2022 жылдың 29-31 қазанында Республика күніне орай Абай университетінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректорының Кубогы үшін студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті.
«Жаңа Қазақстан: жаңа кезең, жаңа бағыт» республикалық пікірсайыс турнирінің мақсаты – ұлттық мерекені кеңінен насихаттау, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, пікірталас қозғалысының дамуына ықпал ету.
Іс-шараға университет ректоры Дархан Біләлов, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, «Альфа-Академия» білім академиясының директоры Бакнұр Зиябеков және 31 арнаның директоры Құрманбек Жұмағали және 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасының директоры Ержан Жүніс, жеке кәсіпкер Әділ Әбдірахман, тележүргізуші Бақгелді Баян қатысты.
Дархан Біләлов қатысушы командалардың мүшелеріне алғысын білдіріп, студенттік өмірдегі осындай іс-шаралардың маңыздылығын және олардың жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлін атап өтті. «Пікірсайыс турнирлері арқылы жастарымыздың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамытуға және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға көңіл бөлу қажет. Алдағы уақытта бұл дәстүр жалғасын табатын болады. Біз жастарымыздың жаңа Қазақстандағы болашағын айқындайтын қадамдарды қолдауға әрқашан дайынбыз», – деді ректор.