Абай облысы құрылғалы бері өңірде ел игілігіне қызмет ететін жобалар мен нәтижелі жұмыстар көбейіп келеді. Абай облысы құрылғалы өңірде жалпы оқушы орны 1700 болатын 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде Семей қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып келеді. Аягөз қаласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін балалар орталығы ғимаратының жапсырма құрылысы да халық игілігіне ұсынылды. Ендігі уақытта мүгедектігі бар балаларды оңалтуда көмек көрсету және қоғамдық көлікте мүгедектігі бар адамдар мен оларды алып жүруші кісілердің тегін жүріп-тұруы сияқты мәселелер қарастырылып жатыр. Сондай-ақ кедергісіз ортаны құруға да үлкен назар аударылуда. Мәселен, жаңа көпір астындағы кеңістікте жүргіншілер өткелі салынды. Қараусыз жатқан алаңқайдың орнына спортқа, демалуға және ойын-сауыққа арналған көпфункциялы қолайлы аймақ пайда болды. Екі жылы аялдама орнатылды. Одан бөлек, жақында тағы екеуі 72-орам мен облыстық аурухана жанына қойылады. Екі айдың ішінде қалада ситуациялық орталық құрылды, онда қоғамдық қауіпсіздікті күзетететін 687 камера, әлеуметтік нысандардағы 88 камера, желілік учаскелердегі 74 камера және қарбалас қиылыстардағы 40 камераның бейнеағыны трансляцияланады. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1 қазаннан бастап Семей қаласында «Сергек» фото және бейнебақылау жүйесі енгізілді. Орнатылған 1 500 бейнебақылау камерасы жоғарыда аталған ситуациялық орталыққа қосылған. Қоғамдық көлікке келсек, әкімдік биыл 30 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасатын болады. Инвесторлармен жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Олардың тарапынан өңірге қызығушылық орасан. Облыс басшылығы өз кезегінде оларға қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға әзір. Биыл 2 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның бірі – жел электр стансасы болса, екіншісі – «Бахты» көлік-логистикалық орталығы. Жыл соңына дейін өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені саласында 985 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Мемлекет басшысы Абай облысына сапары кезінде өңірді дамытуға бірқатар тапсырма беріп кеткен болатын. Олар инфрақұрылым, жол жөндеу, ЖЭС құрылысы, көлік әлеуетін арттыруға қатысты. Бүгінде Абай облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспар дайындалуда. Ол балабақша, мектеп, аурухана құрылысы, аудандарды дамыту, инвестициялық жобаларды нығайтуды қамтиды. Ал Президенттің ЖЭС-3 салу туралы тапсырмасына келсек, жылу энергиясын өндіру мөлшерін арттыру үшін Энергетика министрлігі Семей қаласында ЖЭС-3 құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін түзету туралы оң шешім қабылдады. Одан бөлек, Мемлекет басшысы аспалы көпірді жөндеуден өткізуді де тапсырған болатын. Жапониялық мамандар тексеріс жүргізді. Жөндеу жұмысының шығыны 5 млрд теңге шамасында бағаланды. Бұл мәселеде республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Қазір Семей қаласында Оқушылар сарайының құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында музей-археологиялық кешен мен әкімшілік ғимараттың құрылысы салынуда. Одан басқа, Үржар ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған.
Б.ИКРАМОВА