Көкшетауда жаңа оқу жылы қарсаңында Көкшетау қаласы және аудандардың білім бөлімдеріне 15 жаңа мектеп автобустарының кілті табыс етілді. Су жаңа автобустар облыс аумағындағы елді мекен балаларын білім ордаларына тасымалдайтын болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Биыл облыс аумағында 160-қа жуық мектепте 5 мыңнан астам балалар тасымалданып оқиды. Қарағандыда құрастырылған қытайлық Yutong брендті автобустарының кілтін облыс әкімі Ермек Маржықпаев табыс етті.
«5 мыңнан астам балаларды сапалы әрі қауіпсіз тасымалдау үшін мектептердің автобус парктері жаңа оқу жылында тағы 65 жаңа көліктермен толықты. Қалған автокөліктер жыл соңына дейін тапсырылатын болады. Автобустардың өте жайлы екенін көріп отырмыз. Мұндай автобустардың ауылдарға баруы шын мәнінде жақсылықтың нышаны болмақ. Сонымен қатар қазір жолдар жөнделіп, көшелерге жарықтар орнатылып жатыр. Енді жаңа автобустар да жүрмек. Бұл нағыз тамаша жаңалық болмақ», – деді BolashakSaraiy балалар және жастар сарайында өткен облыстық тамыз форумында сөйлеген сөзінде.