Жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жұмыссыздықты азайту және тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр. Соның бірі елорда халқы үшін тұрақты түрде ұйымдастырылатын жәрмеңке. Апта басында қала әкімдігі «Жастар» сарайында жұмыссыздарға арналған жалпы қалалық бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы көп болды. Осы жолы да жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнатып, жұмыссыздар санын азайтуға бағытталып отыр. Өйткені Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту мен тұрақты табысын сақтау абсолютті басымдық болуы керегін тұрақты айтып келеді. Жұмыс іздеп келушілер өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерделеуге мүмкіндік алғанын айтады. Қаланың әр бұрышына аяқтан сандалмай бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге мүмкіндік алғандарына дән риза. Мысалы, елорда тұрғыны Азат (аты өзгертіп берілді) жәрмеңке туралы әлеуметтік желіден естіп-білген. Жұмыс іздеп жүрген ол үшін мұндай шара «іздегенге сұраған» болғанын айтады. «Жарнамасын Instagram-нан көріп қалдым. Көптен бері өзіме ыңғайлы, айлығы жақсы, тұрақты жұмыс іздеп жүрген едім. Бүгін өзімнің көңілімнен шығатын бірқатар бос жұмыс орнына анкета толтырып қалдырдым. Жұмыс үйіме жақын болса, тіпті жақсы болады. Ондай мүмкіндіктер де бар екен. Сондай 3-4 жұмыс орындарының байланыс нөмірлерін алдым. Ертең хабарласып, сынақ мерзімінен өтсем, ары қарай жұмыс берушілерге де, өзіме де ұнап жатса, тұрақты жұмысқа кіремін деген ойдамын. Сынақ мерзімі де ұзақ емес. Үш күн істеген соң қабілетіңе қарай қабылдайды екен. Жалақысы да көңілімнен шықты. Айтпақшы, қалада Жұмыспен қамту орталығы барын білмеппін. Бүгін ол туралы да ақпарат алдым. Жұмыссыз жүрген өзім секілді адамдарға айта жүретін болдым», – деп ағынан жарылды Азат. Сондай-ақ белгілі бір мамандығы бола тұра екі қолға бір күрек таппай жүрген Әлия Әскербекқызының мамандығы мұғалім. Жәрмеңкеге сіңлісімен бірге келген ол қаладағы білім беру орталығы ұсынған жұмыстарды қарастыратынын айтты. Ал сіңлісі колледжде білім алатын болғандықтан, оқуына кедергісін келтірмейтін бос жұмыс орнын қарастырып жүрген көрінеді. Оның айтуынша, осыған дейін өткізілген жәрмеңке арқылы жұмысқа да тұрыпты. Бірақ қонысын ауыстырған соң жаяу барып келетін жаңа жұмыс орнын қарастырып жүр екен. «Бұған дейін жазғы демалыста «Фолиант» баспа үйіне ораушы болып жұмысқа кірдім. Айлығым да өзіме ұнайтын. Алайда жаңа қоныс алған соң ол жұмысқа барып-келу қиындады, мүмкіндік болса үйіме жақын жерден жұмыс қарастырып жүрмін. Бүгін де жақсы ұсыныстар айтылды. Алдағы уақытта 1-2-не хабарласып, сұхбаттасуға баруды ойлап тұрмын», – дейді Әлияның сіңлісі. Жәрмеңкені ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыс берушілер тарапынан ұсынылып жатқан лауазымдар да әртүрлі. Бірқатар сала бойынша әртүрлі айлық көлемі де белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығатындай бірнеше нұсқа ұсынылыпты. Мысалы, кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерге арналған тасымалдау қызметі тегін екенін, кейбір жекеменшік компаниялар жұмысшылардың түскі асын өз қалтасынан төлейтінін айтады. Одан бөлек, қабілет-қарымына байланысты қызметтік өсуге де мүмкіндіктер қарастырылып, жалақы мөлшері жұмысшылардың тәжірибесіне қарай арта береді. Сондай-ақ жұмыс берушілердің дені жоғары білімді ғана талап етпейді. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс ұсынып отырғандар көп. Мәселен, «Қазпошта» акционерлік қоғамының Астана бөлімшесінің меңгерушісі Айнаш Жеңісқызы байланыс операторы, жүргізушілер, пошташы, сұрыптаушылыққа орта білімнің өзі жеткілікті екенін жеткізді. «Бос жұмыс орындары туралы сұрап жатқандар көп. Бұған дейінгі жәрмеңкеден кейін келіп байланыс операторлығына, жүргізушілікке келіп орналасып жатқандар бар. Бірақ алдыңғы жәрмеңкелерден қарағанда бұл жолы адам аз. Соның өзінде осы екі сағаттың ішінде бірнеше қала тұрғыны байланыс нөмірлерін қалдырып кетті. Біздегі жалақы мөлшері жаман емес. Байланыс операторлары 143 мыңнан жоғары алады. Ең бастысы, тұрақты айлық алуға мүмкіндік бар. Әлеуметтік пакетіміз де қарастырылады. Бізге жұмыс іздеп келетіндердің көбі мұғалім, туризм, менеджмент мамандығы бойынша бітірген жас қыздар. Алайда біз жоғары білімді талап етпейміз. Екі апта сынақ мерзімінен өтсе, 11-сыныптан кейін де байланыс операторлығына жұмысқа қабылдай береміз. Айта кетерлігі, келушілер байланыс операторы телефонмен жұмыс істейтін қызмет деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл телефон емес, банктегі кассирлер секілді жұмыс істейді. Тек айырмашылығы, пошталық қызмет бойынша клиенттерге қызмет көрсетеді», – дейді ол. Қалалық әкімдік жыл сайын осындай 10-ға жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Әр жәрмеңкеде 50-ден аса жұмыс беруші қатысу қалыпты үрдіске айналып та үлгерді. Бұл – жұмыссыз жастар үшін жақсы мүмкіндік. Ал жұмыс берушілерге білікті маман таңдап, тұрақты жұмысшылардың қатарын толықтыру үшін қажет. Бұл ғана емес, кейбір жұмыс беруші компаниялар жастардың өз мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға да жақсы ұсыныстар жасайды. Электроника саласында өнім әзірлейтін жекеменшік компания техника саласы бойынша жұмысқа қабылданғандарды алғашқы тәжірибе жинақтау үшін де өздеріне келетіндер көп екенін айтады. Себебі техника тілін меңгеріп алған соң ары қарай өздері қалаған жақсы қызметтерге алынып, не болмаса халықаралық компанияларға да баруға болады екен. Айлық көлемі де жаман емес. Алғаш жұмысқа кіргендерге 200 мың теңгеден бастап айлық ұсынылады. Аптасына бес күн істеп, екі күн демалатын, түскі асы компания есебінен төленетін компанияға жұмысқа тұруға қызығушылық танытқандар қатары да көп көрінеді. Ал Астанадағы аутизмі бар балаларға арналған Коррекциялық орталықтың әкімшісі Айгүл Назарова: «Бүгін жұмыс іздеп келушілер өте аз болды. Осының алдында ұйымдастырылған жәрмеңкеге келушілер өте көп еді. Коррекциялық орталық аутизмі бар балаларға арналған. Жақында сол жағалауда да орталық ашайын деп жатырмыз. Сол орталыққа қажетті мамандықтарды іздестіріп жатырмыз. Оның ішінде педагогтер, әлеуметтік педагогтер, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлер, артерапевттерге арналған бос жұмыс орындары бар. Сол үшін бізге келетін қызметкерлердің арнайы білімі болуы маңызды. Өйткені біздің жұмыс денсаулығында ауытқуы бар балалармен жұмыс істейді. Соған қарамастан қызығушылық танытып, анкета толтырып тастап кеткендер баршылық. Өткен жолы да 20 шақты адам келді. Өкінішке қарай, кейбір жұмыс іздеушілер байланыс нөмірін тастап кетіп, артынан телефон қоңырауын көтермейді. Негізі, жұмыс істегісі келген адамның өзі қайта-қайта қоңырау шалуға асығу керек. Дегенмен жұмысқа деген ықыласы жоғары жандар да көп», – дейді Айгүл Назарова. «Ұлттық Ұлан» 5573 әскери бөлімінің кадр бастығының аға көмекшісі подполковник Ғани Жұмағалиұлы жұмыс іздеушілерге 100-ден астам бос орын ұсынып отыр. Қазір бөлімшеге ең қажетті мамандықтарға медицина қызметкерлері, бөлімше командирі, әскери күзет бастықтары кіреді. Сондай-ақ келушілердің жасына да шектеу бар. Әскери қызмет сапына келетіндердің жас аралығы 35-38-ге дейінгі аралықта болуы маңызды. «Мерзімді әскери қызметкерлер де керек. Ал жалақы сұхбаттасу барысында айтылады. Айлықтары 100 мыңнан басталады. Бұдан бөлек, жалдамалы пәтердің ақысы адам басына 62 мыңнан төленеді. Одан бөлек, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. 30 күні еңбек демалысы тұрақты беріледі, медициналық жағынан қамтамасыз етіледі. Жәрмеңкеге үшінші рет қатысып жатырмыз, нәтиже бар. Алдыңғы жәрмеңкеден кейін бос орындарға келіп қызметке орналасып жатқан адам көп. Бүгін де 20-дан астам адам келді. Бес адам байланыс нөмірлерін тастап кетті. Қалғандары өздеріне қажетті ақпаратты алды. Балаларына жұмыс іздеп жүрген ата-аналар да келіп жатыр», – дейді ол. Бірыңғай консолидацияланған орталықтың кадр бөлімі маманы Ақтоты Есенгелдиева да компанияларына қажетті жұмысшыларға ұсынылатын бос жұмыс орны көп екенін айтып отыр. Мысалы, өндіріс операторларына біліктілік пен жұмыс өтілі болуы талап етілмейді. «Бүгін 20-25 адам келді. Оның ішінде 2-3 адам мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 11-і пробациядағы адамдар. Біз олардың барлығын қарастырып жатырмыз. Ертең оларды сұхбаттасуға шақырамыз. Жұмысшыларды тасымалдау тегін. Тамақтанудың 50 пайызын компания төлейді. Уақытылы жәрдемақы қарастырылады. Айлығымыз 200 мыңнан басталып 350-ге дейін барады. Зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыруы да жүреді», – дейді орталық маманы. Қарап отырсақ, жұмыс істегісі келетіндердің қалауы бойынша қарастырылатын бос жұмыс орындары жетерлік. Сол үшін қалалық әкімдік жұмыссыз жүрген жас мамандар мен кәсіптік білімі жоқ тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жұмыс беруші мекемелердің қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеушілердің қалауына сай кәсіп табуына зор мүмкіндік. Ең бастысы, қалауын тапса, қар жанатынын білсе болғаны.