«AMANAT» партиясы Ақмола облысы филиалы жанынан ашылған гуманитарлық көмек көрсету бекетінен Қостанай облысында алапат өрттің салдарынан зардап шеккендер үшін көмектің екінші легі жөнелтілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осыған дейін Ақмола облысында құрылған бекеттен 6,3 миллион теңге сомасына 15 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілген. Филиал баспасөз қызметінің хабарлауынша ақмолалықтар екінші лекпен 25,1 миллион теңге сомаға 50 тонна азық-түлік, киім-кешек, кеңсе тауарлары, жеке гигиена құралдары мен тұрмыстық химия заттары сияқты аса қажетті заттарды жинаған. Сонымен Ақмола облысынан жалпы көлемі 30 миллион теңгеден астам қаражатқа 65 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді.
«Осынау сын сағатта облыс тұрғындарының жұдырықтай жұмылып отырғаны қуантады. Жалпы, қайырымдылық шарасына барша ақмолалықтар, олардың қатарында депутаттар, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасақтары белсенді қатысуда. Гуманитарлық көмектен өзге Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрылған «Бірыңғай қоғамдық қорына» ақмолалықтар тарапынан 14,9 млн теңге аударылды», – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова.Қайырымдылық акциясына «Сандықтау Астық», «Каменка и Д» серіктестіктері мен «Арман», «Бек» жеке кәсіпкерлік иелері, ауылдық округ әкімдері мен депутаттар, басқа да партиялықтар белсенді қатысты. Жалпы, қазір тілсіз жауды ауыздықтауға Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құрамында 68 адам бар отряды қатысуда. Құтқарушыларға көмек көрсету мақсатында бүгін облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сұлтанов жеке көлігімен жарты тонна азық-түлік өнімдерін әкетті. Сондай-ақ партияның «Жастар рухы» Жастар қанатының 20 шақты мүшесі өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында Қостанай өңіріне аттанған.
Ақмола облысы