Семейлік өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден мүгедек адамды алып шықты. Абай облысының ТЖД хабарлауынша, Семей қаласының Дулатов және Елемесов көшелерінің қиылысындағы үй өртке оранған.
«Өрт сөндіруші-құтқарушылар бірден қызыл жалынға оранған үйге кіріп, мүгедек ер адамды алып шықты. Өрт кезінде зардап шеккендердің бірі далада болған. Ал мүгедек ер адамды оттан өрт сөндіру қызметінің кезекші қызметкері Төленбеков, 2-ӨСБ өрт сөндірушісі Әбілқасымов және бөлімше командирі Хамитов алып шығып, жедел жәрдем қызметінің дәрігерлеріне тапсырды», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.Сонымен қатар, өрт сөндіруші-құтқарушылар отқа оранған үйден 2 газ баллонын шығарды. Белгілі болғандай, үйдің шатыры мен кіреберісі өртенген. Өрттің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады.