Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриалды университетінде 3 мыңға жуық студент оқыса, оның 600-і соның жанындағы колледжде білім алады. Кеше университетте «АМАNАТ» партиясы активінің жастармен кездесуі өтті. Онда жастарға Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы туралы айтылды. Жиынға факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра оқытушылары мен белсенді студент-тер қатысты. «АМАNАТ» партиясы Теміртау қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Әжіков, Қарағанды индустриалды университетінің ректоры, басқарма төрағасы Болатбек Әбдрасілов, проректор Галина Сивякова баяндама жасады.
– Біз ашық бәсекелестік пен әркімге бірдей мүмкіндік беретін Әділ Қазақстан құрып жатырмыз. Транспаренттік, адалдық және өзара сенімде саяси қайта құруларды жүргізу принципі маңызды. Қазақстанның болашағы – біздің сөзіміз бен ісімізде. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасында таңдау жасаймыз. «АМАNАТ» партиясы қашанда қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүреді. Біз әртүрлі пікір мен көзқарас тоғысатын диалог алаңымыз. Егеменді мемлекет, азат ел, ашық қоғам – біздің мызғымас құндылығымыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы жақсы түсінеді. Тәуелсіздік – талай қиындықпен жеткен, халқымызға мирас болған ұлы бақыт. «АМАNАТ» партиясы халықтың сеніміне арқа сүйей отырып, баршаңызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларын қолдауға, Әділетті Қазақстан құру идеясы төңірегінде топтасуға, халық болып, ел болып бірігуге шақырады, – деді Нұржан Хамидуллаұлы.Ал Болатбек Серікбайұлы студенттердің ертеңгі күні Президент Жолдауында айтылған нақты тапсырмалардың жемісін көретінін айтып өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда елімізде жүзеге асатын жоспарлар туралы айтты. Оның бәрі Қазақстанның болашағы үшін. Біздің мақсатымыз – заманауи ғылымды экономиканы алға жетелейтін алып салаға айналдыру. Қазақстан жаһандық экономикадағы сын-қатерлерге төтеп беруі керек. Бізге де осы ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізетін жаңа әрі білікті мамандар қажет. Өйткені адам капиталы – ең құнды байлық. Бұл реформалар халықтың өмір салтын түзетуге, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге әрбір адамның құқықтарын толық қорғауға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы халық игілігі үшін жасалып жатыр, – деді Болатбек Әбдрасілов.Жиын соңында сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қарағанды облысы