Үш жыл бұрын Үкімет үкілеп «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына жан бітіргені белгілі. Пилоттық жобаға жалпы 9,2 миллиард теңге бөлініп, 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекен тұрғындары несиелендірілді дегенімен, жобаның пайдасынан пиары көп болды дейтіндер аз болмады. Десе де, бүгінге дейін 2 478 тұрғын мен 11 ауыл шаруашылығы кооперативі тірлігін тіктеді. Келер жылы тағы 10 ауылдық округте жұмыс жанданады деп күтілуде. Жобаға енген ауылдардың саны артқанымен, бұқараға берері қандай? Тағы 10 ауылдық округ жобаға енді Жалпы, бұл жобаның басты тиімділігі 2,5 пайызбен несие берілетіні. Сондай-ақ шаруа бір жылға берешегін төлеуден босатылып, етек-жеңін жинауға мүмкіндік қарастырылған. Содан болар, жобаның бірінші кезеңінде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артып, жұмыссыздар саны 194 адамға қысқарған. 589 жаңа жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасына немесе 65 пайызға кеміген. Нәтижесінде, Үкімет 1 039,0 миллион теңге үнемдеген. Жобаға қатысушылардың орташа айлығы 44 мыңнан 73 мың теңгеге көтерілсе, 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайды деп межеленді. Баянды бастаманың жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған 3,1 миллиард теңге несие қаражатынан тағы 253 жоба іске асырылып, 3 ауылдық округ қосымша пилоттық жобаға енгізілді. Енді өңірде қалған 139 ауыл тұрғындары жобаның шарапатын сезінуі үшін 75,5 миллиард теңге қажет етуде. Бұл сомаға 630,3 мың тұрғыны бар 139 ауылдық округтегі 109 777 аула қамтылады деп күтілуде. Ал жоспардың жүзеге асуының алғы шарты ретінде келер жылы 20 ауыл бірдей жобаға енбек. Әр ауданнан екі ауылдан таңдалып алынса, 3 631 жоба іске асады. Ол үшін 11,5 миллиард теңге бөлу көзделген. Нәтижесінде, 2023 жылы 25 мыңнан аса жаңа кәсіпкер тіркеліп, 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 16 мың адамға қысқарады. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс пен бақша дақылдары өндірілмек. Сондай-ақ 231 мың ет пен сүт, 798 мың тонна дәнді дақылдар мен мал азығы дайындалады. Міне, осылайша келер жылы жобаның тағы тынысы мен көкжиегі кеңейе түспек. Әкімдер сыннан сабақ шығарды ма? Әрине, бәрі жоспардағыдай жүзеге асса құба-құп. Алайда бірінші кезеңде «бауын тапса, байлауын таппаған» тірлік көп болғаны жасырын емес. Мәселен, 2020 жылы 10,3 мың гектар жерден 20,7 мың тонна мал азығы жиналса, 2021 жылы 7,4 мың гектардан бар-жоғы 3,2 мың тонна жем дайындалған. Көрсеткіштің бұлайша құлдырауын шенділер құрғақшылықпен байланыстырғанымен, мәселе мүлде басқада болып шықты. Атап айтсақ, кооперативтерді егістік жермен қамту туралы аудан әкімдеріне тапсырма берілгенімен, дені оны орындауға құлық танытпаған. Жоспар бойынша 10,5 мың гектар егістік жер бөлу қажет болса, шаруаларға соның тек 1 395 гектары берілген. Жуалы, Талас, Меркі, Сарысу, Шу аудандары ғана тапсырманы тиянақты орындауға тырысса, қалғандары межелі міндетке мұрын шүйіре қараған. Дәл сондай жайылым жер бөліп беруге Жуалы, Мойынқұм мен Сарысу аудандары ғана ниет танытса, өзге аудандар «өзім білемге» салған. Тағы бір айта кетерлігі, құрылған кооперативтерге 356,1 миллион теңге айналым қаражаты берілсе, олар осы қаржының 124,5 миллион теңгесін ғана кері қайтара алған. Құрғақшылықты желеу еткен кооперативтер қалған 231,6 миллион теңгені қайтару үшін тағы 2 жыл сұрап отыр. Осы сияқты кежегесі кейін тартқан тірлік баршылық. Оны біз айтпасақ та, аудан әкімдері мойындап отыр. Өткен аптадан олардың дені аймақ басшысының сынына қалып, бір-бір «сөгістен» сыбағасын алып қайтқан. Енді аудан әкімдері одан қандай сабақ шығарарын уақыт көрсетеді.
P.S. Айтпақшы, Премьер-Министрдің экс-орынбасары Ералы Тоғжановтың мамыр айында Жамбыл облысына келген жұмыс сапары кезінде «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» жобасын барлық аймақта жүзеге асыру шешілгендей болған. Тіпті, экс-шенеунік өзге өңір әкімдерінің орынбасарын ерте келіп, «жамбылдықтардан үйреніңдер» дегендей тапсырма берген. Алайда Үкімет басшысының бұрынғы орынбасары қызметінен кеткеннен кейін бе, әлде басқа да себеп болды ма, әйтеуір айтылған нәрсе – айтылған жерінде қалды. Әрине, даңғыра қағып, жобаны жыл сайын жар салып, жарнамалауға болады. Алайда жауаптылар бұқараға ең бастысы пилоттық жобаның пиары емес, пайдасы қажет екенін жіті түсінсе екен дейміз.
Жамбыл облысы