Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш республикалық чемпионат өтті. Шараны еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы мен дәстүрлі садақ ату федерациясы ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – салт-дәстүрімізді жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, садақ атудың бұқаралық спорт ретінде дамуына ықпал ету, мектепте дене шынықтыру пәні бағдарламасына енгізу. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық садақшы қатысты. Жарысқа қатысушылар олимп нысанасы, жамбы нысанасы, пута нысанасы, қырғыз (Орта Азия) нысанасы, қазақ нысанасы форматтары мен финалдық кездесуден бақ сынады. Нысаналардың арақашықтығы – 10 метрден 75 метрге дейін. Чемпионат жасөспірімдер (7-18 жас аралығы), жастар (18-24) және ересектер арасында өтті. Садақ атудың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол, омыртқа жотасының түрлі ауруларына ем, көз ауруларының алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар қырағылықты арттырады, сабырлыққа үйретіп, психологиялық тұрғыдан ұстамдылықты дамытады.
Жарысты ашқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысушылар мен қонақтарды садақ атудан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы бірінші республикалық дәстүрлі чемпионаттың ашылуымен құттықтады. «Осы жарысқа еліміздің басқа облыстарынан келген қонақтарға, спортшыларға қош келдіңіздер дегім келеді. Маңғыстау ежелден салт-дәстүрді берік ұстанған, сыр мен ғажайыптарға толы киелі өлке саналады. Соның бір дәлелі – елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» марафонының жеңімпаздарының ерлігі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Еліміздің әрбір азаматы рухани, білімді, бәсекеге қабілетті болуы керек» деген тапсырмасы аясында спорт кешендері салынып, жөндеуді қажет ететіндері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасатын болады. Ата-бабадан қалған қаруды спорттық мақсатта пайдаланып, осы спорт түрімен айналысқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Барлық қатысушыға сәттілік пен жеңіс жолында табандылық тілеймін», – деді. Облыста дәстүрлі садақ ату спортымен 400-ге жуық спортшы айналысады. Оның ішінде 10-15 спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда облыс намысын қорғап жүр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов садақ атудың қыр-сыры туралы айтты. «Дәстүрлі садақ ату Қазақстанда 1990 жылдары басталды. Соңғы төрт-бес жылда бұл спорт түрі ұлттық дәрежеге көтерілді. Бүгінгі чемпионат Маңғыстау облысында алғаш рет өтіп жатыр. Қазір бұл спортқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Бұл спорт түрімен 7 жастағы бала да, 70 жастағы қария да айналыса алады. Садақ ату әлі де өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймын. Бүгінгі жарысқа еліміздің көптеген облысынан кіл мықтылар келді. Біз бұл спортты әлемдік деңгейге шығаруға дайынбыз, ол үшін жан-жақты қолдау білдіреміз. Жақында Түркияда өткен көшпенділер ойынында еліміздің садақшылары екінші орын алды. Бес елдің ішінде еліміз екінші орын алып, үш алтын, екі күміс, үш қола медальмен оралды», – деді И. Салжанов.Тұңғыш ұйымдастырылып отырған республикалық чемпионаттың жалпы жүлде қор – 9 750 000 теңге. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Шымкент қаласының мергендері алса, екінші орынды Абай облысының мергендері еншіледі. Ал үшінші орын Жетісу облысының мергендеріне бұйырды. Сондай-ақ әр нысана бойынша жас шамасына қарай үздік мергендер анықталып, ақшалай сыйақы табысталды.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы