Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың сайлауалды үгіт-насихат штабы 6 өңірді аралады. Бұл туралы «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков үгіт-насихат жұмыстары туралы республикалық телеарнаға берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жигули Дайрабаевтың қатысуымен Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында болдық. Енді тағы 4 аймаққа барамыз. Осы аптаның соңына дейін елдегі 20 өңірдің жартысын аралаймыз», – деді Рахымбеков.Ол атағандай, «Ауыл» партиясы еңбек адамдары бағытында жұмыс істеп жатыр.
«Партия ауыл мәселелерін ғана емес, қалалық мәселелерді де көтеріп жүр. Халық саяси науқан жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Оның ішінде олар жалақының аздығы, азық-түліктің қымбаттауы, әлеуметтік кәсіпорындардың жұмысы секілді мәселелерді көтереді. Мектеп, денсаулық сақтау мекемелері, балабақшалардың жұмыс істеуі ауыл халқын алаңдатады. Сондай-ақ фермерлерді мемлекеттік қолдау мәселесі, оларға субсидияның берілуі де талқыланады», – деді ол.