Редакцияның тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында болып, тұрғындардың қал-жағдайын біліп, сөйлесіп қайттық. Ауданның табиғаты бай және ерекше. Бұл жерлердің айрықша көрінісі – ғасырлық Тайга орманымен көмкерілген биік Алтай таулары, ағаштар, таза ауа, қорықтар. Мұндағы өмір бір орында тұрмайды, аудан қарқынды дамып келеді. Өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, кенттер мен ауылдар дамып, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасалып келеді.
– Бүгін біз өзімізге берілген байлықты сақтап қалуға тырысудамыз және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша көңіл бөлудеміз, – дейді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов. – Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сұраныстарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, сондықтан біз өз жұмысымызды азаматтармен кездесулерде, әлеуметтік желілерде және қабылдауларда айтылған сұрақтары мен ұсыныстары негізінде атқарудамыз.Дәл осы ұсыныстар жергілікті атқарушы органдардың 2022 жылғы жұмысының негізі болды. Ағымдағы жылдың тоғыз айында аудандық маңызы бар «Глубокое – Белоусовка» – 7,3 км, «Предгорное – Верхнеберезовский» – 5,1 км автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізілді, 8 елді мекеннің көшелеріне орташа жөндеу, 10 елді мекеннің көшелеріне ағымдағы жөндеу (қиыршық тас төгу, шұңқырлы жерлерді жөндеу) және Черемшанка ауылындағы үш жаяу жүргіншілер көпіріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Белоусовка кентінде екі көпір салынды, 4 елді мекенде 1 400 жарық нүктесі орнатылды және 15 елді мекенде көше жарығына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Каменный Карьер ауылында халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін блок-модульдік станция орнатылды, оны баптау жүргізілуде. Кожохово, Опытное поле және Секисовка ауылдарындағы қолданыстағы сумен жабдықтау желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғастырылуда. Ауылдарды абаттандыру бағдарламасы аясында екі балалар спорт алаңы, 16 балалар алаңы, бір спорт алаңы-воркаут, жағажай волейболына арналған екі алаң салынды. Черемшанка ауылында хоккей-футбол алаңына ағымдағы жөндеу жүргізілді. «Менің аулам» жобасын іске асыру басталды. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 2021-2022 жылдары 40 отбасы осы бағдарлама бойынша баспана алды. «Дипломмен ауылға!» бойынша көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беріліп отыр. Ағымдағы жылы барлығы 31 ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу, реконструкциялау, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы даму жоспарлары шеңберінде барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 120-дан астам жобаны іске асыруға 2,9 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. «Отбасы банк» АҚ салымшылары болып табылатын жергілікті атқарушы органның кезекте тұрғандары үшін 60 пәтерлі әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Пайдалануға беру 2023 жылы жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлеріне арналған 20 үй салынады. Глубокое кентінде жаңа жылыту маусымына дайындық аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен 143,4 млн теңгеге қолданыстағы қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 23 мың тонна көмір сатып алынды. Ауыл шаруашылығын дамытуға келетін болсақ, ағымдағы жылы жалпы егін жинау алаңы 103,8 мың гектарды құрайды. Глубокое ауданының табысты салаларының бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Сондықтан ауыл шаруашылығы тек аудан ғана емес, ел экономикасының драйвері болып табылады. Биыл аграршылар орташа өнімділігі 25,8 ц/га болатын 61,7 мың гектар дәнді және бұршақты дақылдар жинады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жалпы жинау болжамы 159,6 мың тоннаны құрайды. Жаңа егін жинау үшін аудан шаруашылықтарында әртүрлі қуаттылықтағы 29 механикаландырылған ток бар.
М.ХАҚНАЗАР