25 қыркүйекте Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментіне қарасты "Тобыл" бөлімшесінің шекара наряды жұмыс істеп тұрған өткізу пункттерін айналып өтіп шекара бұзбақшы болған Ресей Федерациясының үш азаматын ұстады, – деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі. Ведомство мәліметінше, шекара бұзушылар өз әрекеттерін Ресейде жүргізіліп жатқан ішінара жұмылдырудан қашпақ болғандарымен түсіндірген.
"Ұсталғандарға қатысты одан әрі жауап алу іс-шаралары жүргізілуде. Оның нәтижесінде аталған адамдар ресейлік тарапқа беріледі. Қазақстанның шекаралық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз ету мақсатында шекара күзеті мен өткізу пункттерінің бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін еске саламыз", – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.