Солтүстік Қазақстан облысында егістік алқабын аукционнан сатып алған кәсіпкер өз жерін пайдалана алмай отыр. Ақшасын қайтаруға да мүмкіндік жоқ. «Имран Агро» серіктестігінің басшысы егін еге де, жинай да алмай, сот табалдырығын тоздырып жүргелі бір жарым жылдың жүзі болды. Әңгіменің әлқиссасына келсек, Тайынша ауданындағы 15 мың гектар жерге иелік етіп келген «Степноишим тәжірибе стансасы» ЖШС оны кепілге қойып, «АзияКредит банкінен» алған 2 млрд 800 млн теңге несиесінің бір тиынын да төлемептті. 2017 жылы қаржы ұйымы мен серіктестік арасында бейбіт мәміле жасалған. Соған сәйкес, борышкер қарызын өз еркімен төлеп отыруға келіскенімен, сөзінде тұрмапты. Ақыр аяғында кепілге қойылған мүлік электронды аукционға шығарылған. Жерді 2019 жылғы ақпанда заңды жолмен «Имран Агро» серіктестігі 500 млн теңгеге сатып алады. Алайда бұл қаржы құмға сіңген судай болды. Бүгінде кәсіпкер не жерді пайдалана алмай, не ақшасын қайтара алмай жүр. Ол сот пен мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргелі екі жылға жуық уақыт өтті. Адвокаты Айгүл Тасыбайқызының жорамалынша, әлі бес жыл соттасумен өтетін түрі бар. Заңгердің түсіндіруінше, «Имран Агро» басшысының қолында жер актісі де, салық төлемдерін төлегені туралы түбіртегі де, жерді сату-сатып алу келісімшарты да бар. Алайда сол құжатты «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-да тіркеуге келгенде апам да аң-таң, мен де аң-таң жағдай болған. Сөйтсек, «Степноишим тәжірибе стансасының» «Қазақстанның астық консорциумы» алдында орындалмаған міндеттемелері және қарызы бар-мыс. Сол үшін жерге қатысты қандай да бір мәміле жасауға тыйым салынған.
«Имран Агро» ЖШС директоры Өмірсерік Ақышевтің айтуынша, бұл жайт қолдан жасалған, шын мәнісінде ешкімнің орындалмаған міндеттемелері жоқ. Себебі көктемгі егіс жұмыстарын консорциум қаржыландырған. «Егер тәжірибе стансасы онсыз да қарыз болса, инвестор тағы да қаржы құяр ма еді?», – дейді кәсіпкер.«Сот қарсы тараптың сойылын соғып отыр» Адвокаттың түсіндіргеніндей, жерге тыйым салған шешімнің кесірінен қолдары жіпсіз байланған. Мұнымен келіспеген тарап соттасып жүріп, осы шешімнің күшін жоюға қол жеткізеді. Солтүстік Қазақстан облыстық соты алқасының отырысы өткеннен кейін ғана, былтыр 26 мамырда жерге тиесілі барлық құжаты қолына тиіпті. Бірақ бұл жолы да келісімшартты тіркеудің сәті түспепті. Енді Тайынша аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы аяқтан шалып, жерді пайдалануға тыйым салған. Сөйтсе, «Степноишим тәжірибе стансасының» салық бойынша 100 млн теңгеге жуық қарызы бар екен.
«Тәжірибе стансасы бірнеше жыл бойы борышын өтемегеніне көз жұма қараған басқарма жерді біз сатып алған кезде бірден оған тыйым салды. Бұрыннан бері қайда қараған? Министрлікке шағымдандық. Министрлік тексере келе, біздің кінәміз жоқ екенін анықтап, салынған тыйымды алдыртты», – деп түсіндірді адвокат Айгүл Тасыбайқызы. Бірақ министрлік тыйымды алдыртқаны не керек, одан соң сот тыйым салған. Соттың тыйымы алынса, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ тыйым салады. Сонымен, осы сергелдең әлі күнге дейін созылып келеді. «Кейде Степноишим тәжірибе стансасымен емес, Азаматтарға арналған үкіметпен соттасып жатқан сияқтымыз. Неліктен ондағылар осындай позиция ұстанып отыр? Әкімшілік сотқа да жүгіндік. Сот оларға барлығын түсіндірді. Тәжірибе стансасы мен астық консорциумына жасап отырған әрекеттері дұрыс емес екенін айтты. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». «АзияКредит банкінен» ақшамызды қайтаруды сұрап едік, ол мүмкін емес. Банк бүгінде банкротқа ұшыраған», – деп налиды адвокат. Былтыр көктемгі егіс қарсаңында жерді сатып алушылар мен заңгерлер егістік алқабына барған кезде, қару-жарақ асынған 30 шақты мамандандырылған күзетші оларды қуып, қоқан-лоққы көрсетіпті. «Тура 90- жылдардағыдай көрініс. Одан соң бізді Тайынша аудандық полиция бөлімі мен прокуроры шақыртып, «бөгет жасамаңдар деп ескертіп едік қой» деді. Жер біздікі, сатып алдық. Неліктен біз өз жерімізге кіре алмаймыз? Президент айтқан Жаңа Қазақстанды қашан құрамыз?», – дейді заңгер. Өмірсерік Ақышев та лауазымды тұлғалардың туған-туысқандары әлімжеттікпен айналыспасын деп Президент қойған талап орындалмай жатқанын, ешқандай да Жаңа Қазақстанды көріп тұрмағанын жеткізді.Жоғарғы Сотта нүктесі қойылған істі енді жаңадан ашылған жағдайлар бойынша Тайынша аудандық соты қарастырып жатыр. Өткен аптада шешім шығарылуы тиіс еді. Бірақ шешімді жариялауы тиіс сот төрағасы Асқар Парманов кеңесу бөлмесінен шыққан соң неге екені белгісіз, алдымен бір аптаға, кейін бір айға, 27 қазанға дейін, үзіліс жариялапты. Кәсіпкер аудандық сот төрағасы Асқар Сағындықұлы мен аудан басшылары Степноишим тәжірибе стансасының сойылын соғып отыр деген пікірде. Өйткені бұған дейін де сот отырыстары кейінге шегеріле берген. Кәсіпкер күдерін үзбейді Жоғарғы Сотқа дейін барып, әділдіктен күдерін үзген кәсіпкер жерден күдерін үзгісі келмейді. Тым болмаса, астық консорциумы мен «Степноишим тәжірибе стансасы» оны не сатып, не жалға алғанын және сағызша созылған бұл істің алдағы Президент сайлауына дейін шешілгенін қалайды. Бірақ банк алдындағы қарызы мен жұмысшыларының еңбекақысын да төлемей қан қақсатқан серіктестік оңайлықпен ақша төлей қоятынына күмәні көп. Осы мәселенің шиеленісуі салдарынан денсаулығы сыр берген кәсіпкер талай рет ауруханаға жатып, емделуге мәжбүр болған. Отбасының асыраушысы – көпбалалы әке үшін сот сергелдеңі оңайға соғып тұрмағаны анық.
25 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып, табысын жерден тапқан кәсіпкер күтпеген жерден қалтасы қағылғанына назалы. «Жерді сатып алуға жұмсаған 500 млн теңге оңайлықпен келген жоқ. Диқанның жұмысы қаншалықты ауыр екені баршаға аян. Оған қоса, қарызға алған несие қаржысы бар. Солтүстік Қазақстан облысының түгін тартсаң, майы шығатын жерінде жұмыс істеуді көптен бері армандап едім. Құнарлы алқапқа сіңірілген дәннен бітік егін шығып, барлық қарызымнан құтылам деген жоспарым болған. Барлығы көкке ұшты. Серіктестікте жұмыс істейтін 200 адам да жалақысыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Олардың әрқайсысының үйінде орта есеппен 4 жан бар деп есептесек, 800 адам – тұтас бір ауыл. Біз сатып алған жерде орналасқан Многоцветное және Леонидовка ауылдары тұрғындарының да жағдайы мүшкіл екенін өз көзіммен көріп қайттым. Біздің әлеуметтік бағдарламаларымыздың шапағаты оларға да тиер еді. Енді қалтам қағылып, не ақша жоқ, не жер жоқ, әрі-сәрі күйге түстім. Бұл жердің мұндай бас ауруына айналарын білсем, аукционға қатыспас едім», – дейді Өмірсерік Ақышев.Тайыншалықтардың айтуынша, шынымен де ауылдардың жағдайы аса мәз емес. Еңбекақы кешеуілдейді. Сол үшін көп жұмысшы астық консорциумынан шығып, басқа жекеменшік серіктестерге жұмысқа орналасады екен. Мәселен, басқа жерлерде көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде гектарына 1 000 теңге төленсе, «Степношим тәжірибе стансасынікі» небәрі 290 теңге ғана. Барар жер, басар тауы қалмаған кәсіпкер «AMANAT» партиясының жанынан құрылған республикалық «Жер аманаты» комиссиясына жүгінді. Комиссия мүшесі, заңгер Бақытжан Базарбек сот шешімімен танысқан соң «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ға хат жолданатынын, ал жалпы бұл жерде прокуратура қызметкерлері ден қою шараларын қолдануы тиіс екенін айтты. «Имран Агро» келер жылы сатып алған жеріне иелік етіп, көктемгі егісті ойдағыдай өткіземіз деген үмітте. Лайым, солай болсын. Алайда жергілікті жердегі әділетсіздікті жеңу оңайға соға қояр ма екен?..
Солтүстік Қазақстан облысы