Көкшетауда орналасқан «Қазақстан агро инновациялық корпорациясы» зауыты еліміздегі көптеген өңірді ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуде. «Вираж» компаниялар тобының еншілес кәсіпорны болып табылатын өндіріс орны бүгінде отандық ауыл шаруашылығы техникаларын 10 жылдан бері шығарып келеді. Қазір кәсіпорынның еліміздің барлық қаласына таралған дилерлік желісі бар. Отандық ауыл шаруашылығы техникасы нарығында сенімді көшбасшылыққа қол жеткізген кәсіпорын алдағы болашақта өнім көлемін кеңейтуді көздеп отыр.
«Бізде ауыл шаруашылығы техникасының толық спектрі десек те болады. Атап айтқанда, тракторлар, астық ору комбайндары, тіркемелі және аспалы техникалар шығарылады. Теміртаудан қажетті бейінді жалпақ металдарды сатып аламыз. Бірнеше өндіріс учаскесі бар. Олардың әрқайсысында күрделі технологиялық операциялар, металды кесу және дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Құрастыру учаскелерінде МТЗ тракторлары, астық ору комбайндары құрастырылады», – дейді кәсіпорын өндірісінің басшысы Қайрат Дүйсембеков.Кәсіпорынның өнімдері еліміздегі астық өндіруші шаруашылықтарының бәрінде жоғары сұранысқа ие болған. Өндіріс алаңдарында МТЗ тракторлары, өнімділігі жоғары ACROS және TORUM астық ору комбайндары, RSM қуатты тракторлары, тіркемелі және аспалы құрылғылар құрастырылуда. Зауыт жұмысшыларының айтуынша, сапалы өнімдер ауылдағы диқан шаруалар үшін қолайлы бағада саудаланады. Бұл кәсіпорынның ауыл шаруашылығы техникасының көлемін ұлғайтуға себепкер болған.
«Күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін компания екінші индустриалды-технологиялық паркті сала бастады. Дәл қазіргі уақытта біз 6 мың шаршы метрлік алаңда жұмыс істеп келеміз. Тағы 12 мың шаршы метрлік өндірістік алаңын іске қосуға әзірлеудеміз. Өндіріс қуатын арттырып, станок парктерін сатып аламыз. Дәнекерлеу-жону құрылғылары жаңартылды. Лазерлік және фрезерлік станоктар басқа да жабдықтарға тапсырыс бердік. Ұзақмерзімді дамудың даңғыл жолына түсу – біздің басты мақсатымыз», – дейді кәсіпорынның бас директоры Олег Балыбин.Мұнымен қоса, кәсіпорында қазіргі заманғы технологиялық процестердің барлық талабына жауап беретін алдыңғы қатарлы құрылғылармен жабдықтау, дәнекерлеу, сырлау технологиялық процестерін жетілдіру жоспарланыпты.
«Бұл кәсіпорынның өндірістік қуатын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағы қосымша 200 білікті мамандарға жұмыс орны құрылмақ», – дейді зауыттың бас директоры.Кәсіпорын өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы шаруаларын қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің басқа аймақтарына да өз өнімдерін жеткізбек ниетте. Автоматтандырылған және цифрлық технологияларды қолдануға белсене кіріскен кәсіпорын өнімді шығару кезеңдерін де жетілдіре түскен.
Ақмола облысы