Бұл сұраққа бүгін қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен болған кездесуде жауап берді. Кездесуге келген тұрғындардың бірі әкімге, «Төле би көшесінің бойындағы трамвай рельстері әлі толық шешілген жоқ. Оның себебі не?»,– деген сауал қойды.
«Жақында Мемлекет басшысы Павлодарда Алматы трамвайына қатысты өкініш білдірді. Біз қаланы дамыту жоспарына енгізген жаңа жоба бойынша трамвай типті LRT салынатын болады. Ол бұрынғы трамвайдың бағытымен Төле би көшесімен өтеді. Сол кезде осы рельстерді кәдеге жарататын боламыз. Келесі жылдың көктемінде жобаның құны туралы түпкілікті шешім қабылдаймыз. Қала үшін «Саяхат» автовокзалынан Ақсайға дейін созылатын желілердің қосылуы өте маңызды. Қазір жұмыс жалғасуда. Қажетті жер телімдері сатып алынуда»,– деп жауап берді Алматы әкімі Ерболат Досаев.