Қыркүйек жақындаған сайын ата-ананың көңілін алаң билейді. Себебі биыл білім жүйесіне біраз реформа жасалды. Оқу жылы екі аптаға ұзарып, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылатын болды. Осыған орай елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты ата-аналарға арналған республикалық Тамыз конференциясы өтті. Қос министр әр өңірден жиналған 800-ге жуық ата-анамен ашық пікір алмасты. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырды. Жиынның мақсаты – қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі, т.б. өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттік бастамаларды қолдау және жүзеге асыру. Конференцияға еліміздің барлық облысынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, ойын ортаға салды. Сонымен қатар министрлер, депутаттар, елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, педагогтар, психологтар, бала құқығын қорғау жөніндегі заңгерлер, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері де қатысты. Конференцияда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Керімқұлқызы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов сөз алып, ата-ананың қоғамдағы, бала тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бала тәрбиесіне тек мектеп жауапты емес. Халықаралық тәжірибе ата-аналардың ұрпақ, бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екенін көрсетіп отыр. Әрине, тәрбие дегенде мектеп қана ойымызға түседі. Балалардың тәрбие жұмысы ақсап жатса, бірінші мектепті, баланы кінәлаймыз. Ата-ананың рөлі қандай?
– Менің ойымша, бәріміз бірігіп жұмыс істесек қана саналы ұрпақ қалыптастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттер жүктеп отыр. Соның бірі – құндылықтар мәселесі. Президент айтқан құндылықтарды барлық бағдарламаға енгізіп, дамытып жатырмыз. Ең басты құндылықтар: бірінші – терең білім, екінші – отансүйгіштік, үшінші – еңбекқорлық. Осы құндылықтарды сынып сағатын немесе ата-аналар жиналысын өткізіп қана емес, бағдарламаға енгізу арқылы жүзеге асырамыз, – деді министр.Сондай-ақ министр білім саласындағы реформалардың маңыздылығына тоқталды.
– 25 мамыр – 31 мамыр. Былай қарағанда, санаулы күндер. Алайда бұл санаулы күндер қандай мәселені шешейін деп жатыр? Біріншіден, алты күн оқып жатқан, яғни сенбі күні демалмай жүрген 1,5 миллионға жуық оқушы бір жылдың ішінде 36 күн демалыс алады. Сенбі күні ата-анасының қасында болып, қосымшаларға барып, білімін дамыта алады, кітап оқып, үйде демалады. Екіншіден, бізде көп мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Оқу жүктемесінің азайғанына байланысты екі ауысымда оқып жатқан балалардың 300 мыңға жуығы бірінші ауысымда оқитын болады. Сонымен қатар 150 мыңға жуық мұғалім енді сенбі күні үйінде болады, – деді Асхат Аймағамбетов.Жоғары оқу орындарына да жаңа жүйе енгізілуі мүмкін. Негізгі мақсат – ата-аналарға қолдау көрсету. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікірінше, кез келген университеттің үш миссиясы бар.
– Шетелде университеттер ата-аналармен де жұмыс істейді. Жасы келген ата-аналарға көмектеседі. Мысалы, Көкшетау университеті күміс моделіне көшіп жатыр. Олар жасы келген, зейнетке жақындаған адамдармен жұмыс істейді. Ата-аналарға әдістемелік-педагогикалық көмек беруді қолға аламыз. Жоғары оқу орындарында педагогика, психология, физиология саласында жинаған тәжірибе мен ғылыми ізденістерді бөлісіп отырамыз. Қазір педагогика тек балалармен жұмыс істеу емес, бұл көп функционалды дүниеге айналып жатыр, – деді Саясат Нұрбек.Иә, бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың, қоғамның бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды. Бұл тандем бұзылған кезде ұлт болашағына да қауіп төнеді. Сондықтан республика бойынша ата-аналарға арналған конференцияның өте бастауы көптің көңілінен шығыпты. Сенат депутаты Дана Нұржігіт осы идеяның қалай дүниеге келгеніне тоқталып өтті.
– Пандемияның бір пайдалы тұсы, осындай идея өмірге келді. Оның авторы – Нұркен Асанов. Баласынан «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, «Бақыт деген – сізбен сөйлескен уақыт» депті. Баламен сөйлескеннен кейін туған идея осындай үлкен қозғалыс, ата-аналар бірлестігінің құрылуына алып келді. Бұл тек Балалар жылында атқарылатын дүние емес, – деді Дана Нұржігіт.Конференцияға Павлодар облысынан келіп қатысқан Арай Рахимжанованың айтуынша, осындай іс-шара дәртүрлі түрде өткізіліп тұруы керек. Әсіресе, ата-аналарға арналған тренингтер мен педагогикалық оқулықтар көпшіліктің көңілінен шықты.
– Жиын жоғары деңгейде өтті. Ата-аналар көкейде жүрген сұрақтарына жауап алып, құнды ақпараттармен танысты. Министрлер де ойларын еркін білдіріп, ата-аналармен ашық сөйлескеніне дән риза. Баланың тәрбиесіне тек мектеп емес, мемлекет пен ата-ана да жауапты. Бұл жерде айтылған идеяларды өз өңірімізге алып барып, әлі де талқылайтын боламыз, – дейді Арай Рахимжанова.Осылайша жаңа оқу жылы алдында ата-аналар да назардан тыс қалмай көкейде жүрген көп сауалға жауап алып қайтты.