Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының маңындағы елді мекендердің тұрмыс жағдайымен және құрылысы жанданған ғимараттардың жұмысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Жаңақоныс-2 тұрғын алабында болды. Бұл маңнан облыс тұрғындарына мыңнан астам жер телімі берілген. Бүгінде 700-ге жуық үй салынған елді мекен барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Облыс әкімі 2023 жылы құрылысы басталатын 600 орындық мектептің аумағын көрді. Білім ордасының жанына балабақша салу да жоспарда бар. Қазір аталған елді мекенде тұратын оқушылар арнайы мектеп автобусымен тасымалданады. Ералы Тоғжанов қала әкімдігі мен тиісті мекеме басшыларына елді мекенде өз мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.
«Жалға алу мерзімін ұзартудың жаңа ережелерін бекіту керек. Жер телімін алған тұрғындар не үй салуға кірісу керек, не мемлекетке қайтаруы керек. Берілген жер бос жатпауы керек. Босаған учаскелерді кәсіпкерлік нысандары немесе саябақ аумағы ретінде пайдалануға болады», – деді Ералы Тоғжанов.Бұған дейін облыс әкімінің қабылдауына келген «Батыс-2» шағынауданының тұрғындары «Миллениум» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселелерді айтқан болатын. Атап айтқанда, мердігерлер құрылыс жұмысын уақытынан кешіктірген. Ералы Тоғжанов мән-жайды көру үшін тұрғын үй кешеніне барып, пәтер иелерімен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлі жылу келмегенін айтты. Облыс әкімі бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, аталған кешенді ерекше бақылауына алды. Ол кешенге жылу берілгеніне және барлық кемшіліктің жойылғанына көз жеткізді. Орындаушы компания қалған жұмысты екі апта ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Ауызсумен қамту мәселесі Бауырлар-3 және Шилісай тұрғын үй алабының тұрғындары үшін әлі де өзекті. Бауырластар-3 тұрғын үй алабында мыңнан астам жер учаскесі пайдалануға берілген, алайда тек 200-ден астам үй бой көтерген. Келер жылы мұнда 600 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Егер ауызсу мәселесі оң шешімін тапса, халық жеке тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізуге дайын. Бұл мәселе тұрғындармен есеп беру кездесулерінде де, әлеуметтік желілерде де бірнеше рет көтерілді. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының әкімі қысқа мерзім ішінде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп және жобаның мемлекеттік сараптамасын аяқтауға тиіс. Шилісай тұрғын үй алабында 1200 учаскенің тек 50-60-да ғана жеке тұрғын үй тұрғызылған. Қалаға қарасты екі елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд теңге бөлінеді.
«Бұл біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта ERG компаниясымен бірлесіп атқаруды жоспарлап отырған ірі жобалардың бір бөлігі ғана. Облыстың гүлденуіне қосқан үлесі үшін Александр Машкевичке және компанияның Ақтөбедегі кәсіпорындарының барлық қызметкеріне алғыс айтамын. Өңір тұрғындарына жайлы демалыс орнын құру, қаланы абаттандыру жұмысы жалғаса береді», – деп атап өтті облыс әкімі.Қайта жаңартылған Жеңіс аллеясы тұрғындардың тынығуына қолайлы етіп жасалған. Кіреберісі қайта салынып, суару және жаңа жарықтандыру жүйесі автоматтандырылған, шағын архитектуралық нысандар, орындықтар мен шахмат ойнайтын үстелдер, қоқыс жәшіктері орнатылды. Жобадағы жұмыстың 80 пайызы орындалды. 2023 жылы мұнда көгал егіліп, ағаштар мен бұталардың жаңа түрлері – бөріқарақат, шетен, шырша отырғызылады. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңдар мен кардиотренажерлер орнатылады, ал қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары қойылады. Жеңіс аллеясын қайта жаңарту 2021 жылы басталған Тұрғындар қалашығын абаттандыру жобасының жалғасы. Жоба аясында былтырдан бері 46 үйдің қасбеті мен шатыры жаңартылды. Төрт үй әлі де жөнделуде. Мұндай ауқымды шара ERG құрамына кіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылысшылары мен жұмысшылары тұратын ауданда 70 жылдан бері алғаш рет жүргізіліп отыр. Соңғы 10 жылда Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумдар аясында Еуразиялық топтың инвестициялар көлемі шамамен 16 млрд теңге болды.