Петропавл қаласында тасымалдаушылар мен билік өкілдері бір келісімге келе алмай жүр. Жолаушы тасымалдау қызметін көрсететін кәсіпкерлер қалалық әкімдік уәде еткен субсидиясына жарытпай отыр, мәжбүрлеп алдырған көліктер істен шығып жатыр, жөндеуге қаржы қарастырылмаған деп шағымдануда. Ал әкімдік өкілдері мұның бәрін жоққа шығарып бағуда. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені түсініксіз. Былтыр Петропавл қаласында жолаушы тасымалдау үшін 100 «Ютонг» автобусы сатылып алынған еді. Олардың әрқайсысын 40 миллион теңгеге үш кәсіпкер лизингке ресімдеді. Оның шарты бойынша, олар енді жеті жыл бойы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарызын төлеуі тиіс. Субсидия уақытында төленбегендіктен, тасымалдаушылар ең алғашқы төлемін кешеуілдеткен кезде олардың есеп-шоттары тұтқындалып, өсімпұл есептелген болатын. Кейін мәселеге облыстық әкімдік араласып, дауды шешудің сәті түсіп еді.
«Жуырда бізге жаңа келісімшарт ұсынды. Онда бюджетте қаражат болмаған жағдайда субсидия төленбейді деп ашық жазылған. Біз мұнымен, әрине, келіспейміз. Жергілікті атқарушы органдар өз мойындарынан жауапкершілікті мүлдем алып тастамақшы. Қазір түгел болмаса да, аз-мұз тиын-тебен түсіп тұрады. Ал келісімшартқа қол қойсақ, одан да қағыламыз. Лизингті өз күшімізбен төлеуге шамамыз келмейді. Субсидияның 90 пайызын соған шығындаймыз», – дейді «ПетроАвтобус» және «Партнер-Авто» ЖШС директоры Болат Рақымов.Тасымалдаушылар субсидия мәселесін әртүрлі деңгейде әлсін-әлсін көтеріп жүр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілге де базынасын жеткізген болатын. Содан кейін сең қозғалғандай болып, қаржы төлене бастады. ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН Ал енді сұрап отырғандары – қосымша субсидия. Әкімдіктегілер осылай түсіндіріп отыр. Солтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылардың айтуынша, тасымалдаушылар жоспарланғаннан бөлек, қосымша субсидия сұрап отыр, ал бюджетте оған қаржы қарастырылмаған.
«Жолаушылар тарапынан шағым көбейгендіктен, кейбір жайттарды тексере бастаған кезде, тасымалдаушылар бұған жауап ретінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шу көтере бастады. Біз олардың шығындарын алдын ала есептедік. Соған сәйкес бөлінген бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы оларға жыл соңына дейін артығымен жетеді. Жоспар бойынша 2 миллиард теңгедей қаржы қарастырылған. Бірақ олар мұны қабылдағысы келмейді, әрі тұрғындарды дүрліктіре береді. Халық бұл саланың ұңғыл-шұңғылын біле бермейтіндіктен, тасымалдаушыларды қорғауға дайын тұрады», – дейді басқармасының бөлім басшысы Қанат Барқытов.Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллиннің мәліметінше, облыстық бюджеттен бір миллиард 450 миллион теңге бөлініп, бір миллиард 314 миллион теңгесі төленді. Одан соң бюджеттен қосымша тағы 500 миллион теңге бөлінді. Сонымен, жылдың соңына дейінгі соманың бас-аяғы – бір миллиард 900 миллион теңге.
«Тасымалдаушылар қосымша қаржы сұрап отыр. Олардың өтініші тарифтік комиссияда қаралды. Комиссия олардан субсидияға қажеттілікті дәлелдейтін құжаттар пакетін сұратты. Құжаттар ұсынылған соң мәселе қаралып, шешім шығарылады. Әзірге растайтын құжаттар жоқ», – деді Асқар Хабибулин.Атап айтқанда, кәсіпкерлерден әр жүргізушіге қанша жалақы төлеп отырғаны сұралған.
«Қазір олардың салығы көбейді. Бұрын олар осынша көлемде салық та төлемейтін. Қолма-қол есеп айырысқан кезде жасырын табыстары мол молды. Енді заңды қызметке кірісті. Кірістері азайды. Бұл, әрине, олардың көңілінен шығып отырған жоқ. Жуырда қалалық бөлім олардан әр жүргізушіге қанша еңбекақы төлеп отырғаны, қанша зейнетақы төлемдерін аударатыны туралы анықтама сұратып еді. Бұған тасымалдаушылардың барлығы қарсылық білдіріп, штаттық кесте мен басқа да құжаттар жеткілікті деп өре түрегелді. Еңбекақы шығындарын дәлелдегісі келмейді. Ал аудит жүргізетін болсақ, Президентке дейін жететін түрі бар», – дейді әкімдіктегілер.Олардың түсіндіруінше, бүгінде тіпті тасымалдаушылардың бұрынғы және қазіргі салығын салыстыру да мүмкін емес. Себебі көбі басқа заңды тұлға ретінде тіркеліп алған. Сондай-ақ бұрын бір бағытта қанша автобус жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік беретін қосымша болған екен, қазір ол да жоқ. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар 19 бағыт бойынша 8 кәсіпорынның 185 автобусы қызмет көрсетіп жүр. Жалпы, барлық бағыт бойынша 200 шақты автобус бар. Бірақ жолаушылар аялдамада 30-40 минуттап тұратындарын айтып шағымдануда. Әсіресе, таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытында автобустар лық толы. Тасымалдаушылар тіпті автобустарды тоқтатуға дейін баруға дайын. Немесе көліктердің санын барынша азайтып, қарбалас сағаттарда ғана жолаушы тасымалдауға көшпекші. ЖӨНДЕУ КІМНІҢ МОЙНЫНДА? Себебі олардың айтуынша, былтыр лизингке сатылып алынған автобустардың сапасы сын көтермейтін болып шыққан. Олар бірінен соң бірі істен шығып жатқан көрінеді. Қытайда жасалған көлікке қосалқы бөлшек тауып алу да қиынның қиыны, себебі саудада жоқ.
Осының бәрі тасымалдаушыларды шығынға батырып отыр. «Субсидия уақытында төленбеуде. Ақшамыз несие төлеу түгіл, күнделікті шығынымызды жабуға да жетпейді. Автобустарымыз бірінен соң бірі сынады. Оларға арналған қосалқы бөлшектер қымбат екені өз алдына әрі оларды іздеп табу да мүмкін емес. Бізге Қазақстанда осындай автобустарға арналған сервистік қызмет ашамыз деп уәде беріп еді. Онда қосалқы бөлшектер де, шеберханалар да болуы тиіс-тін. Бірақ әлі күнге дейін түк жоқ. Автобустарды сатып алған кездегі кепілдікке келсек, негізгі агрегаттарға берілген кепілдік мерзімі аяқталды. Бізге небәрі 1 жылға немесе 50 мың шақырымға ғана кепілдік берілген болатын. Бұл бағыттық автобустар үшін тым аз», – дейді «ПетроАвтобус» және «Партнер-Авто» ЖШС директоры Болат Рақымов.Оның түсіндіруінше, бір жылға толар-толмас уақытта автобустар жүздеген шақырым жол жүрген. Бүгінде қозғалтқыш сияқты тек ең ірі қосалқы бөлшектерге ғана кепілдік бар. Қалған бөлшектерді өздері сатып алуға тиіс. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, көліктің біреуі сынса, басқасы да көп кешікпей істен шығады. Тасымалдаушылардың сөзіне сенсек, кепілдік бойынша тек рессорларды ғана жөндей алыпты. Оның өзі автобусты сатып алған соң бірден істен шыққан. Жүргізушілер жарты жыл қиналған соң ғана жуырда өндіруші оларға жетілдірілген жаңасын ұсыныпты. Қосалқы бөлшектерді сатып алу үшін жүргізушілер басқа өңірлердегі әріптестерімен хабарласып, қат тауарды шам алып іздеуге мәжбүр екенін айтады.
Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар мұны жоққа шығарып отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, олардың жөндеу жұмыстарына жұмсаған шығындары он пайыз көлемінде субсидияланады. «Өз қаржысы есебінен жөндейміз дегендері дұрыс емес. Барлығы субсдияланады. Бұл – бір. Екіншіден, кепілдік мерзімі аяқталмаған барлық қосалқы бөлшектер тегін беріледі. Яғни, өндіруші-зауыт өзі тегін алмастырып береді», – деп түсіндірді Қанат Барқытов.Кімнің сөзі – рас, кімдікі – өтірік екеніне баға беретін біз емес. Бәріне халық сыншы. Тұрғындардың басым көпшілігінің пікірінше, тасымалдаушылар мен шенеуніктер оттасып-соттаспай, дөңгелек үстел басында барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысуы тиіс. Сонда ғана қоғамдық көлік саласында тәртіп орнамақ.
Солтүстік Қазақстан облысы