Қарағанды қаласында «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауы облыстық турының жеңімпаздары марапатталды. Кеншілер қаласындағы Достық үйінде өткен салтанатты шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, ұлттық конкурстың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған отбасыларды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Отбасы құндылықтарын насихаттап, жанұя татулығы мен бірлігін нығайта түсуді мақсат еткен байқауға облыстан 13 жанұя іріктеліп алынғанын айта кету керек. Биылғы ұлттық конкурсқа қатысқан Приозерск гарнизонының әскери қызметшілері подполковник Ринат Қабышев пен аға сержант Еркін Айкенов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Нақтырақ айтсақ, Қабышевтар отбасы Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, рухани құндылықтарды насихаттап, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және отбасы саясатын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қарағанды облысы іскер әйелдер қауымдастығы атынан Алғыс хатпен марапатталып, 100 мың теңге сертификат табыс етілді. Ал Айкеновтер отбасы байқаудың «Үлгілі отбасы» номинациясын иеленіп, Қарағанды облысы әкімінің арнайы дипломымен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Подполковник Ринат Қабышев 44841 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Отбасында бес баланың әкесі, бір немеренің атасы. Аға сержант Еркін Айкенов 60601 әскери бөлімінің бөлімше командирі. Отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада марапатқа ие болған подполковник Ринат Қабышев «Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін!», – деп жылы лебізін білдірді.
Думан Жұмашлы, Приозерск гарнизоныны баспасөз хатшысы, лейтенант