– Халқымыз Тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де өте маңызды, жауапкершілігі мол кезеңдерді басынан өткерді. Әсіресе, биыл елде өзгерістер бірталай болды. Референдум арқылы халықтың сұранысына сай Конституцияға өзгерістер енді, күздегі Президент Жолдауында елді риза еткен жаңалықтар айтылды, міне, алда кезектен тыс президент сайлауы тұр. Мұндай саяси реформалар келер жылы да жалғаса беретіні анық. Елдің дамуы жолында осындай қадамдар жасаудамыз. Бұл тұрғыда таяуда елімізде кең ауқымдағы жиындарды айтсақ та болады. Алдымен дүниежүзіне әйгілі Рим Папасы Қазақстанға қонақ болып, әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұрған кезеңде бірнеше маңызды мәселелерді қозғады. Әсіресе, бейбітшілік жайына баса мән бергені көрінді. Өйткені әлемге жетпей тұрған ынтымақ пен бірлік екені айтпаса да түсінікті. Ал мұндай құндылықтардың қадірін ертеден ұғынған еліміз көпшіліктің мұқтаж дүниесін тап басып көрсетіп беріп отыр. Жүздеген ұлтты ұйыстырып, бір төскейде малын, түзде басын қосу, бәрінің мәдениетіне сыйластықпен қарап, ауызбіршілікте ұстап отыру оңай шаруа емес. Сонда да мемлекетіміз тыныштықтың кепілі болды. Бұған қоса, бірнеше жылдан бері басы қосылмаған ТМД елдерінің басшыларын жинап, саммит өткізудің маңызы орасан. Себебі осы арқылы біз өзгелердің алдындағы ықпалымызды арттырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол басқосуларға өзі төраға болып отырды. Күрмеулі мәселелерді ашық айтып, шешу жолдарын нұсқады. Ел-жұрт осындай беделге ие басшысы барына қуанғаны жөн. Мемлекетті басқарған тұлғаның абыройы халықтың өсіп-өніп, салалардың дамуына тікелей ықпал етеді. Ең бастысы, бірлігімізді жоғалтпай, ынтымағымызды аман сақтасақ – жұмылған жұдырықтай барлық кезеңнен сәтті өте аламыз.
Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның Халық әртісі