Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мәлімдеді. Ведомство өкілі атап өткендей, қазір қалада мектептердегі орын тапшылығын азайту шаралары жалғасуда. Бүгінде ол 19 611 орынды құрайды.
«Биыл 1 қыркүйекте Қалқаман, Саялы және Томирис шағынаудандарында 5 100 орынды 3 жаңа мектеп және қаладағы №191, 146, 125 мектептерде 875 орынды қосалқы ғимараттар ашылады», – деді А.Сайлаубай.Қаладағы жалғыз үш ауысымды №196 мектептің мәселесі оқу жылының басында «Мәдениет» шағын ауданында 1500 оқушыға есептелген жаңа мектептің ашылуымен шешімін таппақ. 2022 жылдың соңына дейін 6 000 орынды тағы 4 мектепті (Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Нұркент шағынаудандарында) пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ №48 және 9 мектептердің қосалқы ғимараттары пайдалануға берілмек. Оған қоса, қала әкімдігі 1 800 оқушыны орналастыру үшін қосымша екі ғимарат сатып алмақ. Сонымен қатар оқу жылының басында жеке инвестициялар есебінен 3 250 орынды 6 мектеп ашылады деп күтілуде. Олар Әуезов ауданында – 280 орынды «Достық» мектебі, Медеу ауданында – 200 орынды «Вундер академия» мектебі, Наурызбай ауданында – 590 орынды «Заман» мектебі, Түрксіб ауданында – 400 орындық Millennium мектебі. Қалған 2 мектеп осы жылдың соңына дейін ашылады.