті әкімдікке, тиісті құрылыс басқармалары мен бөлімдеріне жүгінуден қажыды. Қазір тіпті балаларымыз бен немерелеріміздің алды мектеп жасынан асып барады. Ал жаңа мектептің пайдалануға берілер түрі жоқ. Жылдан-жылға шағын ауданда халық саны өсіп, мектептің қажеттілігі айқын сезіле бастады. Балаларымыз қаланың келесі бір қиырындағы мектепке қатынап жүр. Олар мінетін автобус Краснояр селосынан толып шығады да, біздің аялдамаға тоқтамай кетеді», –дейді қала тұрғыны Сәрсенбай Сердалин.Негізінен, іргетасы қаланған сәттен мектеп құрылысына бірнеше мәрте түзету енгізіліпті. Бұл түзетулер бойынша жұмыс жүргізу уақытты алады. Әрі мектептің жобалық-сметалық құны бірнеше есе өсіп шыға келеді. 2018 жылдың қысында мердігер компания жобалаушының ұсыныстарына құлақ асып, құлаған іргетасты бұзып топырағын нығайтып қайта салмақ болған. Бірақ «Барс Строй Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған жоба тағы дұрыс болмай мектептің іргетасы қисайған. Қосымша мемлекеттік сараптамаға тағы 3,2 миллион теңге бөлініп, іргетас жанына қосымша темір қада қағуға мәжбүр болады. Бұған әрине тағы қосымша қыруар қаржы жұмсалған. Осылайша нысан құрылысы бір неше мәрте тоқтап мектепті тапсыру одан әрі кешеуілдей беріліпті. Бір миллиард теңгеден астам қаржы шығындалып, бірақ әлі бітпеген мектеп Ақмола облысы әкімінің 2020 жылдың 25 желтоқсандағы хаттамалық тапсырмасымен Көкшетау қалалық Құрылыс бөлімінің балансынан алынып, облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасына берілетін болған. Алайда, екі мекеме ортасында қабылдау мен тапсырудың өзі 2021 жылдың мамырына дейін жалғасыпты. Тұрғындардың хатына облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасы жұмыс кестесінен қалып қоюына байланысты нысанның тек осы жылдың қыркүйегінде тапсырылатынын жеткізген. Бірақ қазір мектептің қыркүйекте де тапсырылмайтыны белгілі болды. МЕРДІГЕРДІҢ МҰҢЫ Облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасы мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» компаниясына мемлекеттік сатып алу туралы №139 келісімшарт міндеттемелерінің уақытында орындалмауына байланысты Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріпті. Ал мердігер компания қар жының уақытында бөлінбеуінің салдарынан өз қаржысынан 84 миллион теңге артық шығындалғанын айтады.
«Біз құрылысты 2016 жылдың қазанында бастадық. Жыл соңына дейін мектептің іргетасын қаладық. Қаражат болмағандықтан біз құрылысты өз есебімізден жүргіздік. Жобалаушылар авторлық құқықтарынан бас тартып 2017 жылы жобаны тастап кетті. 2018 жылы тағы өз қаражатымызбен жобалаушы тауып, олар іргетас жобасын толықтай аяқтады. Өз қаржымызбен қада қағып, жаңадан іргетас салдық. Осылай 2018 жылғы бағамен 84 миллион теңгеге шығындалдық. Ал жоба 2014 жылы жасалған. 2020 жылдың күзінде жобалық-сметалық құжат қайта жасалды. Қыс бойы жұмыс істеп ақпанда жылу қазандығын да іске қостық. Бір айда 15-20 тонна жағар-жанармай жағылды. Нысанды аяқтауға тырыстық. Ал осыдан кейін нысанның Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің балансынан облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасына ауыстырылатын қаулы шықты. Сайып келгенде, құрылысқа қаражат өткен жылдың 26 маусымында ғана бізге бөлінді», – дейді мердігер компания директоры Владимир Пинчук.ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 3 АЙДА АЯҚТАЛА МА? Ал облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасы басшысы нысанның алдағы үш ай ішінде пайдалануға берілетініне сендірді. Басқарманың мәліметінше, жыр болған мектепке алты жыл ішінде 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлінген.
«Бұл мектептің құрылысы биыл бітеді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамада түзетіліп жатыр. Нысан бізге тек осы жылдың мамырында берілді. Онда қателіктер өте көп болды. Мердігер «Меридиан» компаниясы қашып кетті. Қазіргі уақытта нысанның құрылысы аяқталып қалды. Жобаға барлығы 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалып отыр. Енді ішкі-сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары қалды. Бұрын жобада болмаған жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Мәселен сыртқы футбол алаңына арнайы заманауи төсемдер төселеді. Мектеп құрылысы биыл енді үш ай ішінде нақты пайдалануға беріледі», – дейді Ақмола облысы әкімдігі Құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров.Басқарма басшысы «Мектепті биыл пайдалануға береміз!» деп желпінгенімен, құрылыс нысанында біз мүлде басқа жағдайға тап болдық. Нысанда күзетшіден басқа тірі жан жоқ. Әне-міне аяқталады деген құрылыстың басында әлі де жұмыс жеткілікті. «Сегіз айдан бері жалақы алмадым» деген күзетшінің айтуынша, қарашадан бері мұнда ешқандай жұмыс жүрмеген.
«Мектеп екі жылдан бері бекерге босқа жылытылып келеді. Күніне екі тоннадан астам көмір кетеді. Шатыры әлі бітпеген, төбеден су сорғалайды. Қатты жаңбырдан кейін кірпіштеріне су сіңіп қалған. Қыста күн суытқанда жарылып кетеді. Су тартылмаған, кәрізі жоқ. Бір білетінім мердігерлер қаражатты қараша айында ғана алады. Ол кезде қандай жұмыс жүргізілсін. Ал қазір мұнда өзіммен, итімнен басқа ешкім жоқ», – дейді күзетші Василий Водопьянов.P.S. Сонымен, алты жыл бойы миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған мектептегі құрылыстың аяқталар сиқы көрінбейді. Есесіне осы құрылыстың аяқталуын зарыға күткен оқушылар биыл да қалада өзге мектептерге қатынап оқуға мәжбүр.