Жамбыл облысы Жамбыл ауданында тұратын бағбан Көшкінбай Құлманбетов шабдалы өсіріп, одан бірнеше түрлі өнім алып жүр. Негізі, бұған дейін шабдалы жемісі Жамбыл жерін жерсінген емес. Кәсіпкер Түркиядан «Марс» атты сұрыпты былтыр әкеліп, аймақта алғашқылардың бірі болып шабдалы шаруашылығын жандандырып отыр. Түрік тұқымының өзге шабдалыдан ерекшелігі – жемісі екі есеге дейін үлкен болады. Өнімділігі де өте жоғары. Шаруаның айтуынша, тұқымды бірнеше кезеңдік зерттеуден кейін топыраққа отырғызған екен. Және жемісін екі жылдан кейін береді деп күткенімен, бір жыл өткенде-ақ мол өнім алып отыр.
– Біздің өңір үшін таңсық жеміс болғаннан кейін шабдалы шаруашылығын көп ойланып қолға алдым. Шындығына келгенде, жемісін келер жылы беруі керек болатын. Алайда биыл бойы аласа болса да, өнім бере бастады. Негізі, шабдалының үш түрін отырғызғанмын. Қазір бойы 2 метрге жуықтаған жеміс ағаштары 25-30 келіден өнім беріп жатыр. Жиналған жеміске сұраныс та көп. Бұйыртса, келер жылы гектарынан 30 тоннаға дейін өнім алсақ деп отырмыз, – дейді Көшкінбай Байсарұлы.Тың кәсіп түрін түлеткен бағбан піскен жемісті жинап сатумен шектеліп қалмай, одан түрлі өнім алуды да жоспарлап жүр. Ол алдағы уақытта шабдалы шырыны, шабдалы тосабы және шабдалы джемін өндіруден ниетті.
– Қазір өңдеу цехын дайындап жатырмыз. Жобаның сметалық құнын әзірлеп, Польша мемлекетімен келісімшартқа отырдық. Сәтін салса, өзіміздің шабдалымыз ғана емес, одан шығарылатын өнім түрлерін де тұтынатын күн жақын, – дейді шаруа.Кәсіпкер 3,5 гектар жерге шабдалыдан бөлек 16 гектарға алша, 50 гектарға алма ағашын отырғызып, өнім алып жүр. Жалпы шаруашылық 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырса, маусымдық кезеңде 70-ке жуық тұрғын дала жұмыстарына тартылады. Жеміс ағаштары толықтай өскенде жұмысшылар санын 100 адамға жеткізу жоспарында бар. Өз кезегінде жергілікті билік 2 мың тонналық жеміс сақтайтын мұздатқыш алуға несиемен көмек қолын созған.
– Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен тоңазытқыш алуға 6 пайыздық мөлшерлемемен несие берілді. Одан бөлек, егістік алқабына тамшылатып суғару технологиясы да енгізілді. Бұл құрылғыны қолданғаны үшін шаруаның шығынының 25 пайызын мемлекет өтеп береді. Осылайша, біз өз тірлігін дөңгелетіп отырған шаруаларға барынша қолдау көрсетудеміз. Егер кәсіп ашамын деушілер болса, әкімдік көмегін аянып қалмайды, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.Бағбан Көшкінбай Байсарұлындай кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі. Тәуекел етіп, кәсіптің тың түріне ден қойған шаруаның шабдалы мен одан түрлі өнім алудағы жоспарын толықтай жүзеге асырарына сенеміз.
Жамбыл облысы