Елімізде «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан басталды. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйымдастырып жатқан шара 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін созылады. Бұл туралы арнайы брифингте мәлім етілді. Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады. Соның алғашқысы – автожол саласындағы проблемалар. Ұйымдастырушылар жол салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар салып отыр.
«2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін сынға алып, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған құқықбұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған болатын. Расында да, Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай келеді. Сапасыз жолдар жол-көлік апаттарында талай адамдардың қайтыс болып, жарақат алуының себепшісі болып отыр. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыра отырып, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз», – дейді «Әділдік Жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.Азаматтар науқанға қатысу үшін Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады. Келіп түскен барлық ақпарат жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында уәкілетті органдарға ұсыныстар беріледі. Науқанның қорытындысы сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі жыл аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болмақ. Осы дүйсенбіде басталған акцияға қазақстандықтар жол сапасына қатысты шағымын жеткізіп жатыр.
«Акция басталған күні қазақстандықтардан жол сапасына қатысты 30 шағым түсті. Мәселен, 2020 жылы 739 миллион теңге төленген Ақтөбе облысындағы Ақтөбе–Болгарка–Шұбарқұдық жолының жарылып кеткені анықталды. Сол сияқты Алматы облысында биыл мамырда тапсырылған жолдардан бірқатар олқылықтар табылып отыр. Оған 152 миллион теңге жұмсалған. Автожол құрылысы саласындағы қоғамдық бақылау әлемде кең таралған тәжірибе. Мәселен, Чехияда бұл процеске жергілікті автомобиль одағы мен жол кәсіподағы, Филиппинде қорытынды беру құқығымен ССАGG қоғамдық бірлестігі айналысады. Жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, шектеулі адами ресурстар жергілікті атқарушы органдарға жол сапасына тиісті бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Қазір бүкіл ел бойынша 1000-ға жуық түрлі жол учаскесіне кепілдік бойынша қызмет көрсетіледі. Нақты учаскелердің толық тізімі Adildik.kz сайтында жарияланған, яғни кез келген азамат кепілдіктегі жолдың қандай жағдайда екенін өз бетінше тексере алады», – деді Дидар Смағұлов.Қазақстан жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес, 180 елдің ішінде 102-орында екен. Ендеше ел болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматты аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей отырған жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысуға шақырамыз. Жемқорлықты бірге жеңейік! Әділдіктің жауы – бейқамдық! Бейқам болма, әділдікті талап ет! Тек соңғы бес жылда республикалық бюджеттен автожолдарды дамытуға және жөндеуге шамамен 1,7 трлн теңге бөлінген екен. Мәселен, 2018 жылы – 378 млрд, 2019 жылы – 386 млрд, 2020 жылы – 367 млрд, 2021 жылы – 358 млрд, 2022 жылы – 192 млрд. Бірақ осыншама қыруар қаржыны тиімсіз пайдалану және тиісті бақылаудың болмауынан жол инфрақұрылымы проблемадан көз ашпай келеді. Жол сапасының төмен болуы автожолдарды салу мен жөндеудің барлық кезеңінде сыбайлас жемқорлық құрамының кездесетінінде жатыр.
«Өкінішке қарай, биыл осы салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтардың артуы байқалады. Мәселен, 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде 18 сотқа дейінгі тергеу болса, биылдың өзінде 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Олардың басым бөлігі ұрлау, билікті асыра пайдалану, пара алумен байланысты. Мәселен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде Батыс Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының үстінен қозғалған іс жатыр. Ол жалпы сомасы 180 млн теңгеден асатын жұмыстардың орындалғаны туралы жалған актіге қол қойды деген күдікке ілінді. Күрделі жөндеу нысаны – «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында қаржы бөлінген Бөрлі–Ақсай–Жымпиты бағытындағы жол. Сондай-ақ Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы мен өзге тұлғалардың үстінен де қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар былтыр қазан айында мемлекет бюджетін ысырап ету арқылы 747 млн теңгеден астам қаражат жымқырған. Мұнда да қаражат «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.Құзырлы орган өкілі бұл саладағы парақорлықтың бірқатар себебін әшкерелеп берді. Мәселен, елімізде құрылыс материалдарының сапасын тексеретін зертханалар болуы керек деген талап жоқ екен. Осының салдарынан ақшаны үнемдеу үшін тапсырысты орындаушылар арзан әрі сапасыз материалдарды қолданады. Техникалық қадағалаудың аты болғанымен, заты жоқ. Түптеп келгенде жұмысты қабылдау актісіне тек тапсырыс беруші мен мердігер мекеме қол қояды. Тағы бір жайт, жол құрылысын салуға келетін шетелдік компаниялардың жауапсыздығында жатыр.
«Шетелдік компанияларға берілетін үкіметтік займдар дегеніміз – бюджет қаржысы. Тендер кезінде жұмысты арзан бағамен істеуге дайын мердігер мекемеге таңдау түседі. Соңғысының шотына банк кепілдігі бойынша келісімге сәйкес алдын ала төлем аударылады. Әйтсе де, нақты нормативтік шарттардың болмауы кесірінен жауапты мекеме өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындамай, келісімді бұзады. Артынша, шетелдік мердігер отанына оралады. Ал комитет бұл істі арбитраждық соттың қарауына қалдырады. Тексеріс нәтижесінде осындай екі компания анықталды. Олардың мемлекетке келтірген залалы 20 млрд 800 млн теңге», – дейді Саян Ахметжанов.Брифингті қорытындылаған агенттік өкілі жемқорлықтың алдын алу үшін қоғамды тартудың маңыздылығына да тоқталды. Қоғамдық қадағалау құралдарын қолдану – халықаралық практикада бар қажетті шара. Сондықтан да олар «Әділдік жолы» РҚБ-мен шектеліп қалмай, өзге де үкіметтік ұйымдармен өзара байланыс орнатады. Коррупциялық тәуекелдер картасына сәйкес, қоғамдық мониторингке тартылатын салаларға білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік сатып алу жатады. Бұл салалардағы жұмыстар басталған кезде брифингтер ұйымдастырылып, қосымша хабарланатын болады.