Рахимнің алмасын ресейліктер тұтынуда Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын алшаң бастыру бағытында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Әсіресе, үдемелі алма бақтарын өсіруде Жамбыл өңірі өзгелерден көш ілгері келеді. Бір ғана Қордай ауданында интенсивті алма бақтарының аумағы 684 гектарды құраса, Рахим Сулейманұлы басқаратын «Азия Сад» ЖШС 130 гектарға алма ағашын отырғызған. Негізі, Қордай ауданында үдемелі алма бақтарын өсіру 1979 жылдан бастап жоспарлана бастаған. Кейінгі кезде шаруалар бұл тірліктің тетігін тауып, бүгінде алма иісі аңқыған интенсивті бақтарды жайқалтып отыр. Қарасай округіне қарасты алма бақта қазір «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» сынды алманың 4 түрі өсірілуде. «Азия Сад» ЖШС өз шаруашылығын бастамас бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 миллиард теңге қаржы алған. Ал жалпы жобаға салынған инвестиция сомасы 4 миллиард теңгені құрайды. Рахим Машухей баққа қажетті көшеттерді Италия елінен сатып алған.
– Алма ағаштарын өсіру үшін арнайы технология қажет. Бақты отырғызар алдында жер дайындалып, араларына сым арқаннан тартылған бетон тіректерден тұратын шпалер жүйелер орнатылады. Аталмыш жүйе жел соққанда жас көшеттерді сыну мен майысудан қорғайды. Аласа екпелердің тамыр жүйесі өте қысқа болады. Ұзындығы 40 см. Айта кетерлігі, бақтағы алма ағаштардың бойын кесу арқылы 3-3,5 метр деңгейде ұстауға болады. Оған қоса, табиғи жағдайлар мен ауа райы қолайсыздығынан қорғау үшін арнайы тор тартылған, ол қыс мезгілінде жиналады.Ал интенсивті алма бағының кәдімгі бақтан айырмашылығына келер болсақ, классикалық алма бағында 1 гектарға шамамен 600 ағаш отырғызылса, интенсивті бақтың 1 гектарына 3,5 мың ағаш отырғызылады. Интенсивті бақ жемісті екінші жылы берсе, классикалық алма бағы өнімді 5-7 жылдан кейін бір-ақ береді, – дейді шаруа. Іске қосылғанына 4 жылдан енді асқан «Азия Сад» ЖШС өнімді өткізуді тура жолға қойған. Қарасайлық алмалар ішкі нарықтан бөлек, қазір Ресей мемлекетіне де экспортталуда.
– Шаруашылық өз тірлігін енді бастағанда бірнеше жылдан кейін осында жұмысқа келеміз деп ойламадық. Жұмыс күні таңғы сағат 07.00-ден басталып, сағат 16.00-де аяқталады. Жалақымыз жақсы. Серіктестік басшысы жұмысшылардың жағдайына түсінікпен қарап, ауылдан баққа дейін жету үшін жол ақысын төлейді. Жұмыс ауыр емес, бізге ұнайды. Менің жолдасым мүгедек, жұмыс істемейді. Сондықтан тұрмыста таршылық бар. Ал бұл жұмыс кәдімгідей жыртығымызды жамап, демеу болуда, – дейді ауыл тұрғыны Халбүбі Исаева.Алма бағы бүгінде гектарына шамамен 20 тонна өнім беруде. Алайда серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылық әлі пайдаға шықпапты. – Алдын ала есеп бойынша біз кестеден сәл кешігудеміз. Шығынның орнын 5 жылдың ішінде өтейміз деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда бұл мерзім 7 жылға дейін ұзартылды. Бақта күніне 2 сағаттық тамшылап суғару технологиясы қосылады. Суғару автоматтық құрылғымен реттеледі. Жұмысшылар суғару процесін бақылап, түтіктердің қоқыс пен топыраққа толып кетпеуін қадағалап отырады. Күздік өнім жинау науқанында 200 адам жұмыспен қамтылады. Дені жергілікті ауыл тұрғындары, – дейді Рахим Сулейманұлы. Шаруаның айтуынша, алма жинаудың күн сайынғы төлемі 5 000 теңгені құраса, бұл шаруаға жергілікті мектептің жоғарғы сынып оқушылары да тартылады екен. Алмалар арнайы салынған қоймада сақталатын болса, онда өнім бүлініп кетпеуі үшін үлкен тоңазытқыш орнатылған. Өзге шаруашылықтарда алма салынған жәшікті жұмысшылар қолмен таситын болса, «Азия Сад» ЖШС-да бұл жұмысқа тіркемесі бар көлік жұмылдырылған. Осылайша, серіктестік басшысы қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп отыр. Өнім толықтай жиналып біткеннен кейін де бақтағы тірлік тоқтамайды. 30 жұмысшы торды жинау, жеміс ағаштарын бұтау сынды жұмыстармен көктемге дейін айналысады. Бақта алма ағаштарын зиянкестерден қорғау мен оларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге де баса ден қойылған. Бұған Италия елінен келетін мамандар жауапты. Олар келісімшарт бойынша вегетация және алманың пісу кезінде бақтарға бірнеше рет келіп кетеді. Осыны тиімді пайдаланған серіктестік басшысы шетел мамандарының білгенін өз қызметкерлеріне үйретуде. Тағы бір айта кетерлігі, Рахим Сулейманұлы жұмысшылары үшін жатақхана салуды жоспарлап отыр. Өз тірлігін осылайша дөңгелетіп отырған азамат халықтың қамын бірінші орынға қоюда. Бұл, әрине қандай мақтауға да лайық. Алдағы уақытта «Азия Сад» ЖШС-ның жұмысы тағы да жүйеленіп, өнімі еселеніп өседі дегенге сенім мол. Ең бастысы, алақандай ауылда атқарылып жатқан осындай тірліктер өзгелерге үлгі болсын деп тілейміз.
Жамбыл облысы