Адам жанына араша түсу оңай емес. Енді медицина саласында жүрген ақ халаттылар лицензиялаудан өтеді. Яғни, әрбір дәрігер өз лицензиясы үшін «басымен» жауап береді. Онсыз да медицина мамандары арасында тапшылық болып жатқанда бұл жығылғанға жұдырық емес пе? Әлде саланы сапасыз дәрігерлерден тазарта ала ма? Ақ халаттылардың мәртебесін көтеру үшін тағы не істеледі? Заң жобасы қабылданса, лицензиясыз дәрігерлер ешқайда жұмысқа тұра алмайды. Бұл саладағы қызмет сапасы мен дәрігерлердің мәртебесін арттыру үшін жасалмақ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жыл сайын медицина қызметкерлерінің үстінен шамамен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Оның көбі хирургиялық бейіндегі мамандарға қатысты екен. Себебі бұл бағытта өлім-жітім деңгейі жоғары.
– Жұмысын дұрыс атқара алмаған кейбір дәрігерлер бір ұйымнан шығып келесі ұйымға жұмысқа тұрып жатады. Бұл заң жобасы бойынша әр медициналық қызметкер өзінің лицензиясымен жауап береді. Яғни, лицензиясы болмаса, жұмыс істей алмайды. Ешқайда жұмысқа тұруына мүмкіндік жоқ, – деді Ажар Ғиният.Заң жобасын әзірлеу үшін министрлік 2018-2020 жылдары жеке әрі заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған өтініштерге, сондай-ақ 2017-2020 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізген. Осылайша, министрлік Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Бұл – медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отырған жоба. Дәрігерлердің жеке өмірін шектеуге болмайды Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады. Яғни, күрделі әрі жауапты мамандық. Алайда бұл ауыр еңбек қоғамда тиісті деңгейде бағаланбай отыр. Сондықтан пациенттерге қатысты келтірілген зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесін де кезең-кезеңмен енгізу көзделген.
– Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді. Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Ондай норма бар, ал заң жобасы осы қадамдарды іске асыру жолдарын бекітеді,– деді Ажар Ғиният.Ал заңгер, қоғам белсендісі Анна Димитриевич Парламентке енгізілген жаңа заң жобасында медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттемелерін лайықты орындамағаны үшін жазаны гуманизациялау, сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 317-бабының («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») жазасын жеңілдету ұсынылып отырғанын, бұған өзінің қарсы екенін жеткізді. Өйткені ол кәсіби жұмыс бабында дәрігерлер денсаулығынан айырған сырқаттарды қорғайды. Бүгінде қателік жіберген ақ халаттылар өзін айыпты санамақ түгіл, тіпті кешірім сұрамайтын көрінеді.
– Министр денсаулыққа абайсызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мен тұтқындау мерзімін төмендетуді ұсынды. Науқасты өлтірсе, «бас бостандығынан айыруды» бостандыққа шығаруға ауыстырмақ. Ол заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілетінін қосты. Бірақ сақтандыру түрінде ұсынылған жауапкершілікке тарту әдісі халыққа ештеңе бермейді, азаматтарды қорғамайды. Бұл – жай көзбояушылық. Қазірдің өзінде заң жұмыс істемейді, 10 жағдайдың біреуінде ғана дәрігердің қателігін дәлелдеу мүмкін болады,– дейді заңгер.А.Димитриевичтің айтуынша, қаншама адам жыл сайын дәрігерлердің қателігінен «дертті» болып жатады. Біразы өмір бойы мүгедек болып қалды. Адам өлтірсе де, жазадан құтылып кеткен дәрігерлер де бар. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі осы арқылы саладан кадрлардың кетуіне тосқауыл қоюға ниетті. Бірақ мұны халықтың денсаулығы есебінен жасауға болмайды. Саладағы мамандарды жалақыны көтеру арқылы да көбейтуге болады. Қазір ақ халаттылардың басым көпшілігі мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана ала алмайды. Сол себепті дәрігерлерге де үй кезегінде тұруға мүмкіндік жасау керек. Ал медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеевтің пікірінше, адам өлтірген дәрігерлердің сотталмай, тек караокеге, түнгі клубтар мен той-томалаққа бару бостандығының шектелуі дұрыс емес. Маманның бұлай деуіне заң жобасында дәрігерлердің түнгі клубтарға, караокелер мен барларға баруына тыйым салынғалы жатқаны туралы пікірлер себеп болса керек.
– Дүниежүзі бойынша дәрігерлердің жасаған қателігінің шығынын өтейтін арнайы сақтандыру компаниялары бар. Егер дәрігер білместікпен қателік жасаса, оны кешіруге болады. Ал өзі біле тұра, білігінің жетпейтініне көзі жетіп тұрып қателік жасаса, оны кешіруге болмайды. Қателік жасаған дәрігерді тұрмыстық жағдайда шектеуге болмайды. Дәрігерлер де қарапайым азамат. Олардың кәсіби өмірі мен жеке өмірі бір-бірімен араласпауы керек, – дейді Қайырғали Көнеев.Лицензиялау сапалы кадрларды іріктейді Қазір сабаққа бармаса да, бірнеше жыл ілініп жүріп оқып, диплом алатын мамандар бар. Мұндай дәрігерлер күрделі ота жасамақ түгіл алдына келген науқасқа дұрыс диагноз қоя алмайды. Сондықтан да дәрігерлерді лицензиялау саладағы сапасыз мамандар мен қылмыстық жағдайлардың азаюына әкеледі. Қайырғали Көнеевтің айтуынша, медицина кадрларын даярлау сапасын арттыру үшін дипломға дейінгі кезеңде де, дипломнан кейін де үлкен жұмыс жүргізуі керек. Дәрігерлер мен медбикелерді лицензиялау сияқты бүкіл әлемде мұндай функция бар. Медицина қызметкері, дәрігер немесе медбике жұмысқа кіріспес бұрын және қызметті жүзеге асыруға, пациентке медициналық қызмет көрсетуге құқығы бар. Оған лицензия алуы қажет. Лицензия үшін күрделі емтихан тапсыру керек. Бірқатар елде медицина қызметкерлері үш кезеңді емтиханнан өтеді. Содан кейін ғана дәрігер немесе медбике дипломы болса да, тәуелсіз емтихан арқылы медицина қызметкері өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құқылы.
– Дәрігерлердің сапасын арттырудың бірден-бір жолы – мамандарды лицензиялау. Оның арқасында дәрігерлердің қызметін бақылауға алуға болады. Дүниежүзіндегі дамыған елдерде мұндай үрдіс бұрыннан қалыптасқан. Ал Қазақстанда дәрігердің емес, мекеменің жұмысын лицензиялайды. Салдарынан диагноз қоя алмайтын дәрігер де, адам емдеуде қателік жіберетін мамандар да көбейді. Олар бір мекемеден екіншісіне емін-еркін ауысып жүр. Осыны азайту үшін әр дәрігерге жеке лицензия беру керек. Әрине, лицензиялау басталған кезде саладағы дәрігерлердің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бірақ бұл уақытша құбылыс. 2-3 жылдан кейін лицензиялау нәтижесін беріп, салада сапалы мамандардың үлесі артады, – деді Қайырғали Көнеев.Оның айтуынша, лицензиялау жүйесі жұмысқа сапалы медициналық кадрларды іріктейді. Бұл мүмкіндікті кезең-кезеңімен қарап, жаңа жүйеге көшуіміз керек. Қазір жоғары оқу орнын бітірген жас маман қолындағы дипломмен бірден жұмысқа орналасады. Ал оның біліктілігін анықтап жатқан ешкім жоқ? Америка мен Еуропада біліктілік сертификаты мен дипломның заңды күші әртүрлі. Диплом маманның оқу орнында теориялық білім алғанын ғана дәлелдейді. Ал оны практикада қаншалықты жүзеге асыра алатынын, біліктілік деңгейінің дәрежесін сертификат көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та «медициналық университетті үздік аяқтадым» деп дипломмен кез келген клиникаға барсаңыз, сізді ешбір жер жұмысқа алмайды. Олар ең бірінші сізден Америка Құрама Штаттарының медициналық лицензиялау емтиханының (USMLE) сертификатын сұрайды. Ал лицензия алу оңай емес. Ол үшін 3 кезеңнен тұратын сынақ тапсырасыз. Америкалық клиникалардың 65%-ы USMLE-ді тапсырмаған үміткерлерді жұмысқа қабылдамайды. Лицензия сала мамандарына 5 жылға беріледі. Бес жыл өткеннен кейін біліктілігіңізді қайта анықтауға тура келеді. Ал егер дәрігер қызмет барысында медициналық қателіктерге жол берсе, шығынды сертификат берген кәсіби қауымдастық өтейді. Кеңес Одағының құрамында болған елдерде дәрігерлердің біліктілігін анықтау бұрыннан қалыптасқан. Жас маман оқу орнын бітіргеннен кейін аурухананың сараптаушы тобының алдынан өтіп, біліктілігін дәлелдейді.
– Шетелдегідей барлық саладағы мамандарды біліктілік тестінен өткізсек, кейбір салада мүлдем кадрсыз қалуымыз мүмкін. Сондықтан лицензиялауды ең қажет деген бірнеше сала бойынша жүргізуіміз керек. Оның ішінде білім беру, медицина салалары бірінші орында. Өйткені дәрі-дәрмек пен емдеу жолдары тез өзгеріп отырады. Сондықтан адам өміріне жауап беретін дәрігерлердің білімі заманға сай болуы тиіс. Дипломның құны қалмаған қазіргі нарыққа біліктілік сертификаты ауадай қажет. Дегенмен тәуелсіз бақылау жүргізетін кәсіби қауымдастықтың сертификатты бейберекет таратпауы үшін шетелдегідей қатаң заң керек, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков.Лицензиялаудан өтіп, сертификат алу – әлемдік деңгейде дәлелденген тәжірибе. Бізге де уақыт өткізбей барлық сала бойынша мамандардың білімін тәуелсіз бағалау қажет. Бұл үрдіс бірнеше жыл бұрын білім саласында басталып еді. Көп уақыт өтпей медицина қызметкерлерінің де лицензиялаудан өтетінін білдік. Біліктілігі бар дәрігерге барлық уақытта жұмыс табылады. Ал біліктілікті беру, оны бағалау күрделі жұмыс. Сондықтан лицензиялаудың тәртібін, шартын біз дұрыс белгілеп, жүзеге асыра алуымыз қажет.