Әлеуметтік мәселенің басы – жұмыссыздық. Сондықтан Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арттыруды міндет етіп отыр. Елорда әкімдігі мемлекет алдына қойылған осы мәселені оңтайлы шешудің шешімін тапқан.
Президент пәрменін орындау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО КММ мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп университеттің жоғары курс студенттері үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамытуды мақсат еткен бұл шара шаһарда тұрақты өткізіледі. Мәселен, жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен үш бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Оған елорданың 126-дан астам жұмыс берушісі қатысып, 800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ 1 200-ден астам жастар мен студенттер шараның шапағатын көргені қуантады. Яғни, бір жылдың өзінде жәрмеңкеге қатысқан 150-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Жастарды жұмыспен қамту аясында қолға алынған бұл жоба өз жемісін беріп жатқаны сол, бүгінде орташа алғанда қатысушылардың 30 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып, еңбек етуде.
«Астана жастары» ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тлеулиннің айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әкімдіктің қолдауымен тоқсан сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр. Бұл жолы коммуналдық мекеменің ұлттық университетпен бірлесіп өткізіп отырған дәстүрлі шарасына 40-тан астам компания қатысып отыр. «Осы жолы жәрмеңкеге 40-тан астам компания қатысып, 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, жәрмеңке жастарды ғана емес, екі қолға бір күрек таппай жүрген қала тұрғындарын да жұмыспен қамтуға баса көңіл бөледі. Біздің жәрмеңке әртүрлі жастағы түрлі саланың адамдарына арналған. Мысалы, осыған дейін өткізілген жәрмеңке Орталық базар маңында ұйымдастырылды. Бұл жолы студенттер арасында өткізіп отырмыз. Себебі жоғары курста оқитын түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Көзді ашып-жұмғанша үлкен өмірге жолдама алатын студенттердің жұмыспен қамтылуы маңызды», – дейді Шыңғыс Тлеулин. Сондай-ақ ол жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізетін орынды таңдауға да үлкен мән берілетінін айтып отыр. Мәселен, жәрмеңке адам көп жүретін қоғамдық орындарда ұйымдастырылады. Ал жастарға арналған жәрмеңкені университет қабырғасында өткізудің тиімді тұсы көп. Егер 3-4 курс студенттері жұмысқа қабылданып жатқан жағдайда көптеген жұмыс берушілер екі жаққа да тиімді жұмыс кестесін ұсына алады. «Студент тұрақты жұмысқа қабылданбаған күннің өзінде алдын ала іс тәжірибеден өтуге мүмкіндік алуына болады. Көп жағдайда жұмыс берушілер жас түлектердің өз қабілет-қарымын көрсетіп, біліктілігін танытуға уақыт береді. Өз ісіне ұқыптылық танытып, біліктілігін шыңдаған жас маманды жұмыс берушілер де жібергісі келмейді. Сол үшін университет бітіргеннен кейін жинақтаған тәжірибесін ары қарай жалғастырып, бірден жұмысқа орналаса алатындай мүмкіндік жасап бере алады. Сондықтан тұрақты және уақытша жұмысқа қабылдану әрбір жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің өзіне байланысты», - дейді Шыңғыс Тлеулин.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін алғы сөзімен ашқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Академиялық сұрақтар бойынша департамент директоры Қашқынбай Байжұман жұмыс жәрмеңкесі – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс орнатуға арналған алтын көпір екенін жеткізді. Бұл елорда жастары үшін өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерделеуге және бірнеше жұмыс берушілермен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік беретінін айта келіп: «Біздің мақсатымыз – болашақ мамандарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау ғана емес, мамандықтары бойынша біліктілік тестінен өтуге мүмкіндік беру. Жоғары курс студенттері үшін ол да жауапты кезең. Әсіресе, қазір педагогика мамандықтары бойынша сертификаттан өту міндеттеліп отыр. Өз кезегінде жұмыс берушілер жас мамандардың арасынан өз кәсібіне адал, болашақ білікті кадрларды іріктеп ала алады. Сол үшін тәжірибеге жинауға мүмкіндік беретін шарадан қалыс қалмай, жан-дүниелеріңіз қалайтын жұмыс орындарыңызды анықтап, мүмкін болса алдағы тәжірибелік сынақтарыңызды жұмыс берушілердің базасында өткізе алатындай екіжақты келісімге келуге болады. Тамаша мүмкіндіктен құр қалмай, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті маман атануларыңызға тілектеспін!» – деді құттықтау сөзін арнаған Қашқынбай Балтабайұлы.