«Хабар» агенттігі ұсынғалы отырған «Абайдың соңғы күндері» тарихи-деректі фильмі ақынның жанын жеген азапты күндерін, қажыған жанның ақырғы сөздерін іздеуге талпыныс жасайды. Өткен аптаның соңында «Хабар» агенттігі жаңа маусымға дайындаған «Абайдың соңғы күндері» фильмінің алдын ала көрсетілімін ұйымдастырды. Жарты сағатқа созылатын тарихи туынды тың деректерге толы. Себебі фильм авторлары ақынның соңғы сәттері туралы естеліктерді білу үшін Абайдың туған топырағына ат басын тірейді. Уәсилә Мағауияқызының естелігінде хакімнің 1904 жылы Балашақпақ жайлауынан қайтқаны айтылады. Сол себепті түсірілім тобы Балашақпақтағы Қырықошақ дейтін жердегі шежірешілердің әңгімесіне құлақ түреді. Ақынның көзін көргендерден қалған ел аузындағы естеліктер ақынның ауыр күндерде айтылған ақырғы сөздерінен мән-мағына іздейді. Соның ішінде Абай ауылында туған, ақын өмірінің шежірелі қатпарларынан хабары бар адамдардың әрбір сөзі маңызды. Мәселен, Шұбартауда тұратын Нәстілек Сәменбетұлы – Абайдың ақын, әнші шәкірті керей Уәйістің туған жиені болған. Оның абайтануға қосқан үлесі туралы кезінде атақты ғалым Қайым Мұхамедханов та жазған болатын. Шұбартаулық шежірешінің айтуынша, Абай қайтыс боларда шұбартаулық дәрігер Бөжей Мыңғатұлы мен бақсы Шоқбатар ақынның көңілін сұрап арнайы барады. Олар хакімнің өміріне араша түспек болған. Ал тоқсанға келген Ырғызбайдың тікелей ұрпағы, Өскенбай бидің туған бауыры Мырзатайдан тараған Манатай Балтақайұлы да әкесінен естіген әсерлі әңгімелерден сыр шертеді. Сондай-ақ хәл үстінде жатқан хакімнің қасында ағасы Тәңірберді де болған. «Абай жолы» романында жазылған аға мен іні арасындағы рухани алшақтық бір анадан туған бауырлардың бір-біріне деген сүйіспеншілігіне сызат түсіре алмапты. Өйткені өмір сапарының соңғы сәттерінде бір ана, бір әкеден туған Абай мен Тәкежанның бітіспей кетуі мүмкін де емес еді. Бұл туралы Тәңірберді Құнанбайұлының тікелей ұрпағы қарауылдық Құсман Берлешов те ағынан жарыла ақтарылған екен. Абай облысының бұрынғы Шұбартау ауданы мен Абай ауданында, Семей қаласында түсірілген тарихи-деректі фильм Арал Еспенбетов пен Шағжан Исабаев айтқан тың естеліктермен де толыға түседі.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәлидің айтуынша, ұлт рухниятына қажетті құнды дүниені түсіру туралы ұсыныс журналист-жазушы Қанат Тілеуханнан түскен. «Ақын өмірінің соңғы күндерін Абай облысы Аягөз ауданындағы Қырықошақ жайлауының төңірегінде өткізсе керек. Сол себепті жоба авторларының ақын туралы тың деректерді табуына мүмкіндік беріп, көнекөз қариялардың оған жеткен әңгімелері тарихи фильмге тұздық болуы үшін жағдай жасадық. «Аузымды сөзден, алдымды кісіден, арқамды жүктен босатқан қайран Мағашым-ау» деп күңіренген хакімнің қайғысы туралы фильмді «Хабар» арнасынан Республика күніне орай берсек деп отырмыз. Себебі, қазақ қазақ болып қалуы үшін хакімнің сіңірген еңбегі зор», – дейді Берік Уәли.«Абайдың соңғы күндері» несімен ерекшеленеді? Фильмге арқау болған қасіретке толы қырық күн туралы Бауыржан Омарұлы былай дейді: «Біріншіден, бұл Абай Құнанбаев өмірінің соңғы күндеріне, дәлірек айтсақ, оның ұлы Мағауия қайтқаннан кейінгі дүние дидарындағы қырық-ақ күнге созылған сапарына арналған. Екіншіден, сол қастерлі қырық күннің табиғаты қалай танылғанын айтайық. Бас-аяғы бір-ақ тұтам мазасыз мерзім фильмде тұтас ғасырға ұласқандай әсер қалдырады. Ой-сана арпалысын, философиялық-психологиялық түйіндердің өзектесуін, небәрі қырық күннің хикаясы өлшеміне эпопеялық панораманы, келелі кеңістікті сыйғыза білген авторлардың шеберлігі қызығуға тұралық. Үшіншіден, фильм кейде деректі дүниелердің өзін сәтсіздікке ұрындырып жататын декоративті жасандылықтан аулақ. Оның есесіне, декторативтіліктен шынайылыққа көшудің бірқатар үлгі-өнегесі бар мұнда. Абайдың көктен түскен періште де емес, тіпті поэзия патшалығының пайғамбары да емес, болмыс-бітімі ет пен сүйектен жаралған, жан мен жүректен құралған қарапайым ғана пенде, бірақ пенде болғанда да, баршаны түгел мойындатқан ақылман ақын екенін таныту талпынысы менмұндалап тұр. Төртіншіден, фильмді түсірген команданың жұмысы үйлесімді түрде жүзеге асқан секілді көрінді. Авторы бар, сценарисі бар, қоюшы режиссері бар, дыбыс режиссері бар, сыбыс «режиссері» бар, операторы мен шофераторы бар, әйтеуір бір-бірін жақсы түсінетін әріптестердің қолынан шыққан бас-аяғы бүтін кинокартина екені бірден байқалып тұр. Бесіншіден, деректі фильмді салмақты синхрондар, парасатты пайымдар көркейте түскен. Абай ауылының ардақтылары, асылдың шыбықтары, алтынның сынықтары шетінен сөз алған. Айбарлы абайтанушылар, ғибратты ғалымдар – Арап Еспенбетов, Тұрдығұл Шаңбаев, Шағжан Исабаев ұлы ақынды әр қырынан дәргейіне жеткізе дәріптеген. Демек, фильм авторы оларды ойлы әңгімеге, ортақ мәмілеге ұйыта білген. Осындай мықты зерттеушілердің сөз сарабынан өткен деректер мен дәйектердің дәлме-дәлдігі дау тудырмайды. Жалпы айтқанда, жақын күндері талғампаз көрерменге жол тартатын тарихи-деректі фильмде Әуезов айтпақшы, «бар мағынасынан айырылған ақын ғұмырының соңғы күндерінен» мағына іздеуге тұрарлық. Өйткені, Абай үшін мәнсіз болған қырық күннің өзі біз үшін мағыналы ғұмыр болары анық.