15 мың студент құжатын қайтарып алды. Неге?

15 мың студент құжатын қайтарып алды. Неге?

Жуырда Өзбекстан Республикасының білім беру мекемелеріне қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 4 ақпандағы № 12 қаулы­сына сәйкес Тәжікстан, Қырғыз Респуб­ли­касы және Қазақстан жоғары оқу орындарында оқитын Өзбекс­тан азаматтарына олардың білімін өз елде­рінің жо­ғары оқу орындарына ауыстыру туралы өті­ні­ші қа­былданады. Бұрын тестілік емтихан тапсырып, бел­гілі балл жинау қажет болған талаптар жойылып, енді осылайша емтихансыз өз еліне ауысуға рұқсат берілді. Өзбекстанның барлық өңі­рінде құрылған өңірлік жұ­мыс топтары 7-15 ақ­пан ара­лы­ғында құжат қабыл­дап жатыр. Міне, осы қаулыдан соң елі­міздегі өзбекстандық сту­дент­тер құжаттарын жаппай алып жатыр. Шымкент қаласы Өз­бек­станмен көр­ші тұратындық­тан мұнда сту­дент­тер легі көп. Бір Шым­кент­тің өзінде 15 000 өзбекстандық студент бар екен. Оның 7 000-нан астамы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да оқыса, 1 500-і – Оң­түс­тік Қазақ­стан мемлекеттік педаго­гика­лық университетінде білім алады. Оған үшінші мега­по­листегі тағы 8 жоғары оқу ор­нын қосыңыз. Жалпы, осы­нау қаулыдан соң, апта басынан бері Шымкенттегі барлық оқу орнында жаппай дүрбелең. Өзбекстан тарапы 15 ақпанға дейін құжат қабылдайтын бол­ған соң студенттер таң сәрі­ден қара кешке дейін университет аумағын торуылдап, құжат алудың әбігеріне түскен. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың комиссия мүшелері күн сайын студенттердің шектен тыс келіп жатқанын айтады. Осынша студентті құжаттан­ды­ру шара­лары 1-2 күнде біте салмайды. Оның үстіне, басым бөлігінің оқу ақысына қарыз­дары, сес­сия­ны жаппағандары да бар. Мұн­дай мәселесі жоқ студенттер құжаттарын жылдам ресімдеп жатқан. Сондай-ақ өзбекстан­дық студенттер әзірге транс­крипт қана әкетіп жатыр, егер ол жаққа оқуға түсе алмаса, мұн­­да сабағын жалғастыра ала­ды.

Қош, бұл өзбекстандық сту­денттер бізде неге көбейді? Мә­се­ленің түбіне үңілейікші. Себе­бі ең алдымен бізде оқуға түсу жеңіл. 50 шекті балл жина­са­ңыз, кез келген оқу орнына қа­был­дана бересіз. Әрине, ақысын төлесеңіз болғаны. Ал шетел студенттеріне бұдан да жоғары жағдай жасалған. Емти­хан тапсырмайды, бар болғаны әңгімелесу арқылы оқуға түсіп тұр. Өзбекстандық студенттер­дің айтуынша, өз елдерінде ЖОО-ға түсуге талап жоғары. Емти­хан қатаң қадағаланады. Оның үстіне, ондағы оқу ақысы да біздегі жекеменшік оқу орын­дарына қарағанда әлде­қай­да жоғары. Сонымен қатар шетелдік студенттердің құқығы қорғалған. Кез келген жерде еркін жүріп-тұрады. Бірінші кезек­те жатақханамен қамтама­сыз етіледі. Сессия да анау айт­қандай қиындық туғызбайды. Мұғалімдер көп жағдайда түсі­ніс­тікпен қарап, жеңілдік жа­сай­ды. Демек, оларға тіл білмесе де, 150 шақырым қашықтықтағы Шымкентке келіп оқу әлдеқай­да жеңіл. Яғни, орыс тобында емін-еркін білім алады. Алайда олар­дың басты мақсаты – оқуға түсіп алу, одан кейінгісі 1-2-курс­­тан соң өз елдеріне ауы­­сып алу­ға әрекет жасайды. Ал шетел­­­де оқитын өзбектерге жер­­­­­гі­лікті оқу орындарына ем­ти­­­­­хан­­сыз ауысуға рұқсат етіл­ген мы­на қаулы оларға үміт отын жақ­ты.
Рас, не шықса да Шымкент­тен шығады. Кезінде өңірімізде жоға­ры оқу орындарының шек­тен тыс көбейіп кеткен кездері болды. Оның бірқатары та­лап­қа сай келмей, біртіндеп жа­бы­лып та қалды. Жуырда біре­уінің есігіне құлып салына­ды. 30 мыңға жуық студенті бар Шымкенттегі ең үлкен оқу ор­ны­ның бірі саналатын «Ай­мақ­тық әлеуметтік-иннова­ция­лық университеті­нің» тағдырына ақыры нүкте қойылды. Бір жыл бойы қайта-қайта тексеруден өтіп, жұмысын уақытша тоқ­тат­қан оқу орнының лицензиясын біржола алу туралы 9 қаңтарда соттың шешімі шықты. Талап­кер­лерді шығармашылық емти­хан­сыз, медициналық анықта­ма­сыз, ҰБТ-ның түпнұсқалық куәлігінсіз және маманданд­ы­рыл­­ған пәндерді ескерусіз оқуға қабылдау фактілері анықталған. Оған сабақ кестесін бұзу факті­ле­рін қосыңыз. Ал Шымкент қаласының Білім саласын бақылау департа­мен­­тінің басшысы өткен жылғы тексеру қорытындысында жоға­ры оқу орындарын бітірген сту­дент­тердің дипломы бойын­ша 15 өтініш қабылданбағанын айтады. Яғни, 15 құжат жарам­сыз деп танылған. Ал екі диплом мүлдем жалған болып шыққан. Бұдан шығатын қорытынды елімізде білім сапасынан гөрі ақшаға құнығу басым бо­лып кеткенін көреміз. «Дәнік­­кеннен құныққан жаман» деуші ме еді. Міне, оның соңы осын­дай сұм­дық­қа жалғасып жатыр. Ал студенттерінің болашақ тағ­ды­ры ешкімді де алаңдат­пайды. Екі ортада сабылып әуреге түсіп жүрген жұрт. 30 мыңға жуық студенті бар жабылып жатқан оқу орнының басшылығы да «Барлығын өзіміз қадағалаймыз, түлектеріміз басқа оқу орнына ауысып оқи береді» деген сыр­ғытпа жауап қайтаруда. Бұл олқылықтың алдын алуға, ақ­шадан гөрі абыройды ойлауға не кедергі деген ой түйеді екен­сің. ЖОО басшыларының біті­ру­ші түлекке «осы мекемеде жұмыс істеймін» деген анық­та­масыз диплом берілмейтіні туралы тапсырмасы тағы бар. Ол тек министрлікке дәйек ре­тінде ұсынылатын көзбояу­шы қағаз екенін екінің бірі біледі. Бәрі құжат жүзінде «ке­ре­­­мет». Мұндай «кереметтің» соңы не болмақ?   Назгүл НАЗАРБЕК

Шымкент қаласы