Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде кәсіби мереке – орманшылар күні атап өтіледі. Өзгелерге елеусіз көрінетін орманшылардың қызметі үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Орман шаруашылығындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын павлодарлық Әмірқайыровтар отбасы көпке үлгі. Шалдай филиалының Первомай орман шаруашылығын және небәрі 10-ақ үйі бар Первомайка шағын орман ауылын бұл отбасынсыз елестету мүмкін емес. Біз бүгін ұрпақтар сабақтастығын үзбей келе жатқан орманшы, әулеттің үлкені Самат Әмірқайыровпен тілдесіп, орман шаруашылығындағы өзекті мәселелерді сөз еттік. – Орманшы болуыңызға не әсер етті? – 1976 жылдары ағам осы Первомай орман шаруашылығында тұрды. Ол кезде мен баламын. Ағамның үйіне ара-тұра келіп тұратынмын. Содан қарағайды көріп, бірден ұнатып қалдым. Осылайша, орманшы болуға деген мақсатым оянды. 1988 жылдан бері орман шаруашылығында 37 жыл еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде күзгі және көктемгі уақытта 4000 гектардан астам аумақта қарағай көшеттерін отырғызған. Қазір осы қарағай көшеттері бойлап, жайқалып өсіп тұр. Орман қызметкерлері үшін кез келген уақыт қызу жұмысқа толы. Көктемде ағаш көшеттерін уақытында отырғызу, күн ыстық және жаңбырсыз мезгілдерде, орманды өрттен қорғау, адамдардың ағаштарды өз бетінше кеспеуін қадағалау, тұқым жинауға қатысу сияқты жұмыстар – біздің міндетіміз. Осы табиғи байлығымызды отқа тигізбей, ұрлатпай қорғап, болашақ ұрпаққа табыстау – ол негізгі мақсатымыз. – Балаларыңыз бен жұбайыңыз да орманшы екен. Жалпы, балаларыңызға «орманшы бол» деп өзіңіз айттыңыз ба? Әлде өз таңдауы ма? – Иә, ұлдарым Асхат пен Әсет, қызым Әсем мен келінім Қарлығаш та орман шаруашылығында табанды еңбек етіп жүр. Мен балаларыма «жолымды қуып, орманшы болыңдар» деп айтқан емеспін. «Орман шаруашылығын» таңдаймыз дегенде де қарсы болған жоқпын. Олар туғаннан Первомай орманын көріп, қалың қарағайдың арасында өсті. Мүмкін, осы жағдай олардың орманшы болуына әсер еткен шығар. Екінші жағынан, менің жұбайым Мугүл Әбірқайырова да орманшылар әулетінен шыққан және бала кезі де орман шаруашылығымен тығыз байланыста болған. Ол кісінің де орман шаруашылығындағы жұмыс өтілі – 25 жыл. Еңбек жолын өрт сөндіру мұнарасының бақылаушысынан бастап, кейін радио операторы болып қызмет істеді. Орман дақылдарын егу мен отырғызу жұмыстарымен де айналысқан. Қазір Первомай орманшылығының мемлекеттік инспекторы. – Қазір елімізде орманшылар жетіспейді. Неге? – Дұрыс айтасыз. Елімізде орманшылар қартайып бара жатыр. Жастар орман шаруашылығына аз келеді. Мысалы, мен 2021 жылдың желтоқсанында зейнетке шықтым. Бірақ орманшылықта мамандар жетіспейтіндіктен, жұмысымды жалғастырып, жас орманшыларға тәлімгер болып жүрмін. Орманшылардың жетіспеуінің бірінші себебі, шалғайдағы, ну орман арасындағы ауылға жастар келіп тұрғысы келмейді. Екіншіден, орманшылардың еңбекақысы аз. Небәрі 100 мың теңгеге жетіп жығылады. Күні-түні орманның тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға бұл отбасын асырауға жетпейтін қаржы. Үшіншіден, жұмыс көп, жауапкершілік ауыр. Орманшы болу үшін табиғатты сүйе білу керек. Сондай-ақ осы мамандықты қалайтын адам аздап романтик те болады. Күні-түні жаяу жүріп, тоғайды аралау, жер бедерін жақсы тану, әр ағашты, әр бұтаның қайда өсіп тұрғанын, оның күтімін жақсы білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Біз мұғалімдер мен дәрігерлер қажет мамандық деп айтамыз ғой. Сол сияқты орманшыларға да көңіл бөлуіміз керек. Бүгін қамданып, орман шаруашылығына жастарды тартпасақ, ертең ормандар қараусыз қалады. Ал жастарды қызықтырудың басты жолы орманшылардың әлеуметтік жағдайын жасап, жалақыларын көтеру. Қоғамның әр саласындағы азаматтар өз кәсібін сүйіп, бар ынтасымен істесе, еліміз де гүлденер еді. – Орманның тыныштығын күні-түні күзетіп, ондағы аң-құсты бақылауда ұстайсыздар. Осы кәсіпте жүріп, өзіңіз куә болған қызық оқиғаны айтып беріңізші. – Орманшының қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Көбіне мұндай оқиғалар браконьерлерге қатысты болады. Күздің қара суығында орман ішінде бөгде адамдар жүр деген дабыл түсті. Түнгі сағат үште біз ештеңеге қарамастан орманға қарай бет алдық. Бірден полицейлерді де шақырып қойдық. Осылайша, үлкен көлікпен жүрген бір топ браконьерлерді үш жағынан қоршап ұстадық. Қуанышымызға орай, олар бірде-бір аңға тисіп үлгермепті. – Сонда браконьерлерді жиі кездестіресіздер ме? – Кезінде орман күзетіп жүргенімізде қарулы браконьерлерді кездестіргенбіз. Дегенмен қазір олардың саны азайды. Жалпы, біздің аумақта браконьерліктің алдын алу мақсатында күзет іс-шаралары күндіз-түні күшейтілген. Сол себепті айтарлықтай аты шулы браконьерлік фактілер тіркелген жоқ. Керісінше, орманымыздың жануарлар әлемін сақтау үшін биотехнологиялық іс-шаралар жоспарға сәйкес жүруде. Осы себепті жануарлар әлемі көбейіп жатыр. Біздің өлкеде қарағайға тән жануарлар мекен етеді. Елік,бұландар көптеп кездеседі.Кешкі уақытта қарағай аумағында емін- еркін жайылып жүреді. Адамдардың оларға тиіспейтінінің дәлелі деп ойлаймын. – Қостанайдағы орман өртінен қаншама адам зардап шекті. Жалпы, орман маңайындағы ауылдарда сақтық шаралары қаншалықты жасалған? – Жаз басталса, дала өрті көбейеді. Орман өртенсе, оны сөндіру өте қиын. Қасақана өрт қоюшыларды айтпағанда, шылымын да жөнді сөндірмей, өрт тұтандыратын жауапсыз адамдар қатары көп. Көпшіліктің экологиялық мәдениет деңгейі төмен екенін мойындауымыз керек. Өрт шықса, оны сөндіруге күрегінен басқа ештеңесі жоқ орманшының шамасы жете бермейді. Сол себепті орманда күшті күзет болуы үшін ең алдымен өрт сөндіретін көліктер қырағы күзетте тұруы тиіс. Қаланың өртін сөндіре алмай жатқанда, даланың өртін сөндіруге асықпайтын жайбасарлығымыз тағы бар. Осы мәселелер орманды көбейту үшін ағашты егіп қана қоймай, оның күзетін күшейту керек екенін тағы еске салды. Орман маңында отырған ауылдың көбі мал ұстайды. Сондай кезде өрттің қаупі екі есе жоғары болады. Орманшы ретінде біз ауыл-ауылды аралап, өрт қауіпсіздігі жайында жиі хабарлап, түсіндіріп отырамыз. – Әңгімеңізге рақмет!