Ерболат Досаев Алматыдағы «Жайсан» тұрғын үй кешеніне қатысты пікір білдірді

Ерболат Досаев Алматыдағы «Жайсан» тұрғын үй кешеніне қатысты пікір білдірді

Алматы әкімі Ерболат Досаев «Жайсан» тұрғын үй кешеніне қатысты жағдайға  пікір білдірді.  Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде аталған тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясының заңгері қала әкіміне сауал қойды. «Жоба о баста мақұлданған. Онда неге ол жерде рұқсатсыз заңсыз құрылыс жүргізіліп жатыр деген сылтаумен сүріп тастауға шешім шығарғанша, мемлекеттік органдар жаңадан рұқсат бермейді. Неліктен жаңа келісімшарт жасалмайды?», –деп сұрады компания өкілі. Құрылыс  компаниясы өкілі қойған сұраққа алдымен жауап берген Қала құрылысы  бөлімінің басшысы Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, сәулет-жоспарлау рұқсаты бір ғана ғимаратқа берілген. Ал компания оның жанында рұқсат етілмеген бірнеше ғимаратты өз бетінше сала бастаған.

«Басқа нысанның құжаттары болмаған. Бірақ олар сонда да құрылысты бастады. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес,  алдын ала рұқсаттары, оның ішінде мемлекеттік сараптамасы жоқ нысандар рұқсат етілмеген құрылыс санатына  жатқызылады. Сондықтан Әкімшілік кодекске сәйкес, бұзу мәселесі қаралды. Сот тиісті шешім шығарды», – деді А.Ахмеджанов.
Өз кезегінде Алматы әкімі мәселені құқықтық жолмен шешуді ұсынды. «Сот шешіміне  қарсы болсаңыз, апелляциялық шағым түсіріңіз. Егер апелляциядан жеңіп шықсаңыз,  біз өз тарапымыздан оны орындаймыз», – деді Ерболат Досаев. Еске салайық, 27 шілдеде мегаполистегі Наурызбай ауданында заңсыз салынған «Жайсан» тұрғын үй кешені сүріп тасталатыны белгілі болған. Оған себеп заңсыз құрылысты жүргізген компания үстінен қала әкімдігі сотқа шағым түсірген. Талап-арызда құрылысы жүріп жатқан кешен архитектуралық талаптарға сай емес екені атап көрсетілген. Сот заңсыздықты анықтап, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенін сүріп тастауға шешім шығарған.

Алматы