Былтырдан бері елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар енгізілгені белгілі. Оны жүзеге асыру үшін Artsport платформасы іске қосылды. Қазір еліміздің барлық аймағында осынау бағдарлама аясында жеке кәсіпкерлер есебінен балаларды спорт пен өнерге баулитын нысандар көптеп бой көтерді. Есесіне, мемлекет есебінен әр балаға қаржы бөлінеді. Бірақ басталғанына бір жылдан енді асқан бұл бағдарламаның басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Соңғы кездері балалардың игілігі үшін жасалып жатқан шаруаның жергілікті әкімдік тарапынан дұрыс ұйымдастырылмау фактілері жиілеп, мемлекет қаржысына қол сұғушылар көбейіп кетті. Биыл балалар жылына орай Шымкент қаласында да Artsport бағдарламасы аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге қыруар қаржы бөлінді. Мәселен, көрші тұрған Түркістан облысында 2 миллионнан аса тұрғыны бола тұра спорттық тапсырысқа – 700 миллион теңге, ал шығармашылыққа қарастырылғаны 484 миллион теңге ғана болған. Ал 1 миллионнан аса тұрғыны бар үшінші мегаполис билігі спорт түрлерін дамыту үшін 2 млрд теңгеден аса, шығармашылығына 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген болатын. Өкінішке қарай, жергілікті биліктің бұл әрекетіне біз ерте қуанып қойған сияқтымыз. Себебі қаралған қаржы балалардың емес, шенеуніктердің мүддесін көбірек ойлапты. Естеріңізде болса, шілде айында Шымкентте Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы балалардың шығармашылық үйірмелеріне бөлінген қаржыны ұрлау фактісімен күдікке ілініп, қамауға алынған еді. Ол басқа да лауазымды тұлғалармен қосылып, тура осы Аrtsport платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырғаны үшін тергеуге алынған. Яғни, Аrtsport ақпараттық жүйесі арқылы балалар 10 миллион теңге шамасында қызмет ұсынған үйірмелерге қатысқандығы туралы жалған мәліметтер пайдаланылған. Ендеше, қазына қоржынынан қаралған қаржы балаларға емес, тапсырыс берушілердің қалтасын қампитқан. Салдарынан, шымкенттік кәсіпкерлер қайта-қайта наразылыққа шығып, соңғы айларда төленбей қалған қаржының орнын толтыруды талап етуде.
Дәл осындай наразы топ жақында қала әкімдігінің ғимаратына тағы жиналды. Қолдарына «Артспорт жасасын! Оплатите за оказанные услуги!» деген жазумен плакаттар ұстаған. Елу шақты кәсіпкер шілде-тамыз айларында балаларға көрсетілген қызметтердің ақысын төлеуді сұрайды. Олар осынау екі айдың шығынын өздері өтеген. Алайда оған біразының шамасы келмеген. «Енді бұдан ары тегін үйірмелерді ұстап тұра алмаймыз, бізге екі айдың қарызын өтеп берсін», – дейді олар. Кәсіпкерлер қала билігімен сөйлескенімен, олардан «екі айды төлеп беруге қаржылық мүмкіндік жоқ» деген жауап алады. «Мәдениет басқармасы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қателіктері үшін неге біздер, балалар мен ата-аналар зардап шегуіміз керек? 2 ай бойы пәтер ақысын, мұғалімдердің жалақысын өзіміз төледік. Енді, міне, шілде-тамыз айлары үшін төлемейміз, бюджетте ақша жоқ деп отыр», – деп ашуға булықты кәсіпкер Мариям Каленова.Шынында, шілде және тамыз айларында шығармашылық үйірмелерге берілмей қалған қаржы тапшылығы басқарма басшылығының қаржы жымқырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының салдарынан болғаны белгілі болып отыр.
«Шілде және тамыз айларының тергеуі аяқталып, кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Ұрлық жасаған адам мемлекетке қаражатты қайтаруы тиіс. Біз қазір шілде, тамыз айларының қарызын төлей алмаймыз, білесіздер, қылмыстық іс қозғалып жатыр», – деп жауап берді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.Үшінші мегаполисте Artsport жобасы аясында 159 қызмет көрсетуші 540 үйірмені іске қосқан. Онда балаларды тоқуға, тігуге, билеуге, сурет салуға, тіпті зергерлік бұйымдар жасауға үйретеді. Бөлінген 900 млн 798 мың теңгеден бөлек, әкімдік тағы 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы іздеуге мәжбүр болған. Осылайша, жобаны қаржыландыру көлемі 2 млрд 351 млн теңгені құраған. Оның өзінде бұл қаражат шілде айына дейін ғана жететін. Одан кейін Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы 10 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталып, тағы бір жанжал шықты. Арнайы комиссияның тексерісінен кейін кейбір үйірмелер қағаз жүзінде ғана жұмыс істегенімен, іс жүзінде талапқа сай келмейтіні белгілі болған. Енді, міне, әкімдіктің шілде-тамыз айларында атқарылған жұмыстарды қаржыландырудан бас тартуы жұмыс істеп тұрған өзге үйірмелер иесінің ашу-ызасын тудырып жатыр. Жиналғандар сот тергеуінің аяқталуын күте алмайтынын, прокуратураға жүгінетінін мәлімдеді. Спорттық және шығармашылық бағытта жүргізілетін Artsport бағдарламасына тапсырыс берушілер – екі басқарманың өкілдері. Бірін мәдениет басқармасы жүргізсе, спорт секциялары үшін дене шынықтыру және спорт басқармасы жауап береді. Әзірге, спорт секцияларында ешқандай дау-дамай жоқ. Басқарма мамандары жеке кәсіпкерлерден спорттық тапсырысқа қатысу туралы өтінім көптеп келіп жатқанын, әсіресе футбол, жүзу, таэквондо, каратэ, баскетбол, бокс спорт түрлеріне өтінім берушілер саны арта түскенін айтады. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан да қосымша спорт түрлерін енгізуге, қаланың шалғай аудандарына кәсіпкерлерді тартуға өтініштер келіп жатыр. Үшінші мегаполисте спорт секцияларының жұмысы жүйелі түрде атқарылып жатқанымен, мәдениет жағы ақсап тұр. Екі жылдан бері басқарма басшысы, орынбасары, лауазымды қызметкерлері жиі-жиі әртүрлі қаржы жымқырды деген күдікпен құрыққа ілініп, қамауға алынып жатыр. Бір емес, бірнеше мәрте қайталанған мұндай мәселелердің артында шикілік бары рас. Қалай болғанда да, соңғы жылдары Шымкенттегі мәдениет саласының мәні кетіп, қадірі қашты...
Шымкент қаласы