Мемлекет басшысының Жолдауында баса айтылған тақырыптың бірі – Қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рөлін айқындау. Өйткені қоғамның қозғаушы күші саналатын кеңес мүшелері халықтың талап-тілегін құзырлы орынға жеткізіп, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізуі керек-ақ. Бұл орайда Қоғамдық кеңеске артылар жүк ауыр. Өңір өмірін тап басып, жұртшылықтың жанайқайын жеткізу арқылы аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға серпін беретін Қоғамдық кеңеске жергілікті билік қаншалықты құлақ түріп, азаматтық қоғамның үнін естуде құлық танытып жүргені туралы Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфұхар Ғайыповпен сұхбаттасқан едік.
– Зұлфұхар Сұлтанұлы, «Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп жатамыз. Әйткенмен, кеңес құрамын іріктеу төңірегіндегі дау толастар емес. Биыл да көптеген аймақта Қоғамдық кеңес мүшелігіне мемлекеттік органның өкілдері мен мемлекетке бағынысты мекеме басшылары көбірек кіргені туралы шу болды. Ал Астанадағы Қоғамдық кеңес құрамы қалай таңдалды?
– Иә, ондай әңгімелер болды. Бірақ осы сөз арқылы елдегі тұтас қоғамдық кеңестің атына кір келтіру дұрыс емес. Себебі Қоғамдық кеңестердің қызметі қоғам тарапынан жіті бақылауда. Қоғамдық кеңес мүшелері де өз кезегінде халықтың атынан сайланғаннан кейін «халық пен үкіметтің ортасындағы алтын көпір» болуға барынша талпынып жатыр. Сол себепті Қоғамдық кеңестің қызметі де, маңызы да күн артқан сайын өсіп келеді. Оның дәлелі сол, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы екі Жолдауында да Қоғамдық кеңес жұмысын жандандыру туралы атап өтті. Бір ай бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қоғамдық кеңестің үшінші мәжілісі өтті. Сол мәжіліске Президент Әкімшілігінен, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің өзі, қос палата депутаттары және еліміздің әр аймағынан 236 делегат қатысты. Олардың басым көпшілігі осы өңірлерде сайланған Қоғамдық кеңес төрағалары. Жиында Қоғамдық кеңестің жұмысын үйлестіру туралы түйткілді мәселелер және оның шешу жолдары қарастырылды.
Ал енді Астана қаласындағы Қоғамдық кеңеске келетін болсақ, бұл осымен үшінші шақырылымдағы елордалық кеңес. Оның құрамына азаматтық қоғамның, саяси партия мен бизнес құрылымның өкілдері де кірді. Бұл – бір жағынан. Екінші жағынан, осы соңғы құрылған Қоғамдық кеңесті қалыптастыру барысында қоғам тарапынан белсенділік жоғары болды. Конкурсқа 200-ден астам астаналық белсенді өтініш берген. Бір орынға 7 үміткерден тіркелді. Бұл дегеніміз елордалықтардың Астананың даму тіршілігіне деген жанашырлық танытуы деп түсінемін. Яғни, азаматтық жауапкершілігі деп қабылдауға болады. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің сапалы таңдалуына келетін болсақ, жалпы 31 адам іріктеліп алынды. Оның ішінде білім беру ұйымдарынан – 5, коммерциялық ұйымдардан – 8, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардан 18 адам мүшелікке алынды. Қарап отырсаңыз, азаматтық қоғам өкілдері көпшілік орынды алып отыр. Осылайша, бұрынғыға қарағанда Қоғамдық кеңестің құрамы 99 пайызға толығымен жаңарды. Олардың барлығы өз ісіне лайықты, абыройлы беделге ие, елорданың өміріне бейжай қарамайтын қоғамдық кеңестің тұлғалары. Мысалы, заң саласында жауапты қызметтерді атқарған, Мәжіліс депутаты ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді биік мінберде көтеріп, оның шешілуіне жұмыс істеген заңгер Ирак Елекеев бар. Қазір ол кісі елорда мен республиканың қоғамдық өміріне атсалысып жүрген адам. Кәрім Мұстафин ағамыз да бірнеше аймақта әкім болды, қазір Астананың саяси-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Айта берсе, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Сонымен қатар азаматтық қоғамның белсенді мүшелері Махаббат Еспенованы, Төлеген Қуанадиловты, Төлеген Шаңғытбайұлы сияқты ҮЕҰ мүшелерін айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, астаналық Қоғамдық кеңестің құрамы тек мемлекеттік қызметкерлерден тұрмайды. Рас, кейбір жерлерде «Мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі Қоғамдық кеңес мүшелігіне кіріп кеткен» деген секілді әңгімелер айтылып жүр. Мен өз өңірімізге ғана жауап берейін, бізде 31 адамның 18-і әртүрлі партия мен үкіметтік емес ұйым мүшелері. Біз өзіміздің үшінші шақырылымдағы қызметімізді 11 сәуірде бастадық. Алғашқы күннен бастап комиссия төралқасы мен төрағасын сайлап, комиссия құрамын бекіттік.
– Қоғамдық кеңес құрамында қандай комиссия жұмыс істейді?
– Кеңес құрамында бес комиссия жұмыс істейтін болды. Олардың әрқайсысының өз жауапкершілігі бар. Бірінші комиссия – ақпараттық талдау жұмысына жауап береді. Екінші комиссия бюджет және экономика, қаржы мәселелері жөнінде жұмыс істейді. Үшіншісі – әлеуметтік-саяси саладағы азаматтық мүддені білдіру мәселері бойынша, төртіншісі – кәсіпкерлікті дамыту, бесіншісі – заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, энергияның тиімділігі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, экологиядағы өзекті сұрақтардың жауабын іздеуге атсалысу міндеттеледі. Олардың барлығы қоғамдағы өте өзекті мәселелерді ескере отырып құрылған комиссия. Мысалы, осы салаға қатысты бір сұрақ қарастырылатын болса, ол әуелі Қоғамдық кеңестің жұмыс тобында жан-жақты қарастырылып, мемлекеттік органдарға сұраным жіберіледі. Қажет болған жағдайда көшпелі іс-шаралар өткізіліп, қоғамдық ой-пікірге мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар қарастырылатын мәселелерді толыққанды түсіну үшін өзге де іс-шаралар өткіземіз. Мәселен, биыл сәуір-қазан айларының аралығында елорданың әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, атқарушы органдардың есептерін және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді талқылаудан өткіздік. Осы аралықта біз 12 кездесу ұйымдастырып, күн тәртібінде 59 мәселені талқылаппыз. Оның ішінде 28 нормативтік-құқықтық актілер қаралды. Ал енді сіз сұраған ҮЕҰ-ға келетін болсақ, Астанадағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсарту дұрыс жолға қойылған. Қазір Астанада 4000-ға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Елордада «Белсенді азамат» деген ҮЕҰ бар. Оның төрағасы Гамаль Түзелбаев деген азамат. Біз олармен бірнеше рет семинар өткіздік. Олар бізге қоғам өкілдерінің қатысуымен қала өміріне мониторинг жүргізу, қоғамдық тыңдауларды қалай өткізу бойынша көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Сол себептен де айтарым, біз азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейміз. Айталық, Гамаль мырзаның иікелей бастамасымен жақында Ішкі істер министрлігі өкілдерімен мониторингті қалай жасау жайында ортақ кеңес өткіздік. Кеңесте бақылаудың сапасын арттыру туралы ұйымның ұсыныстарын өз қызметімізде басшылыққа алатын болдық. Сонымен қатар ардагерлермен бірге де бірнеше жұмыс атқардық. Әкімдікпен бірігіп ардагерлерге Үкімет тарапынан берілетін арнайы әлеуметтік көмекті де ұйымдастыру ұдайы қолға алынады. Одан бөлек, жастар ұйымдарымен де тікелей қарым-қатынас орнатып отырған жайымыз бар. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық белсенділігі әрқашан жоғары екенін айту керек. Оның жарқын мысалы ретінде маусым айында өткен жалпыхалықтық референдумда анық байқалды десе болады. Сол референдум кезінде үкіметтік емес ұйым мүшелері жоғары белсенділік танытты. Референдум кезінде Астана қаласы бойынша қоғамдық штаб құрылды. Соның жұмысын мен басқардым. Сол кезде үкіметтік емес ұйымдар бізге жоғары деңгейде көмек қолын соза білді. Бұл Президентіміздің Азаматтық қоғамды дамыту керек деген сөзінің дәлелі. Азаматтық сектор қазір өте белсенді, яғни азаматтық қоғамды дамытып, олардың әлеуетін пайдалану маңызды болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың пікірін ескере отырып, Қоғамдық кеңес жұмысын жандандыруды жолға қойып отырмыз.
– Дұрыс екен. Сіздерге азаматтық қоғам тарапынан айтылып жатқан өтініш көп пе?
– Астанамызда халық саны жыл артқан сайын өсіп келеді. Бұл – қуанатын жағдай. Десек те, саны өскен сайын қалада мәселелер де көбейетіні белгілі. Сондықтан да болар, Қоғамдық кеңеске келіп түсіп жатқан өтініш-талаптың дені құрылыс саласы және әлеуметтік нысандарды орналастыру бойынша болады. Осы сұраққа жауапты қаламызда үлкен мекеме бар. Ол «Астана генплан» деген. Ұйымның қаланы дамыту туралы бекіткен жоспары бар. Біз қазан айының басында ұйымның басшыларымен де кездесу өткіздік. Тұрғындар тарапынан бізге түскен әлеуметтік нысандарға қатысты сауалдарды жеткіздік. Олар да өз тарапынан халық үніне құлақ түріп, шағым-тілектерді ескеріп келеді. Мысалы, осының алдындағы кездесуде «Қаланың даму жоспары қалай дамып жатыр?» деген сауал төңірегінде тоқайластық. Өздеріңіз білесіздер, Астана елорда болғалы бері биыл 25 жыл толады. Сол кездегі елорда халқы 230 мың болған, ал қазір 1 млн 230 мың. Сонда халық саны 4 есе өсті. Қаланың Сәулет-құрылыс басқармасының өкілдерімен қараша айының аяғында тағы бір үлкен кездесу өткізетін болдық. Сол жерде үйлердің тығыз орналасуы мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу туралы мәселелер тағы бір пысықталатын болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, елорда – өсіп келе жатқан тірі организм іспетті. Сол себепті халық саны өсіп, тұрғын үй көбейген сайын әлеуметтік нысандардың да жетіспеушілігі болатыны түсінікті. Ол жағынан жергілікті билік қоғамдық кеңеспен бірігіп жүйелі жоспарлы жұмыс атқаруда. Сонымен бірге қала халқын мазалайтын бір сұрақ – ол медициналық қызмет көрсету саласы. Қазан айының 28-ші жұлдызында астаналықтарға медициналық көмек ұсыну туралы тыңдалым өткізіп, сол жерде медицинаны барлық адамға қолжетімді ету, медициналық орталықтарды әлі де болса көбейтуді күн тәртібіне шығардық. Осыған қатысты бірқатар ұсынысымызды да бердік. Бұрынғы емханалар мен ауруханалардың дені ескі үлгіде салынған. Оларды қанша жөндеуден өткізсек те, қазіргі талап үдесінен шықпайды. Сондықтан да біз басқарма басшыларына жаңадан салынып жатқан құрылыстардың бірінші қабатына «Үйдің жанындағы дәрігер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін дәрігерлік амбулаториялық орталық ашу туралы ұсыныс бердік. Мектептерде де сондай. Ескі үлгідегі мектептердің орнына заманауи жаңа білім ошақтарын салу маңызды. «Ыңғайлы мектеп» бағдарламасына сәйкес, қазіргі салынатын мектептер де бір мезгілде 3000-4000 оқушы қабылдауға қауқарлы болуы тиістігі ескеріліп отыр. Осы айда да қаланың бас жоспары туралы жиында Сәулет және құрылыс басқармасының өкілдеріне осы туралы ойымызды жеткіземіз. Тұрғындар тарапынан хаттар келіп жатыр. Олардың барлығына тікелей бақылау жасап отырмыз. Жекеленген адамдар да арыз-шағымдарын айтып жатыр. Мысалы, қаланы жасыл желектендіру жайлы көп сұрақ келіп жатады. Соған сәйкес, қаланы жасыл желекке айналдыруда атқарылып жатқан іс те көп. Жасыл желекті суару, күтіп-баптау туралы арнайы ұсыныстарымызды да жеткіздік. Тағы бір мәселе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру туралы өтініш көп келеді. Бұл бойынша құрылған жұмыс тобы ай сайын Кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірге қаладағы үлкен сауда орталықтарына барып, дүкендерді тексеріп шықтық. Сонда байқағанымыз, кейбір ірі сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы ақпараттық тақтайша ілмеген, кейбір дүкендердегі тауарлар шекті бағадан асыра көрсетілген. Алайда ескертпелерге құлақ асқан кәсіпкерлер бар. Мысалы, бірінші барғанда тақтайша орнатпаған, әлеуметтік маңызы бар тауарларға өз бетінше баға белгілегендер екінші тексерістен нәтиже шығарғанын көрдік. Бұл мәселе назарымызда тұр.
Бұдан бөлек, биыл Астана қаласында 4 үлкен емханада күрделі жөндеу өтті. Осыған байланысты кейбір тұрғындар кезек көбейгенін айтып арызданған. Сондай қиындыққа қарамастан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өз деңгейінде жұмыс істеп отыр. Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмектің бағасы көтеріліп кеткеніне шағымданып жатқандар да кездеседі. Бірақ біз оны қатаң бақылауға ала алмаймыз. Оның бағасын нарық жоспарлайды. Мемлекет басшысы биылғы жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында «Мемлекет тарапынан бағаны реттей беретін болсақ, нарықтық қатынастың заңдылығын бұзамыз» деген болатын. Шындығында да, бағаны тұрақтандырамыз деп кәсіпкерлікті қолдауды әлсіретіп алуымыз мүмкін. Осы жағынан келгенде бірқатар ұсыныс бар. Кейбіреуін ретке келтіруге болады, сондай-ақ ретке келтіруге де келмейтін тұстары бар.
– Астанадағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі туралы айттыңыз. Олардың тарапынан айтылған нақты ұсыныстар бар ма?
– Өте көп ұсыныс болады. Мысалы, біздің Қоғамдық кеңестің екі мүшесі президенттікке үміткер Қарақат Әбден мен Салтанат Тұрысбек тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді. Салтанат Тұрысбек Қоғамдық кеңесте де, сайлауалды бағдарламасында да орталықтардың жұмысы туралы мәселені көтеріп келеді. Бұл саланы назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Екінші Қарақат Әбден де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әртүрлі ұсынысын жеткізген болатын.
Бізге дейінгі Қоғамдық кеңестердің ұсынысымен ашылған «Жанұя орталығы» қиыншылыққа тап болған адамдарға қол ұшын созып, жұмыспен қамту бойынша да жұмыстар атқарып жатыр. Олардың тарапынан айтылып жатқан талап-тілектер назардан тыс қалып отырған жоқ. Бір нәрсені білу керек, Қоғамдық кеңес тек ұсыныс айта алады. Бірақ олардың жұмысына тікелей араласа алмаймыз. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің ережесінде де айтылған. «Қоғамдық кеңес туралы» заңда да айтылған. Дегенмен біздің тараптан айтылған ұсыныстардың жол үстінде қалғаны өте сирек.
– Азаматтық қоғамның үні жарқын-жарқын естіледі дейсіз ғой...
– Әрине, соңғы жылдары азаматтық қоғамның белсенділігі артты. Қоғамның кез келген саласына қатысты ой-пікірді еркін жеткізе алатын жағдайға жеттік. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру туралы бастамасының өзі азаматтық қоғамға айрықша маңыз бергені деп білемін. Қоғамдағы көптеген мәселені шешуде азаматтық қоғамның мойнына артылар жүк көп. Мысалы, елдегі түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылық қылмыстарды жасырып қалу жағдайларын әшкерелеуде, жалпы алғанда қоршаған ортаны ластау, денсаулық сақтау, білім беру жүйесі, құқық қорғау саласындағы әділетсіздіктерге қатысты келеңсіздіктер көтеріліп, оның шешілуіне барынша ықпал етіп отыр. Бұл «Мемлекетте заң үстемдігін орнататын әділ сот төрелігін орнатанын қоғам құрамыз» деген Мемлекет басшысының сөзі орындалып отырғанының көрінісі. Ал оны орындатуда азаматтық қоғамның да үлесі зор. Бұл орайда Қоғамдық кеңес те өз қызметінде біраз шара атқарып отыр. Астана қаласындағы газдандыру мәселесінде де Қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы көп. Қысқы дайындық жұмыстарында кеңес мүшелері көзге көрінбейтін көптеген жұмысты атқарды. Халықтың талап-тілегін әкімдікке жеткізіп, ағымдағы мәселенің шешілуіне септігімізді тигізе алсақ еңбегіміз еш кетпегені. Осы орайда Қоғамдық кеңес «халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деген атына лайықты деңгейде жұмыс істеп келеді.
– Халық үніне құлақ асуды әдетке айналдыра бастағанымызды айтқыңыз келе ме?
– Әлбетте. Рас, «Халық» деген сөз Алла тағаланың 99 көркем атының бірі. Сондықтан да дана халқымызда «Халықтан үлкен емессің» деген қанатты сөз бар. Біз бірге халық және билік бірігіп, ақылдасып, түйткілді мәселелерді шешуде парасаттылық танытып отырсақ, Президентіміз айтқан Әділетті қоғам құрамыз. Сол үшін де сөзіміздің басында айтқан «Алтын көпір» болу жолында аянбай еңбек ете береміз.
– Әңгімеңізге рақмет!