Жамбыл облысында мас күйінде көлік ұрлап, полиция қызметкерлерінен қашпақшы болған мектеп жасындағы жасөспірім ұсталды. Оқиға Сарысу ауданы Жаңатас қаласында болған.
Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің түнгі патрульдеу кезінде Жаңатас қаласының орталық көшелерінің бірінде қозғалысы күдік тудырған автокөлікті байқайды. Аталған көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы ескертуін елемей, бағытын өзгертіп қашпақшы болғанда жол шетіндегі цемент қапталға соғысқан.
Құқық бұзушы кәмелеттік жасқа толмаған 17 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ оның біреудің көлігін ұрлап айдап кеткені және масаң күйде болғаны анықталды. Алайда иесі көлігінің ұрланғандығынан хабарсыз болған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (автомобильді жымқыру мақсатынсыз құқыққа сиымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар оған ҚР ӘҚБтК 608-бабы 8-бөлігімен хаттама толтырылды. Қазір ол Жамбыл облыстық Білім басқармасының қызметкерлерімен Тараз қаласындағы «Жасөспірімдер үйіне» жеткізілген.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің мұндай қылмысқа қалай барғанын білмек мақсатта Білім басқармасына хабарластық. Ондағылар бала «Жасөспірімдер үйінде» жатқанын растап, алайда күдікті мектеп емес, колледж студенті екенін айтты. Ал «Жасөспірімдер үйі» мамандарының сөзіне сүйенсек, ұсталған бала бұған дейін де тәртіпсіздігімен есепте тұрған екен. Тіпті, оны арнайы мектепке де өткізбек болған көрінеді. Ерекше қадағалаудағы мектепке құжаттарын жинап жатқанда бала оқудан қашып кетіпті.
Содан бері оны құқық саласының қызметкерлері де, білім мекемесінің мамандары да таба алмапты. Енді міне іздеген жасөспірімдері қылмыс жасап, құрықталып отыр. «Жасөспірімдер үйінің» басшылығы бала онда түскеннен бері артынан бірде-бір адам, тіпті құқық саласының қызметкерлері де іздеп келмегенін айтады. Сондықтан мекеме баланы арнайы мектепке өткізу үшін құжаттарын өздері жинауда.
Жамбыл облысы