Марат САҒЫМБЕК, Жетісу облысы Панфилов ауданының әкімі: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы елдегі ауқымды саяси өзгерістердің жалғасы ретінде қабылданды. Сондай-ақ Президенттің сөзі мен ісі бір жерден шығатынының айқын дәлелі. Мұның бәрі еліміздегі реформалар бағытының дәйектілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. Ең бастысы, Жолдауда қазақстандықтарды қазіргі күндері толғандырып отырған ең өзекті сауалдарға нақты жауап берілді. Панфилов ауданы – аграрлық аймақ. Сондықтан бізді Жолдауда ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерге айрықша назар аударылғаны қуантты. Яғни, бұл бағытта ұсынылған барлық бастамалар – саланың жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін прогрессивті әрі уақтылы шаралар деп санаймыз. Шын мәнінде, игерілмеген жерлерді қайтару, су ресурстарының жетіспеушілігін азайту, жолдарды жөндеу – ең көкейтесті мәселелер. Ал ауылдардағы медицинаны дамыту – нағыз шешімін күтіп тұрған сала болатын. Мұны да шешу жолын Мемлекет басшысы көрсетіп берді. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға да айрықша назар аударылды. Әсіресе, әлеуметтік саладағы азаматтардың мүддесі жан жақты қорғалуы үшін бірқатар бағалы бастамалар көтерілгені баршамызды қуантты. Әйелдердің зейнет жасын өзгерту мәселесін оңды шешіп, 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырғаны нәзік жандылардың көңілінен шықты. Ана мен бала мәселесіне жете көңіл бөлініп, бала күтімі үшін төлемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленетіні де аса маңызды бастама. Ал Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар кәмелет жасқа толғанға дейін олардың арнайы шотына түсіп тұратыны тіптен тәнті етті. «Қазақстан халқына» қоры арқылы әлеуметтік әлсіз жандарға көмек көрсетілетіні де әлеуметтік әділдік пен теңдікті орнатудың бір құралы екені даусыз. Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға өз кәсібін ашу үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырғаны – жастарымыздың мықты маман, іскер кәсіпкер болуына жол ашады деп ойлаймыз. Жалпы, көптен күткен бұл Жолдауда мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ең маңызды мәселелер түгел қамтылып, оны орындауға байланысты нұсқаулар нақты атап көрсетілді.