Шекаралас аймақтағы Алматы облысының Кеген ауданы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына шама-шарқынша үлес қосып келеді. Дегенмен шалғайдағы ауданның инвестиция тартудағы көрсеткіші көңілден шықпайды. Бұған бірінші кезекте жолдың нашарлығы мен ауданның шалғайлығы кері әсер етіп отырғаны анық. Инфрақұрылымды дамытудағы өзге де кемшілік қай кезде болмасын көзге ұрып тұрады. Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желілер арқылы республикалық маңызы бар «Көкпек-Кеген-Түп» автожолын жөндеу жұмыстарының бірнеше жылға созылғаны туралы ақпарат шыққан. Шынында, мұндағы жол жыры халықты шаршатып бітті. Кеген ауданының әкімдігі автожолды жөндеу жұмыстарының сағызша созылып кетуіне жауапсыз мердігерлерді кінәлайды. Тендерде жеңіске жеткен мердігер «Іскер» компаниясы жұмысын белгіленген мерзімнен кешіктірген. Бұған қоса, бүгінге дейін төселген жабындының сапасы сын көтермейді. Қазіргі кезде жауапсыз мердігер жұмыстан шеттетіліп, мемлекеттік сатып алу рәсімі қайта өткізіліп жатқан көрінеді. Соған қарағанда, жол азабын тартқан жұрттың тағы да біразға шыдауына тура келеді. Халықты алаңдататын келесі мәселе – таза ауызсу. Аудан әкімдігі Кеген ауданындағы 34 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін хабарлайды. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 221 шақырымды құрайды. Осыған қарап қалған үш елді мекенге су жеткізілсе, мәселенің түйіні тарқатылады деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда орталықтандырған ауызсумен қамтамасыз етілді деген ауылдардың біразы ара-тұра тіршілік нәрінен тарығады. Әрине, бұған да бір кездері су тартқан жауапсыз мердігерлер мен олардың шала-шарпы жұмысын қабылдап алғандарды айыптаған жөн шығар. Ал Бөлексаз ауылы тұрғындарының судан тапшылық көріп отырғандарына 3 жылдан асыпты. Мұнда да халыққа су жеткізу үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны дұрыс игере алмай отырған, өз жұмысын талапқа сай жүргізбейтін мердігер жауапсыздығының зардабын жергілікті жұрт көріп отыр. Бөлексаздағы сумен қамту желілерін жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталыпты. Жоспар бойынша былтыр қазанда толық аяқталып, тұрғындар таза ауызсудың қызығын көруге тиіс еді. Одан бері жылға жуық уақыт өтсе де, бөлексаздықтар арманға айналған тіршілік нәріне қосыла алмай, тамсанып отыр. Мердігерге қатысты мәселе сотта қаралып, оның шешімімен жұмысты 2022 жылдың 30 маусымына дейін аяқтау міндеттелген. Бірақ одан бері 2 айға жуық уақыт өтті. Ендігі бірер айда шаруа реттелмесе, қатал қысы ерте келіп, жай кететін таулы өңірдегі тұрғындар тағы бір қысты таза сусыз өткізетін түрі бар. Кеген аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Халық Зықаев та жауапкершілігі төмен мердігерлер халық игілігін көруді армандап жүрген нысандардың құрылысын созбалаңға салғанын айтады.
«Кегендіктерді әбден мезі еткен мердігердің бірі – Кравченко деген басқаратын «Іскер Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оған ешкімнің тісі батпай ма? Облыс бойынша бірнеше тендерді ұтып алған серіктестіктің біздің аудандағы жолды жетістірмей отырғанына талай жыл болды. Зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр. Мұндай жағдай ауылдарды сумен қамтуға тиісті мердігерлерге де қатысты. Бөлексаздықтар сондай жауапсыздардың бірінің кесірінен суға жарымай қалды. Сондықтан тендерлер өткізгенде, жергілікті жердің жағдайын жақсы білетін, жұмысшылары жеткілікті, құрал-жабдықтары мен техникалары сақадай сай мердігерлерді таңдауға басымдық берілсе болар еді», – дейді Халық Зықаев.Кегендіктердің ауылдардағы мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру ісіне де көңілі толмайды. Жергілікті тұрғындар жастардың ауылға тұрақтамауын осы фактормен байланыстырады.
«Ауылдардың көбінде Мәдениет үйлері ескірген. Бірқатары мүлдем жұмыс істемейді. Біздің ауылдық округке қарасты Көкпияз, Талды, Кіші Қарқара, Кеңсу елді мекендерінің орталығы болып саналатын Шырғанақтың өзіндегі мәдениет ошағының жағдайы сын көтермейді. Бұл жайында айтылғалы талай жыл болды. Жастарға қиын болды. Оларды ауылға тұрақтамайды дейміз. Бірінші кезекте сол жастар мен балалардың бос уақыттарын мәнді өткізуіне жағдай жасамай отырған өзімізді кінәлағанымыз жөн ғой», – дейді Кеген ауданындағы Шырғанақ ауылының тұрғыны Роза Батырханова.Мұнан бөлек, Кегендегі жер дауының шуы әлі басыла қоймады. Әсіресе, жайылымдық және шабындық жерлердің жетіспеушілігі түсініспеушілік туғызып, жерді пайдалануға беретін аудандық комиссия құрамына сенімсіздік білдіргендер де болды. Содан бері бұл бағытта бірқатар шара атқарылған. Сәйкесінше, заңсыз алынған және дұрыс пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жалғаса береді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде пайдаланылмай жатқан жайылымдық жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемінің 435,2 мың гектары жайылымға тиесілі. Қолымда бар ақпаратқа сәйкес, 3 жекеменшік кәсіпкердің қолындағы жердің ішіндегі 17,8 мың гектар жайылым пайдаланылмайды. Қазір соларды кері қайтарып алу шаралары қолға алынды. Мұндай жұмыстар алдағы кезде де жалғаса береді және оны өзім бақылап отырамын», – дейді облыс әкімі.Бір сөзбен айтқанда, шекаралас Кеген ауданындағы көп іс кері кетіп тұр. Салдарынан жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы нашарлай түскендей. Aз кезегінде бұл мәселе Алматы, Жетісу болып қайта отау тіккен өңір басшыларының жіті назарында боларына сенеміз.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы