Биыл Алаштың ақтаңгер азаматы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жылдық торқалы тойы елімізде ғана емес алыс-жақын шетелдерде аталып өтуде. Мерейлі тойдың ұлтқа, болашаққа берер тағылымы қандай? Жалпы, атаулы жыл қаншалықты дәрежеде өтіп жатыр? Осы және өзге де сауалдар жөнінде Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Сахыбекқызымен сұхбаттасқан едік. – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Ұлт ұстазының мерейлі тойы жалпы, елімізбен бірге өзге шетелдерде қаншалықты деңгейде аталып өтіп жатыр? Осы тойдың басы-қасында жүрген адам ретінде кеңірек айтып берсеңіз? – Ғұлама ғалым һәм ұлт ұстазының 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтудің – келешек ұрпақ үшін аса маңызды екенін білгеніміз жөн. Шын мәнісінде, 2021 жылдың 21 қарашасындағы UNESCO-ның 41-ші Бас конференциясы барысында 2022-2023 жылдардағы мерейтойлық даталарға қосу туралы арнайы қарарға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын атап өтудің енгізілуі – қазақ елінің тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі екені даусыз. Себебі қандайда тарихи тұлғаның мерейлі жылы UNESCO деңгейінде аталуы үшін қойылатын талап үдесінен шығу – күрделі мәселе. Оны осы тойға дайындық кезеңіндегі құжаттар кешенін жинақтау барысында аңдадық... Ең маңыздысы, жұмыстың қиындығы емес, нәтижесі ғой. Міне, әлемдік деңгейде ғұлама ғалымды ұлықтау жиі аталып аталып өтуде. Атап айтсақ, 4 қазанда Париж қаласында (Франция) Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Бұл ісшараға ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Син Цюй, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Т.Ешенқұлов, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Г.Арыстанқұлова, отандық және шетелдік алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар қатысты. Ал осы айдың 12-сі күні Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Қирабаев бастаған сол елдегі алаштанушы ғалымдардың ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымының қалыптасуы мен мемлекеттілігіне қосқан үлесі» атты халықаралық конференция өткізу жоспарлануда. Бұған дейін қаншама халықаралық, республикалық, облыстық, тіпті аудан, ауыларалық іс-шаралар өткізілуде. Бауырлас мемлекет Түркияның Ыстанбұл университетінде ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауымның қатысуымен арнайы дөңгелек үстел өткізу қарашаның бірінші онкүндігінде жоспарланып отыр. Және Түркияның төрінен түркі әлеміне ортақ тарихи тұлғамыз Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші бой көтеруіне мемлекет бюджетінен қаржы бөлініп, жұмыс атқарылуда. Бұл дегеніміз – Ұлт ұстазын ұлықтаудың ғажап үлгісі емес пе?! – Ендігі әңгімені өзіңіз басқарып отырған киелі шаңырақ Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің жай-күйіне бұрсақ? Ақаңның торқалы тойы тұсында қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар? – Ең үлкен жаңалығымыз – күрделі жөндеуден өткен тағылым мектебіне айналған ғимаратттың қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылуында. Талай жылдардан бері жекеменшіктің қоластында болған бұл киелі шаңырақтың өз иесін табуында. Яғни, былтырдан бастап музей-үйі тұрған ғимарат жеке адамның қолынан, қалалық әкімдіктің балансына өтті. Ол Ахметтей тұлғаның жекелейтін зат емес, ұлтқа һәм туыс ұлысқа ортақ ерен тұлға екендігінде. – Той қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлындай тұлғамыздың тек қазақ халқына емес өзге Түркітілдес елдерге де кеңінен танымал тұлға болғаны жайлы деректер айтылып жатыр. Оған дәлел ретінде – Ахаңның сонау 20-жылдары Бакуде өткен Халықаралық конференциядағы бейнежазбасы табылуы дер едік. Осы ойымызды нақтылайтын біз біле бермейтін өзге де қандай деректер бар? – Иә, дұрыс айтасың. Ақаңның тек қазаққа ғана емес, жалпы Орта Азия халықтары, оның ішінде мұсылман баласына ортақ ғалым, ағартушы болғандығын дәлелдейтін деректер там-тұмдап болса да шығып жатыр. Бұл бізді бек қуантады. Сұрағыңа нақты жауап ретінде мына бір деректі келтіре кетейін. 1967 жылдары Нью-Йоркте «Орталық Азия Ресей билеуінде»/ «Central Asia a Century of Russian Rule» атты ғылыми-зерттеу жарық көрген. Зерттеу Колумбия университетінің профессоры Эдвард Олуорттың жетекшілігімен жасалған. Ол аталған еңбекті өз шәкірттері: Ян Муррей Мэтли, Карл Х.Мэнгес, Джонна Спектор, Артур Спрагпен бірлесіп шығарған. Ғылыми зерттеуде Орта Азия халықтары мен қазақ халқының экономикалық, саяси, мәдени даму жолдары туралы, олардың ұлттық сезімінің оянуы, зияткерлік жағынан өсуі, әдебиетінің дамуы жөнінде, әсіресе әр халықтың осы үлкен саяси істерде зор қызмет көрсеткен қайраткерлері туралы мағлұмат берген. Бір таңқаларлығы, осы 1967 жылдың өзінде кеңестік жүйе «халық жауы» деп қаралаған Ахмет Байтұрсынұлы туралы «25 бетке» жуық мәлімдемелік деректер қамтылып, оның саясат, әдебиет, мәдениет саласындағы ерен істерін ерекше бағалайды. Ағартушының көзілдірікті (пенсне) сүгіретін беріп: «Қазақ жазуының көшбасшысы» деп жазған. Мұнан бөлек, «Байтұрсынұлы, шын мәнінде, ең маңызды саяси тұлға болды» деп, қазақ көсемін «Ахмет Байтұрсынұлын кім өлтірді?», «Ақиқатында, әрбір жойылған өмірлер үшін кім жауапты? Және кінәліні жария етіп, неге талқыламасқа?» деген сауал қояды. Бұл қасіреттің 1956 жылы көтерілгенімен, кеңестік жүйедегі сталиндік режим: «жеке басқа табынудың» салдарынан, 1937–1938 жылдары жаппай «нақақ» жазаланғандардың «ақ-қарасы ашылмағанын» жазған. Осы еңбектегі берілген сүгіретіндегі тарихи жәдігер Ахмет Байтұрсынұлының пенснесі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың коллекциясында екендігі жөнінде мәлімет бар... Ендігі арман – Ұлт ұстазының осы көзілдірігін музей жәдігеріне айналдыру. – Ақаң бұл үйде нақты қай жылдары тұрғаны жөнінде оқырмандар үшін кеңірек айтып берсеңіз. Байтұрсынұлының тағдыры мен бұл үйді тағы қандай біз біле бермейтін деректер байланыстырады? – Бұл жөнінде сан рет жазылып, айтылып та жүр. Тағылым мектебіне айналған тарихи маңызы зор бұл ғимаратта Ахмет Байтұрсынұлы 1934–1937 жылдары тұрғаны даусыз. Оған куәлік еткендер – тұлғаның қызы Шолпан Байсалова, рухани шәкірті Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова, тұңғыш стенографист Данабике Байқадамова мен оның сіңлісі Күнімжан Байқадамовалар. – Естуімізше, бұл күндері толықтай күрделі жөндеуден өтуде. Келушілерге есігін айқара ашар күн де алыс емес. Жалпы, тарихи ғимаратты жөндеуге қанша қаражат бөлінді? – Бұл сауалды осы жөндеу жұмысына арнайы байқау өткізілгенде жеңіп алған Қазреставрация мекемесінің басшылығына қойған жөн деп білемін. Десе де, жаңғырту жұмыстарындағы қалпына келтіру мәселесіндегі бар шаруашылықтарды қадағалаудағы белсендінің һәм жауаптының бірімін. – Білуімізше, осы музей-үй былтырғы жылы Алматы қалалық әкімдіктің балансына алынды. Бұған дейін музейді ұстап тұруды қалай жүзеге асырып келдіңіздер? – Иә, ол рас. Былтыр ғана сол кездегі Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың 2021 жылы 13 қазандағы №4/508 «Алматы қаласы коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысы негізінде Алматы музейлері бірлестігіне қарамағына өттік. Ақиқатында, бұл қаулының орындалуына себепші болған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекет меншігіне алу» жөніндегі берген өкімі болатын. Ал қала балансына өткенге дейінгі ахуалымызды БАҚ өкілдері үнемі мәселе етіп көтеруінің арқасында «еңбегім еш кетпеді»! «Еңбегім еш кетпеді» деп, жалқы айтуымның себебі, бұл музейде менен басқа жұмыс істеген жан болмады. Жекешелеп алған меншік иесі Серік Самыратұлына 1996 жылдан бері (негізі, бұл музейге 1994 жылы Шолпан Ахметқызы арқылы келгенмін. Ол өз алдына жеке әңгіме!) Ахметтей тұлғаның ғимараты мемлекеттің қамқорлығында болып, қазынамен қаржыландырылуы керек екенін айтудан талмадым... Бірақ бәрі нәтижесіз болды. Коммуналдық қызмет бойынша белшеден қарызға кіріп, «жылу», «судан» қиып тастаған күндер де бастан өтті. Мұның бәрін еске түсірудің өзі ауыр. – Бұл күнде мұражайда қанша жәдігер бар? Олардың барлығы Ұлт ұстазының өзі пайдаланған бұйымдар ма? – Біз ең бастысын ұмытып кетеміз. Ахмет Байтұрсынұлының бес рет сотталып, екі рет жер аударылғанын үнемі назарда ұстауымыз керек. Осындай арпалысты басынан кешкен жанның ең басты байлығы ұлтқа жасаған қызметі емес пе?! Ұлттық ғылымның тұғыры болатын Қазақ әліпбиін жасаудың өзі неге тұрады?! Мұның жанында қаншама оқулықтар жазды. Дәл сол тұста Алаш арыстары айқаспағанда бүгін қырғыз атанып отырар едік қой. Төл атауымызды қайтарып берген қайсар ұлдардан садаға кетпейміз бе?! Негізгі жәдігерлер көпшіліктің қолы жете бермейтін Сирек қорлардағы құжат деректерінің телнұсқасы осы музей-үйдің басты құндылықтары. Мұнан бөлек, ең маңызды жәдігер – Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ мемлекеттік университетінде 1928–1929 жылдары профессор лауазымында қызмет істеп жүргенде өз қолымын толтырған сауалнамаларға берген жауабы және 4,5 бетке жазған өмірдерегі бар. Сондай-ақ қостанайлық ақын Серікбай Оспанұлы 2007 жылы жеткізген Ақаңның өз шабаданы да осы жерде сақтаулы. – Жақында Қызылорда жақтан Ақаң ұстаған домбыра табылды деген ақпарат шығып еді. Сол аспаптың тағдыры не болды? Алматыға әкелінді ме? – Бұл домбыраның табылуына себепші болған Facebook желісіне алғысым шексіз. Менің жазбаларымды оқып жүретін Әубәкір Жұмабай Байзақұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Бесарық ауылының тұрғыны екен. Аталған жәдігер осы өлкетанушы ағайымыздың арқасында табылды. Бастысы, Ахмет атамыздың домбырасы осы Алматы қаласында болған екен. Және бұл күні музей-үйдің төрінде. Арғы жағы әзір жұмбақ ұстағым келеді. Өйткені қарашада қайта ашылатын музейіміз бен Ахмет Байтұрсынұлы саябағында қойылатын Ерен еріміздің еңселі ескерткішіне шашу болатын көзайымдарымызды да әзірге көз таса ұстағанымыз жөн деп отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет!