Туризм саласының мамандарының айтуынша, Қазақстан туризміне шетелдіктердің қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Әсіресе соңғы кездері Сауд Арабиядан келетін туристер саны бірнеше есеге өскен. «Біз қажылықпен айналысатын компаниямыз. Екі ел арасында тікелей рейстер ашылуының нәтижесінде, Сауд Арабия туристерінің Қазақстанға келуіне жағдай жасалды. Әсіресе өткен жылдан бері Қазақстан туризміне қызығушылық танытқандар саны көбейді. Биыл жаз айларында 5 мыңнан астам Сауд арабиялық елге келді. Осылайша бұл бастама екі ел арасындағы туризмнің дамуына, инвестиция тартуға айрықша серпін беріп жатыр. Өз азаматтарымызға қажылық сапар қызметін ұсынсақ, шетелдіктерге қазақ елінің мәдениетін танытуды мақсат еттік» – дейді Qazaq Travel компаниясының басшысы. Бүгінде компанияның жылына қажылық маусымында шамамен 5 мыңдай адамға қызмет көрсете алатын қауқары бар. Компания өкілінің айтуынша, соңғы жылдары қажылық қаржысын бөліп төлеу мүмкіндігін сұраушылар саны артқан.
«Туристер тарапынан сұраныс артқан соң, «zhinaq.kz» жобасын іске қостық. Бұл қосымша арқылы қажылыққа баруға шамасы жетпейтін қазақстандықтар енді сайт арқылы жеке шотын ашып, ай сайын алдын ала қаржы жинай алады. Сонымен қатар, өзгелерге сілтеме жіберіп, қосымшаға тіркелушілердің қатарын арттыру арқылы өзіне бонус жинауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, қажылыққа шамасы жетпейтіндерге көмектесем дейтін кәсіпкерлер мен өзгелер де осы қосымшаны пайдалана алады. Соның нәтижесінде, қасиетті мекенге барушылардың қатары артпақ. Бұл әлемде бар тәжірибе», – дейді компания басшысы.Компания қажылыққа қаржысы жетпейтін түрлі санаттағы адамдарға тегін жолдама береді. Жылына кем дегенде 10 адамды үлкен қажылыққа жібереді. Ал мұндай жандардың тізімін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дайындайды. Бұл игілікті іс әрі қарай жалғасады.