Алматылық студент Нұрдәулет Абылайханұлы төрт жыл бойы мемлекет есебінен тегін білім алатын оқу грантының иегері бола тұра, ақылы бөлімде білім алуға мәжбүр. «Грантқа түстім» деп қуанып жүрген жасөспірім жағдайдың қалайша бұлай өрбіп кеткенін түсінбейді. Тіпті, бұл жайт ата-анасына да түсініксіз. Мән-жайды нақты білмек болып, олардың ашпаған есігі қалмаған. Қырсық квотаның заңсыздығынан басталған С.Асфендияров атындағы Медициналық университеттің 1-курс студенті Нұрдәулет Абылайханұлы Алматыдағы №178 мектеп-лицейді бітірген. Әкесі Абылайхан Сопбек 1983-1985 жылдары ауған жерінде интернационал жауынгерлік борышын өтеген. Мәселенің бәрі осы ауған жерінде әскери борышын өтеуінен басталған. Талапкер жоғары оқу орнына құжат тапсырған сәтте әкесінің Ауған соғысына қатысқанын дәлелдейтін құжатты қоса тапсырған. Себебі оқу грантын иелену үшін аталған құжаттың қандай да бір көмегі болып қалар деп ойлаған. Негізінде, елімізде жоғары және арнаулы білім алу үшін ардагерлерге арнайы квота қарастырылған. Алайда бұл квота сол ұрыс қимылдарға қатысқандарға ғана ұсынылады. Екінші жағдайда бұл жеңілдік жауынгер ұрыс қимыл кезінде қаза тапқан болса, оның ұлы немесе қызына қолданылады. Бұл жерде біздің кейіпкеріміз аталған санаттың екеуіне де жатпайды. Солай бола тұра, құжат қабылдаушылар Нұрдәулеттің құжатын осы санат бойынша қабылдап алған. Артынан оған Денсаулық сақтау министрлігінің есебінен қаржыландырылатын аталған мемлекеттік білім беру гранты берілген. Осылайша, «грант ұтып алып, тегін білім алатын болдым» деп қуанған талапкердің қуанышы қыркүйек басталғанда су сепкендей басылған. Себебі негізсіз қате берілген квоталық грант. Амалсыз ақылы бөлімде оқып жүр Қолындағы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 20 бұйрығы негізінде берілген оқу грантының жарамсыз екенін Нұрдәулет оқу жылы басталғанда бір-ақ білген. Университет басшылығы студентке аталған грант сертификаты жоғарыдағы себептерге байланысты жарамсыз екенін алға тартқан. Амалы таусылған ата-ана университет ректорының қабылдауына кірген. Ол жерден де қуанарлық шешім естімеген. Себебі заң бәрімізге ортақ. Бірақ аталған оқу орнының басшылығы студенттің оқудан қол үзбеуін ойлап, мүмкіндігінше көмек қолын созған көрінеді. Алайда ақылы бөлімде оқытудан басқа амал жоқ екенін айтқан.
«Оқу орнының ректоры жағдайға түсіністікпен қарады. Бірақ мұндай жағдайда ақылы бөлімге ғана оқыта алатынын айтты. Олардың бір көмегі 1 млн 200 мың теңге бір жылдық оқу ақысын, ай сайын 170 мың теңгеден бөліп төлеп тұруға жағдай жасап берді», – дейді студенттің әкесі Абылайхан Сопбек. Сонымен қатар оқу орнының басшылығы жағдайды айтып, Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласқан жөн екенін айтыпты.Министрге кіре алмай жүр Алайда Нұрдәулеттің әкесі елордаға екі рет барып, осы салаға жауапты ведомство басшысы Саясат Нұрбекке, болмаса тікелей жауапты орынбасарларының біріне жолыға алмай, тауы шағылып қайтқан.
«Астанаға екі рет бардым. Қазан айының басында барғанымда «министр бос емес, тек алдын ала жазылу арқылы ғана кіре аласыз» деді. Сол күні 28 қазан күнгі қабылдауға жазылып кеттім. Сол бойынша 28 қазан күні елордаға тағы бардым. Қызық болғанда, мен министрдің қабылдауына жазылғандардың тізімінде жоқ болып шықтым. Осылайша, екі рет тауым шағылып отыр. Бірақ соңғы барғанымда министрліктің екі өкілі қабылдады. Олардың айтуынша, базадан техникалық қате кеткен. Бірақ нақты кім қателесті, оны қалай қалпына келтіруге болатыны туралы мардымды жауап айта алмады. Баламның болашағына зор нұқсан келіп тұрғанын ешкімге айтып түсіндіре алмадым. Жолыққан екі маман мені қайтадан оқу орнының басшылығынан көмек сұрауымды айтып, соларға бағыт сілтеп жіберді. Олардың айтуынша, ректордың арнайы гранты бар екен. «Соны сұраңыз» деп шығарып салды»,– дейді қамыққан әке.Жеңілдіксіз де түсе алар еді
Бізге шағымданған студенттің әкесі ұлының жеңілдіксіз-ақ грантқа түсе алатын мүмкіндігі болғанын айтады. Оның айтуынша, Нұрдәулет дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Ол өзі оқыған мектеп-лицейде химия бағыты бойынша білім алған. Сонымен қатар ҰБТ-дан 107 балл жинаған. Бұл жетістігімен ешқандай да жеңілдік квотасыз-ақ С.Асфендияров университеті болмаса да, өзге қалалардағы медициналық жоғары оқу орнының біріне түсе алар еді. Алайда еліміздегі медицина саласы бойынша көшбасшы оқу орны грант ұсынып тұрған соң қуана-қуана таңдаған. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Әбігерге түскен әкенің тағы бір реніші, Асфендияров атындағы Медицина университеті басшылығы алған гранттың күші тамыз айының аяғында-ақ жойылғанын айтқан. «Бірақ бізге сол уақытта бұл туралы ешкім хабардар еткен жоқ. Бәлкім, дер кезінде білгенде басқа оқу орнын таңдау секілді бір амалын қарастырар ма едік?», – дейді Абылайхан Сопбек.Сонымен, оқу жылы басталғалы сары уайымға түскен студент пен әбігерге түскен ата-ана «әділдік салтанат құрып, кім нақты кінәлі екені анықталса» дейді. Айдың-күннің аманында шырылдап жүрген ата-ана мен жабыққан баланың тағдырына араша болып, Ғылым және жоғары білім министрлігі құлақ асар деген үміттеміз.
Алматы