2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны – 19 млн 691,9 мың адам, оның ішінде қалалықтар – 12 млн 151,7 мың (61,7%) болса, ауылдықтар – 7 млн 540,2 мың адам (38,3%). 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 188,7 мың адамға немесе 1%-ға өсті. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда (201,2 мың адам) 1,6%-ға кеміп, 198 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті – 1000 адамға шаққанда 13,49 адам. АХАТ мәліметтеріне сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 299,7 мың сәби дүниеге келді, бұл былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,5%-ға аз (338,8 мың адам). Қарастырылып отырған кезеңде 101,7 мың адам қайтыс болды, бұл 2021 жылдың алғашқы тоғыз айына қарағанда 26,1%-ға аз (137,6 мың адам). Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында республикада 1 жасқа дейінгі 2 453 нәресте шетінеген және былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2 682 шетінеген нәресте) көрсеткіш 8,5%-ға кеміді. Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте елімізге тұрғылықты тұруға 10 995 адам келді. Ал елімізден 20 341 адам кетті, көші-қон айырымы – 9 346 адам. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі тиісінше 84,4% және 84,8%. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 0,7%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде – Алматы (27 741 адам), Астана (26 676 адам) және Шымкент (2 251 адам) қалаларында байқалды.
Б.ИКРАМОВА