Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент халықпен жүздесуінде «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанатынын айтып, облыстың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мәселеге тоқталды. Ең алдымен, облыс экономикасын әртараптандыру қажет екенін атап өтті.
– Осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі. Сондай-ақ инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан түрлі амал-тәсілдер қарастырылған. Басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Олар инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар бірнеше мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған жобалар өңірдің экономикасын әртараптандыру үшін өте маңызды. Үкімет және әкімдік инвесторлармен бірлесіп олардың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.Президент мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе екенін айтты. Қазір еліміз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүр. Осыған орай «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеу қажет екенін ескертіп, Үкіметке тапсырма жүктеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы облыстағы балық шаруашылығын дамыту мәселесіне назар аударды. Өңірде балық өңдеу және одан дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Әйтсе де, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шара қабылдау қажет.
– Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай етіп жаңғырту керек. Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып тұр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына да кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
– Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан Үкімет пен облыс әкімдігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға баса назар аударуы қажет. Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. Астрахань – Маңғыстау су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге тоқталды. Президенттің айтуынша, облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады. Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеуде. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Кей мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Мемлекет басшысының айтуынша, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Сондай-ақ облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін де пысықтаған абзал. Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс келер жылы басталуы тиіс.
– Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін. Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймақтардың жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің пікірінше, Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Он жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілген жоқ. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандардың құрылысын біржола шешуге тиіс. Мемлекет басшысы Атырау өңірінің экологиялық ахуалына арнайы тоқталды. Әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін сынға алды. Сонымен қатар облыстағы алпауыт өндірістер орындары, әсіресе мұнай-газ компаниялары экология талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті. Президент мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы дамыту қажет екенін тілге тиек етті. Өңірде экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін көбі біле бермейді. Ал Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға болады.