Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов металлургия, құрылыс, денсаулық сақтау, экология және логистика салалары бойынша 735 миллион АҚШ доллары болатын 5 меморандумға қол қойды.
«Ақтөбе облысы – еліміздегі экономикалық және стратегиялық маңызы зор ең ірі өңір. Аймақ – хром, титан, никель қоры бойынша дүниежүзінде көшбасшы. Оның аумағында көмірсутегінің болжамды қорының 30 пайызы шоғырланған, өнеркәсіптік мұнай қоры бойынша республикада үшінші орында. Біз таза, инновациялық және әртараптандырылған экономикалық модель ұстанып келеміз. Міндетіміз – инвестор тарту және инвестициялық жобаларды жан-жақты қолдау», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.KGIR 2022 барысында қол жеткізілген келісімдердің қатарында мультимодальды көлік-логистикалық хаб салу жобасы бар. Хаб аймақтық көлік-логистикалық жүйенің негізгі элементіне айналады деп күтілуде. Ол барлық қатысушының келісілген өзара іс-қимылын, сондай-ақ көлік, инвентар, сервис, ақпарат және қаржы ағынын біріктіруді қамтамасыз етеді. Жобаның өзектілігі – облыстың көлік-логистика тұрғысынан қолайлы орналасуы, экономикалық әлеуетінің қарқынды дамуы, қалыптасып келе жатқан Ақтөбе агломерациясы және миллион тұрғыны бар қала болу жоспарына байланысты екенін айта кету керек. Сондай-ақ өңір басшысы QazSpetsSteel ЖШС-мен болат балқыту зауытының құрылысы бойынша бірлескен меморандумға қол қойды.
«Зауыт еліміздің өндірісіндегі темір рудасы, флюс, ферроқорытпа, отынды пайдаланумен ерекшеленеді. Бұл жоба шетелдік жабдықтаушыға тәуелді болудан толық арылуға мүмкіндік береді. Жобаның өңір үшін де, жалпы ел үшін де маңызы зор. Оны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Е.Тоғжанов.Жоба рельс, теміржол дөңгелегі, құрылыс арматурасы мен пішінді болат өндіруге арналған блюмдер дайындайды. Жылына жалпы жиынтығы 990 млн доллар болатын дайындамалар мен құрылыс арматураларының импортынан арылтып, отандық өндірушілерді сапалы өніммен қамтиды. QazSpetsSteel ЖШС аталмыш жобаға 587 миллион АҚШ долларын инвестициялайды. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 800 мың тонна өнім. Зауыт толық жұмыс істесе 1500 адам жұмыспен қамтылады.
«Маңызды жобаның арқасында батыс өңірінің тұрғындары жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді. Орталық қызметі Ақтөбенің медициналық туризм саласындағы тартымдылығын арттыруға ықпал етпек. Оның салынуына мүдделіміз және жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Е.Тоғжанов.Ақтөбе облысы өнеркәсібі дамыған өңір болғандықтан өнеркәсіптер қоршаған ортаның өзгеруіне әсерін тигізіп жатыр. Аймақта су айдынының ластануы, қалдықтардың жиналуы және кәріз суын тазартатын қондырғылардың тозуы сияқты бірқатар экологиялық проблемалар бар. Әбден тозығы жеткен, қайта жөндеуді қажет ететін қондырғыдан шығатын жағымсыз иіс өңірдегі өзекті экологиялық мәселенің бірі. Облыс басшысы бұл проблеманы тез арада шешу міндетін қойды. Осыған байланысты қоршаған ортаның сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Кәріз жүйесін қайта құру және жөндеу, өндірістік қалдықты тазарту, қоқыс жинағыштарды жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Ұзақ уақыт бойы қолданылған кәріз тазарту қондырғыларын жаңарту бойынша келіссөздер жүрді. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бұл шара уақытша нәтиже беретінін және кәріз тазартатын жаңа қондырғы салу қажеттілігін атап өтті. Қондырғы салу жобасы ағынды судың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды су сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технология мен анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған. Жоба құны – 30 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы – тәулігіне 100 мың м³. Ақтөбелік бизнес-қоғамдастық өкілдері серіктес іздеу, өткізу нарығын кеңейту үшін диалог алаңын тиімді пайдаланды. Шетелдік серіктестермен В2В форматында бірқатар кездесу өткізіп, әлеуетті жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.