25 қазан – Республика күні қарсаңында Астанада журналистер мен қаламгерлер арасында бильярдтан турнир өтті. Elorda Aqparat медиахолдингінің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бильярд жарысында үлкен, орта және кіші буын қаламгерлер қауымының өкілдері бақ сынасты. Жарысқа түрлі республикалық БАҚ-тан 32 адам қатысқан. Турнирге бильярдтан екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Ернар Чимбаев арнайы Алматыдан келіп төрелік етті. Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбектің айтуынша, турнирдің негізгі мақсаты – елордалық қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосу болған.
«Елордадағы қолына қалам ұстаған журналистер, қаламгерлер қауымы, зиялы қауым ағаларымыздың басын қосып, үстел үстінде қауышып, көптеген көрмеген ағаларымызбен сағынышымызды басып, сондай-ақ шын мәнінде мерекені сезіну мақсатында аға буын, орта буын, жас буынды жинап мерекені мәнді қылып атап өттік. Ойымыз жүзеге асып, кеше керемет турнир болды» – деді Олжас Сыдықбек.Турнирдің ең үлкен ойыншысы классик жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар жазушы Уәлихан Қалижан Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдемен марапатталса, жазушы, ғалым, тарихшы Қойшығара Салғараұлы Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Сенатор Нұртөре Жүсіпке «Мерген» арнайы жүлдесі, ақын Несіпбек Айтұлына «Ең мәдениетті ойыншы» жүлдесі бұйырды. Турнир қорытындысы бойынша, бірінші орынды Нұрділда Ораз жеңіп алып, 200 мың теңге ақшалай сыйлық иеленді. Екінші орын мен 150 мың теңгеге журналист Ахмет Қайратұлы ие болды. Ал жүлделі үшінші орын мен 100 мың теңге ақшалай сыйлықты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, журналист Жанарбек Әшімжан мен журналист Ербол Ерденбек алды.
«Бұл Elorda Aqparat медиахолдингі ұйымдастырып отырған бірінші бильярд турнирі. Бұйырса келесі жылдан бастап дәстүрлі турнирге айналдырып, Республика күні қарсаңында жыл сайын өткізіп тұрсақ деген ниетіміз бар» – деп атап өтті Олжас Сыдықбек.