«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талқылады. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай отырыстың басты мақсаты елімізде қолға алған реформалардың мән-мағынасын, Жолдаудың басым бағыттарын қоғамға жеткізіп, халықты ұйыстыру, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қоғаммен бірлесіп ықпал ету екенін жеткізді.
«Президент Жолдауының ауқымы кең, мазмұны ерекше. Жолдауда көтерілген байыпты бастамалар қордаланған мәселелердің шешу жолдарын айқындап, мемлекетті одан әрі жаңғырту ісіне жаңа міндеттер қойып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға леп береді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – аманатқа адал, еңселі ел болу жолындағы айқын мақсат. Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп үстемдігі – Мемлекет басшысы ұсынған Жолдаудың маңызды бағдары. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде Президент қолға алған реформаларды іске асыру – ортақ мақсатымыз. Ол үшін ұлттық тұтастық, ортақ мақсат жолында бірігу, әділеттілік, жаңашылдық пен табандылық, білім мен біліктілік, мемлекеттік мінез қажет», – деді Аманжол Әлтай.Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Жолдауда айтылған мәселелерді, маңызды ойларды ортаға салып, оны жүзеге асыру мәселесіне мән беру қажет екенін атап өтті.
«Бүгінгі мемлекеттік басқару ісін жаңғырту жұмысы ең алдымен жаңа экономикалық саясатқа қатысты болмақ. Себебі кез келген істің ар жағында қаржы көзі болмаса, бастаманың барлығы құр жалаң сөзге айналады. Сондықтан Президенттің «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз деген сөзі көптің көңілінен шығып отыр», – деді Дархан Мыңбай.Парламент Сенатының депутаты Динара Нөкетаева Жолдауда айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының бір бөлігін балаларға аудару мәселесіне тоқталды.
«Қазақстанда жыл сайын 420 мыңға жуық бала дүниеге келеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды бастама. Бұл – ел ертеңіне негізделген стратегиялық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама», – деді Динара Нөкетаева.Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Жолдауда көрініс тапқан маңызды мәселенің бірі – игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысына тоқталды.
«Жолдауда Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарланып отырғанын жеткізді. Осы игі істе «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының үлесі ұшан-теңіз. Комиссия Президенттің пәрменімен құрылған болатын. Бір кездері заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір қоғамда жайылым, шабындық мәселесі өте өзекті. Сондықтан Жолдаудағы жер мәселесінің маңызы зор», – деді Жанарбек Әшімжан.
«Мемлекет басшысы биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл мерзім ел тізгінін ұстайтын кез келген тұлғаға өзінің саяси бағдарламасын іске асыруға толық мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы сайлауға отандастарымызды ұйыстыру, халыққа оның мәні мен маңызын түсіндіру – баршамызға ортақ парыз», – деді Айдос Сарым.Нұр-Сұлтан қаласы түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев Жолдауда айтылған кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция мәселесіне кеңес мүшелерінің назарын аударды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Тіпті, заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете берудің орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн деп санап, бұл тәсілді 2024 жылдан бастап енгізу қажет екенін жеткізді. Президенттің бұл ұсынысын толық қолдаймын. Экономиканың локомативі – шағын және орта бизнес. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге кедергі келтірмей, керісінше қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекет кәсіпкерлердің жұмысын тексеру емес, бақылап отыруы қажет», – деді Әскер Пириев.М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова Жолдаудағы білім саласына қатысты айтылған ойлардың маңызына мән берді.
«Өкінішке қарай, қазір еліміздегі мектеп оқушыларының 80 пайыздан астамы болашақ мамандықты қалай таңдау керек екенін білмейді, кәсіби бағдар алмаған. Президент биылғы Жолдауында жоғары білім саласына қатысты бірнеше маңызды бастама көтерді. Соның ішінде инженерлік-техникалық мамандар дайындығын күшейту, жоғары оқу орындарындағы білім сапасын жақсарту, гранттар санын көбейту, жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар – жастар қауымы үшін аса маңызды», – деді Айнұр Кәрібозова.Сондай-ақ отырыс барысында кеңестің тұрақты мүшелерімен қатар арнайы шақырылған қонақтар да сөз сөйледі.
«Пікір білдірген барлық азаматқа алғыс айтамын. Расында, Жолдаудың басым бағыттары ұлтты ұйыстырып, әл-ауқатын арттырып, бірлігін бекем етеді деп сенемін», – деп түйіндеді Аманжол Әлтай.
Асыл ТҰМАР