Қазақстан онлайн қызмет бойынша БҰҰ рейтингінде 8-орында тұр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
«Басшылардың, жұмыскерлердің, бағдарламашылардың, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандардың кейінгі жылдағы тиянақты жұмысының арқасында Қазақстан БҰҰ ретингінде Электронды үкіметті дамыту индексі бойынша биыл 28-орынға шықты. Былтыр 29-орында едік. Биыл сол динамиканы сақтай отырып, 28-орынға көтерілдік. Ал онлайн қызметтер субиндексі бойынша әлемде 193 мемлекеттің арасында 8-орында тұрмыз. Яғни, біз электронды қалыптағы қызметтердің көрсеткіші бойынша әлемнің үздік ондығына кіреміз», – деді ол Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада.Сондай-ақ ол Қазақстан тарихында цифрландырудың жаңа дәуірі туғанын атап өтті.
«Бұл жұмысқа бәрінің қатысы бар. Тіпті, қазір бизнесте жүрген сала мамандарының да үлесі бар. Банк саласы мен қаржылық технология құралдары арқылы жеке сектордағы цифрлық платформалармен үндестікте дамудың тың бағытын тапқаннан бері, қолдағы BigData-да жұмыс істеу мүмкіндігін ашқан кезден бастап бізде дамудың жаңа дәуірі басталды деп ойлаймын», – деді Бағдат Мусин.