Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының бастамасымен елімізде «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан» жобасы басталды. Мәдени шара аясында өнер ұжымы жаңадан құрылған өңірлер мен Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарына концерт бермек. Өнер керуені шағын аудандар мен моноқалаларға да жол тартады. Аталған жобаның негізгі мақсаты – ұлттық ән-күй өнерінің інжу-маржандарын халыққа жеткізіп, өңірлердегі өнер ұжымдарына қолдау көрсетіп, отандық өнердің көкжиегін кеңейту. Алғашқы гастрольдік сапар Абай облысына басталып та кетті. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Р.Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі А.Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Рысқали, А.Жылтыркөзов бастаған бір топ әртіс кеше Семей қаласына концерт қойды. Әрі қарай гастрольдік сапар Курчатов, Риддер, Серебрянск, Алтай қалаларында жалғасады.
– Алпыс жылдан астам тарихы бар мәдениет пен өнердің қара шаңырағының қызметі биыл жаңа қарқынмен бастау алмақшы. Солардың қатарында ұйымның байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртатын жаңа жобалары бар. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес «Қазақконцерт» ұжымы 2022-2025 жылдарға арналған жоспарын бекітіп, ел аумағындағы барлық моноқалалардың тұрғындары үшін қолже тімді сапалы мәдени өнімдерді ұсынуға кірісті, – дейді Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.Сондай-ақ шығармашылық ұжым сахнаға шығып, өнер көрсетумен ғана шектеліп қалмай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, нақты айтсақ Қазақстандағы фольклор өнерін зерттеумен және дамытумен айналысып жүрген әріптестерін қолдайды. Нәтижесінде «Қазақконцерт» ұжымы Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына Абай Құнанбаевтың үш домбырасының бірінің үлгісімен жасалған домбыраларды тарту етпек. Бұл домбыраның ерекшелігі – оған қой мен ешкінің ішегінен жасалған ішектер тартылған. Көне технологияны қайта қалпына келтірген – Бабыр Арғынов.