Өскемендік тұрғынның сейфіндегі қаржысын үй қызметшісі ұрлап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, сейфте шамамен 130 мың доллар болған. Сонымен қолды болған ақшаны теңгеге шақсақ, 61,1 миллион ұрланған. Бұл жайында үй иесі 102 нөміріне хабарлаған. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің 21 жастағы қыз екенін анықтады. Үй қызметшінің айтуынша, ол әуелі сейфтен 10 мың доллар ұрлаған. Сол ақшаға тамыз айында шетелге демалып келген. Жұмысқа оралғанда үй иесі сейфтен ақша жоғалғанын байқамаған. Сөйтіп, үй қызметшісі сол үйде жұмыс істей берген. Нәтижесінде, үй қызметшісі бір айдың ішінде сейфтен 130 мың доллар ұрлапты. Ол бұл ақшаға той жасап, пәтер мен көлік сатып алған екен. Қазір 21 жастағы айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі (Аса ірі көлемде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.