Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Рим Папасы Францискпен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу алдында Понтификті Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі болды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рим Папасы Құрмет қарауылының алдынан өтіп, екіжақты келіссөз жүргізу үшін «Шығыс» залына барды.
Сіздің Қазақстанға, жалпы айтқанда, Орталық Азия аймағына алғашқы апостолдық сапарыңыз менің отандастарымды қай дінді ұстанатынына қарамастан зор қуанышқа бөледі. Сіздің бұл сапарыңызды қайырымдылық пен әділдік жолындағы рухани көшбасшылықтың жарқын үлгісі ретінде бағалаймын. Қасиетті Иоанн Павелдің Қазақстанға жасаған тарихи сапары 2001 жылы қыркүйекте, сол жылғы 11 қыркүйекте бүкіл әлемді ауыр күйзеліске түсірген АҚШ-тағы террорлық актіден кейін болды. Оның символдық мәні зор еді, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Католик шіркеуі басшысының Қазақстанға келуі және оның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы өте маңызды оқиға екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Рим Папасы бейбітшілік пен өзара түсіністікке шақыратын бастамаларға себепші болуы мүмкін.