Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахтаға түскен алтын іздеуші ер адам қаза болды. Полиция адам өлімі фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Полиция тексеріс барысында қайтыс болған Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының 23 жастағы тұрғыны екенін анықтаған. Бестөбедегі «Западная» шахтасының аумағында мәйіттің табылғаны туралы Степногор қалалық полиция басқармасына кеше хабарланған. «Алдын ала анықталғандай, ер адам шахтаға заңсыз түсу кезінде ауыр дене жарақатын алған. Аталған факті бойынша құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-тармағы («Қорғалатын нысанға заңсыз кіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады», – деді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Қазір қылмыстық істі тергеу шеңберінде сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ақмола облысы